jasqazaq.kz

Ауылбасы мен апайы…

26 ақпан 2022, 12:08

Бір күні «Ой-жыра» ауылына ұзыны мен көлденеңі бірдей бұжыр бет қара қазақ жігіт ақ аутомәшінмен келе қалып: «Мен облыс әкімінің бірінші орынбасарымын» деп аты-жөнін айтпай-ақ танысып, жұртты әкім кеңсесінің алдына жинатып алып: «Құрметті ойжыралықтар, облыс әкімі Саржал Тары мырзаның бұйрығы бойынша, бұрынғы әкімдерің басқа ауданға жіберіліп, оның орнына енді мына Жайұлтан Айпараұлы мырза, өздеріңнің кәсіподақ ұйымдарыңның бастығы, бүгіннен бастап ауыл әкімі болады» деп өсіріп кеткеніне апта толғанда Жайекең күрт қимыл жасады. Ауылдың тайлы-таяқтысын ауылдық бастауыш мектептің ауласына иіріп алды да, ойқастап ортаға шығып, жан-жағына қарап, құшырлана жөткірініп:
– Осы біз азайып қалғаннан саумыз ба? – деді.
– Сау емеспіз, – деді қой күзетуші Жапақ.
– Азайдық. Жұмыссыз қалған жастарымыз қалаларды жағалап кетті емес пе, әкім мырза? – деді ұста Төкеш. Жайұлтан оң қолын оқыс сілтеп қалып:
– Мені бұдан былай «Ауылбасы» деңдер, – деді, нығыта, салқын сөйлеп.
– Ә, мақұл. Ауылбасы, ауданбасы, облысбасы, елбасы, тағы ненің басы, еріктерің, бола беріңдер, бізге бәрібірсіңдер, – деп дүкенші Шөпік мырс етті.
– Шын-ау!
– Е, мейлі!
– Зейнетақымызды бұдан былай уақытында беріп тұрсаңдар болды, – деді ауылдың ақсақалы Ыбырай.
Жиналғандар «ә» десіп, «жә» десіп, «мә» десіп, түкірініп тарасты.
Жайұлтан Айпараұлы мырза содан бері «Ауылбасы» атанып, талтаң да талтаң. «Ауылға облыстағы озат он ауылдың ортасынан опырып орын алып беремін!» депті бір күні. Содан бері бір ай болыпты, Жайекең мұндағы жұртқа күнде көрінуді қойыпты. «Бір шұғыл мәселені шешуім керек, аудан әкімімен кездеспей болмайды!» деп аттанып, бір апта өткен соң келіп, ертеңінде орынбасары Бопиға: «Бір күрделі мәселені шешуім үшін облыс әкімімен ақылдасуға тиіспін, мені сұрағанда айта сал» депті де, жүріп кетіпті. Жол жүріп. Он шақты күннен кейін оралып, Бопиына: «Бір проблема болып тұр, оны министрмен кеңеспей шешу қиын. Егер ол шеше алмаса, онда президентке кіріп-шығамын!» деп ұшып кетіпті. Ұшақпен.
Сөйтіп бір күні ауылдың радиосы әдетінше сағат алтыда жағын ашып, тыңдаушыларына: «Қайырлы күн болсынын» айтып өтіп: «Қадірлі халайық! Ауыл клубының капитальный ремонтта екенін білесіздер, сондықтан бүгін сағат кешкі жетіде мектеп залына жиналыңыздар! Өте маңызды кездесу болады, келіңіздер, кешікпеңіздер!» – деді.
Шай-пәйін ішіп болып, сыртқа шыққан Шөпік есігінің алдында есінеп тұрған көршісі Тапайға:
– Ау, Тәке, хал-ахуал жақсы ма? Жаңа ғана радио айтқан жаңалықты естідің бе? – деді жайдары дауыстап.
– Естідім ғой, естідім, – деді Тапай, селқос үнмен.
– Е, кіммен кездеседі екенбіз?
– Саған айтқан жоқ па?
– Жоқ.
– Дүкенші саған айтпағанды жұмыссыз маған айтып па екен? – деп Тапай салқын мырс етті.
– Ә, бара көрерміз, – деп Шөкім жөніне кетті.
Иә, бара көрді. Ауылдастардың жиырма шақтысы келіпті. Үш-төрттен дегендей, өзара әңгімелесіп отыр…
– Ей, сағат жеті болды ғой?!.
– Қайдан, кім келді екен?..
– Жайұлтан жоғарғы жақтан бір мықтыны ала келген шығар, бізге қамқорлық жасайтын?..
Сахнаға ауыл бастауыш мектебінің директоры Бану және бейтаныс егделеу әйел және жылы жымиған жігіт шықты, қолтоқпақтай ғана.
Үшеуі де залға қарап бас изесіп, сахнадағы үстел басына жайғасты. Бану сәнді киінген егде әйелмен, көкшіл жарғақ пенжақ-шалбарлы жігітпен сыбырласып алып, орнынан тұрып, залды шола қарап алып:
– Қадірлі ағайын, бүгін біз Райхан Айпарақызы Мазарбаева апаймен танысып, әңгімелесеміз. Апайымыздың кім екені жайында ауданнан келген журналист Мырзыр Жолдыбек мырза айтып береді. Ал Мызеке, сөз сізде, – деді де, оған қарап, бас изей ишара жасады.
Мырзыры әлденеге мәз болып, екі езуін еркіне жібере, сол қолымен кеудесінің оң жағын баса түрегеліп, залға басын екі рет изеді де:
– Аман-есенсіздер ме? Мен бүгін ерекше қуаныштымын! – деді желе сөйлеп.
– Көріп отырмыз. Қуанғаның соншама, жүрегің кеудеңнің сол жағында екенін ұмытып кеттің-ау! – деді, алдыңғы қатардың орта тұсында отырған көзәйнекті жігіт ағасы. Он шақты адам күлді. Мырзыр да күліп жіберіп, сөйлей жөнелді:
– Мен бүгін сіздердің орталарыңызға Райхан апайымызды алып келдім. Ардақты апайымыз бүгінде зейнеткер болғанымен, кезінде ауданда, облыста партия-совет комитеттерінде, финанс жүйесінде құрметке бөлене жақсылап еңбек еткен. Облысымыздың орта мектебінде тарихшы болған. Мемлекет және қоғам қайраткері! Ауданның орталығында тұрады. Бірақ өте қарапайым адам. Міне, бүгін енді сіздермен жүздесуге келіп отыр. Аты-жөнінен аңғарған шығарсыздар, бұл кісі – сіздердің жаңа әкімдеріңіздің апайы, кәне, Рахаңды қошеметтеп қол соғайық! – деп өзі шапалағын шартылдата Рахаңа бұрылып, басын изектетті. Әлгінде күлген он шақты ма, әлде басқалар ма, әйтеуір, бірнешеу ілескендей болды.
– Ал ағайындар, мен жоғары мәртебелі апайымызды дұрыстап таныстырдым, енді құрметтеп отырған сіздерге арнайтын бір ауыз сөзі бар, соны әрқашанғысынша қысқа да нұсқа қылып айтып беруі үшін облысымыздың анасы, ардақты да асыл апайымыз Рахаңа сөз кезегін ұсынамын, кәнеки, ду қол шапалақтап қарсы алайық! – деді Мырзыр, екі қолын төбесіне көтере аянбай шапалақтап. Зал жақтан жуан-жіңішке күлкі естілді. Әлгі он шақты, ұйқылы-ояу отырғандай, алақандарын былпылдатты.
Мәртебелі мейман Райхан Айпарақызы Мазарбаева түрегеліп, омырауын, екі жеңін ақырын қаққылап, тамағын кенеп, «арнайы сөзін» бастады:
– Құрметті көпшілік, жол түсіп, дәм тартып, алдарыңызға келіп тұрмын. Мен осы ауылдікі болсам да, оқу іздеп сыртқа ертерек кетіп, мұнда келіп-кетіп жүруге уақыт таба алмадым. Заман солай. Қызмет істеген соң, адамша істеу керек. Уақыт солай. Былқ-сылқты көтермейді. Оны біріміз білеміз, біріміз білмейміз. Мен сіздерге қарап ойланып та тұрмын, ауылда жастар аз екен, олар білім іздеп кеткен ғой.
– Білім іздеп кеткен жоқ, жұмыс іздеп кетті! – деді қатқыл дауысты әлдекім.
– Рас айтады, жансақтаудың қамымен қалаларды жағалап кетті!
Мырзыр ұшып тұрып, екі қолын ербеңдете:
– Ағалар, сабыр сақтаңыздар! Рахаң апайымыз айтарын айтып болсын, түсінбеген сөздеріңіз, мәселе болса, сұрақтарыңыз болса, содан кейін уақыт болады! – деп, «боладыны» шұбырта шырылдады. Директор Бану да орнынан көтеріліп, екі алақанын жая жымиып:
– Ағайындар, ауылдастарым! Біз мейманын құрметтей білетін, сөзді тыңдай, түсіне білетін халықпыз, Райхан Айпарақызына бөгет жасамайық! – деп өтініш білдірді.
– Иә, сөзін бітірсін.
«Қысқа да нұсқа» деген анау жігіт:
– Сөзіңізді жалғаңыз, тыңдайық, – деді.
Рахаң ары қарай аяңдады:
– Мен мұнда, біріншіден, мына құрметті журналист бауырымның инициативасымен келдім. Жұртшылықпен кездесу кімге болсын, қашан, қайда болсын, керек. Халықтың настроениесін білу міндет. Мен, пенсионер болсам да, сіздердің ауыл туралы айтқан ойларыңызды, талаптарыңызды облакимат басшыларына айта аламын. Менің күйеуім сонда он төрт жыл қызмет істеген. Екіншіден, ауылымды көргім, білгім келді. Осыдан тоғыз жыл бұрын келіп, бірақ асығыстықтан екі күн ғана бола алғанмын. Ал үшіншіден, менің бауырым Жайұлтан өздеріңіздің әкімдеріңіз болды. Оның несін… мен… менталитетін простой кісі тез түсінбейді…
– «Менталитетін» дегеніңіз немене? – деді залдан бір дауыс.
– Ол ма, апай, кешіріңіз, мен айта салыйын, ол – мінез-құлық деген сөз! – деді Мырзыр лып етіп.
– Е, сөйтіп қазақша айту керек қой, – деді залдан екінші дауыс.
– Иә, ментали… иә, мінез-құлқын түсіну оңай емес. Өздеріңіз білесіздер, ол көп сөйлемейді, бәрін үндемей жүріп істейді, ол сондай.
– Рас, сондай. Кәсіподақ бастығы болып үш жыл істегенде бір рет те сөйлемеді. Енді әкім болғаннан бері ауданға кетеді, облысқа, одан да ары кетеді, не істеп жүргенін айтпайды, – деді залдан үшінші дауыс.
– Ол бала кезінде де көп сөйлеген жоқ. Біз төрт ағайындымыз, екі ұл, екі қыз. Бауырым Жайұлтан мен сіңілім Бисара сондай. Ал бауырым әнеукүні бізге келгенде обләкіммен не туралы сөйлескенін маған айтты. Біздің, осы бәріміздің ауылымызда шекара да, қазіргі үш ауыл да болмаған екен, шекарасыз қызмет істеу просто қиын емес пе? Соны алдыңғы әкімдер білмеген…
– Шекарасыздықтан қаңтарылып қалған дәнеңеміз жоқ, – деді маңағы көзәйнекті жігіт ағасы.
– Однако бір жұмысты қолға алдың екен, оны бітіріп, содан кейін екіншісін қолға алу керек. Менің бауырымның принципі сондай…
– Сондай болса, – деді залдан және бір дауыс, – ол ауыл-селоға керегі шамалы шекараны белгілеп, бекітіп болған соң электрқұдықты қолына алсын. Жалғыз құдығымыз құрығалы үш ай болды, бұрынғы әкім «ертең-ертең» деумен кетіп тынды. Суды көрші ауылдан бөшкемен кезектесіп тасып жүрміз.
– Әй, Жайұлтан шекара жасаған соң әлгі пропуск деген пәлесіз тырп ете алмай қалмаймыз ба?
Жұрт ду-ду күлді.
– Шынында тырп етпей отыра бермей, үй-жайдағы кешкі шаруамызды тындыруымыз керек, кәне, тарайық. Жайұлтанды баяғыдан білеміз ғой, әкім болғанмен сол қалпынан өзгермейді ол.
– «Әкім» дегенің не, «ауылбасы» деңдер, өзі солай бұйырды емес пе?
– Сол «пәлен-түглен бастардан» не жақсылық көрдіңдер?!
Ду-ду күлкі шығар есікке беттеді.
– Райхан апай, келгеніңізге рахмет!
– Жақсы сөйлейді екенсіз!
– Бану, сен бізге ренжіме, жарай ма?
– Әй, жорналист жігіт, сен де аман бол, зыр-зыр етіп жүре бер!
– Е, бұл жігіттің аты әлгі менталитетіне сай екен!
Шағын зал лезде босап, үш «бас» қана қалды: Бану үстелге үңіліп, екі сұқ саусағын біріне-бірін үйкелеп отыр. Райхан үстелді екі қолымен тірей шалқайып, бет-ауызын тыржитып, зал жаққа қарап отыр. Мырзыр ұшып тұрып, терезе алдына барған. Екі қолын да шалбарының қалтасына сүңгітіп, санын қаққылап тұр…

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Бүгін, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық
16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты