jasqazaq.kz

Ғаламдық қаржы жобасы. AIFC

13 сәуiр 2021, 12:02

 30 QARYŞTY QADAM

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Jas qazaq газетінің арнайы жобасы. Егемен елдің қалыптасу тарихынан сыр шертетін жоба экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізген қарышты қадамдар туралы баяндайды.

 

 

 

Капитал нарығын құру

Еліміз ХХІ ғасырға еңсесін тіктеп, әжептәуір қоңданған кезінде аяқ басты. Қиын-қыстау жылдар бірте-бірте ұмытыла бастады. Әлемдік нарықта мұнай бағасы шарықтап, қазынаға қаржы тоқтамай саулады. Бірақ босаңсуға әсте болмайтын еді. Тек шикізатқа иек артқан мемлекеттің шоңқиып қалатынын 2007-2008 жылдардағы әлемдік дағдарыс тағы бір көрсетіп берді. «Қара алтын», «көгілдір отын», бағалы металл байлық пен әл-ауқаттың өлшемі болудан қалып барады. Бұдан былай капитал нарығы, озық технология мен инновация үстемдік құрады. Қазақстан да өркениет көшінен қалып қоймауы керек.

Елбасы жаһандық жаңа сын-қатерге қарсы тұрудың бірден-бір жолы ретінде 2015 жылы Астана Халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы идеяны ұсынды. Орталық Азия елдері, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия, Таяу Шығыс пен Еуропа экономикасын бір-біріне жалғауды көздейтін бұл жобаның ғаламат екені сөзсіз. Алайда аяқ астынан пайда болған жоқ. Жас мемлекет тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ халықаралық қаржы институтын құру қажеттігін жете түсінді. 1995 жылы Елбасы Алматыда аймақтық қаржы орталығын құру туралы бастама көтерді. Сөйтіп 2006 жылы Алматы аймақтық қаржы орталығы (ААҚО) өз жұмысын бастады. Оған отандық құнды қағаздар нарығының халықаралық капитал нарығымен кірігуін қамтамасыз ету, шетел инвесторлары мен эмитенттерді тарту, жаңа қаржы құралдары мен қор технологияларын енгізу, инвестиция мәдениетін арттыру міндеттері жүктелді. Осы орталық отандық банк пен қаржы жүйесінің дамуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Дегенмен ол қаржы нарығына қатысушылар тарапынан жиі сынға ұшырады. Сол кезде Ұлттық банкті басқарған Қайрат Келімбетов мемлекеттік органдардың орталықтың дамуына жеткілікті түрде қолдау көрсетпеуі мен 2007-2008 жылдардағы қаржы дағдарысы кедергі келтіргенін алға тартады.
Сондықтан қаржы орталығын қайта құрып, оның қызметін Елордада жүргізуді көздейтін саяси шешім қабылданды. Ең алдымен әлемдік заңнама стандарттары енгізілді. Олар – ағылшын правосы, тәуелсіз сот, тәуелсіз судьялар, тәуелсіз арбитраж. Сонымен қатар ААҚО-ның кемшіліктері ескерілді. Халықаралық қаржы орталығы астанада мүлде жаңа шарттармен іске қосылды.

«

 «Соңғы жылдары ұзақ мерзімді перспективада тиімді және орнықты институттардың қажеттілігіне көз жеткіздік. Дубай, Сингапур, Гонконг және басқаларды қоса алғанда, әртүрлі қаржы орталықтарының құрылуы мен жұмыс істеуінің әлемдік тәжірибесін мұқият зерделедік. АХҚО-ның қазақстандық моделі осындай құрылымдардың ең үздік тәжірибелерін басшылыққа алған. Орталық Қазақстан Республикасының резиденттерімен де, резидент емес субъектілермен де жұмыс істейтін болады. АХҚО қызметіне қатысушылар Қазақстан мен өңірдің ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемнің капиталына қол жеткізе алады. Халықаралық қатысушыларды АХҚО-ға тарту үшін посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ бұрын-соңды болмаған жағдайлар жасалды».

Нұрсұлтан Назарбаев,

Қазақстанның Тұңғыш Президенті

«

 

2018 жылы шілдеде «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды. Орталықтың қызметін халықаралық дәстүрге сәйкес гонг соғып ашқан Елбасы былай деді: «АХҚО – тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа кезеңі. Қазақстандық үлгі әлемдік қаржы құрылымдарының ең озық тәжірибесін алды. Қатысушыларға 50 жылға дейін салық жеңілдігі, сондай-ақ жеңілдетілген валюта, виза және еңбек режимдері ұсынылды. Бұл – жұмысы ағылшын құқығына негізделген аймақтағы жалғыз орталық. Оның құқықтық мәртебесі Конституциялық заңмен бекітілген, ал ресми тілі – ағылшын тілі. Тәуелсіз сот пен халықаралық арбитраж орталығы әділдік пен тараптар құқығына кепілдік береді. АХҚО-ның жұмысында корпоративтік басқару қағидаттары сақталатын және инвесторлардың мүдделері қорғалатын болады. Осының барлығы сенім мен ынтымақтастық үшін қажетті қолайлы ортаны қалыптастырады».

АХҚО – Гонконг пен Дубай арасындағы кеңістікте жалғыз халықаралық қаржы орталығы. Лондон, Гонконг, Сингапур және БАӘ ғаламдық қаржы қоғзалысын басқаратын нарық механизмі арқылы бизнес пен мемлекеттік инфрақұрылым жобаларына инвестиция тартып отыр. АХҚО өз қызметінде осылардың тәжірибесіне сүйенеді.

АIX Басқарма төрағасы Тим Беннеттің айтуынша, нарықты дамыту үшін жергілікті және шетелдік инвесторлар сауда-саттық жасай алатын қор алаңын құру керек болды. Өйткені бұл Қазақстандағы жеке меншік секторға керек. Ол шетелдік инвестиция арқылы келеді. Ал елдегі банктер экономикаға қаржыны аз салатын болды. Тікелей шетелдік инвестицияның көлемі кеміді. Сондықтан әлеуеті мол шетелдік инвестор қажет. АХҚО-да биржа құру үшін шетелдік инвесторға түсінікті орта қалыптастырған жөн. Бұл орта жергілікті инвесторларды да қолдауы тиіс. Осы мақсатта алдымен инфрақұрылым мен технологиялық платформа жасалды.

АІХ – ғаламдық биржа

Адина Фридман

Адина Фридман

Орталықтың кіндігі – Astana International Exchange (AIX) қор биржасы. NASDAQ, Goldman Sachs, Жібек жолы қоры және Шанхай қор биржасымен серіктестік негізінде құрылды. Сөз арасында айта кетейік, жоғары технологиялық компаниялармен жұмыс істейтін NASDAQ президенті Адина Фридман әу бастан «көкжиегі кең» деп АХҚО-ға зор үміт артты. Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан нарығы бұл компания үшін аса тартымды. Өйткені Франкфурт пен Шанхай арасындағы кеңістікте халықаралық ауқымдағы биржа жоқ. 2018-2019 жылдары AIX алаңында «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы IPO арқылы алғаш рет 64,3 млн долларға тең акцияларын нарыққа шығарды. Содан кейін 65,3 млн долларлық акциялары инвесторларға ұсынылды. 2020 жылы ұлттық компания тағы да акцияларын шығарып, Лондон қор биржасы мен «Астана» биржасында жалпы көлемі 211,7 млн доллардың құнды қағаздарын сатты. Соның ішінде 74,7 млн доллары AIX биржасына тиесілі болса, оның 32,5 млн АҚШ долларлық акцияны шетелдіктер, қалғанын Қазақстан азаматтары сатып алды.

Бүгінде Астана биржасының ресми тізімінде 60-тан астам құнды қағаз бар. Эмитенттерге қойылатын талап Лондон қор биржасындағыдай. АІХ-те құнды қағаздарын ұлттық «Қазатомөнеркәсіп» компаниясынан басқа Kaspi.kz, Halyk Bank, Ferro Alloy, «Кселл» сияқты ірі эмитенттер орналастырылды. Ірі тау-кен, мұнайгаз, көлік, ақпараттық-коммуникациялық және басқа да ұлттық компаниялардың акцияларының IPO-ға шығару жоспарланған. Бұл, ең алдымен, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темір Жолы» және Қазпошта болмақ. Өткен жылғы коронавирус пандемиясы бұл жоспарды кейінге шегертті.
АІХ 2019 жылы 217 млн доллар акционерлік капитал тартып, елдегі бүкіл қор нарығының үш жылдық көрсеткішінен асып түсті.

2020 жылғы пандемияға қарамастан, АІХ-тегі сауда келісімінің айналымы біршама өсті. Өткен жылғы қыркүйекте ол 5,4 млн долларды, қазан айында 3,9 млн долларды құрады.
Былтыр Астана биржасы орта бизнеске де мән бере бастады. Аймақтық акциялар нарығы (REMS) сегменті іске қосылды. Мұнда «ЦентрКредит» банк алғашқы эмитент атанды.

Былтырғы қазан айында Kaspi.kz Лондон және АХҚО биржасына ІРО-сын шығарды. Компания 1 млрд доллардан астам қаржы тартып, бүкіл Қазақстан тарихындағы ең қымбат компанияға айналды. Бұл нарықтағы іс-қимыл үлгісінің өзгергенін дәлелдейді. Компаниялар жаңа қаржы өнімдерінің құндылығын сезіне бастады.

«Жасыл» қаржының әлеуеті

АХҚО жанынан құрылған Жасыл қаржы орталығы даму институты ретінде «жасыл» облигациялардың әлеуетті эмитенттеріне кеңес беру қызметін ұсынады. Орталық – «жасыл» қаржыландыру құралдары мен стандарттарын енгізетін тиімді алаң. Мәселен, 2020 жылдың тамыз айында «Даму» қоры БҰҰ Даму бағдарламасы аясында 200 млн теңгеге «жасыл» купондық облигациялар шығарды. Бұл шағын және орта бизнестің баламалы қуат көздеріне қаржы салуын жеңілдетеді.

Ислам қаржыландыруы

АХҚО ислам қаржыландыру жүйесінің аймақтық хабына айналуды көздейді. Орталықта былтырғы ақпанда Al Rayan Bank (Қатар) тіркелді. Аталған банк – осында тіркелген алғашқы цифрлық қаржы институты. АІХ-те Лондон қор биржасында 500 млн долларға шығарылған Qatar International Islamic Bank-тің ислам құнды қағаздарының кросс-листингі жүзеге асты. Бұл AIX биржасындағы суқук ислам қарыз құралының исламдық қаржыландыру талаптарына сай алғашқы орналастырылуы. Қазір АХҚО-да Ұлыбритания, АҚШ, Малайзия, Бахрейн, Катар, Ресей мен Қазақстаннан ислам қаржы қызметін ұсынатын 27 компания тіркелген. Орталық қызметіне ЕАЭО шеңберінде құрылған Еуразия даму банкі де қызығушылық танытып отыр.

АХҚО географиялық орналасуын пайдаланып, Орталық Азия, ЕАЭО, Кавказ, Таяу Шығыс елдері нарығына жол ашады. Еліміз «Бір белдеу, бір жол» жобасының жаһандық трансқұрлықтық бағытындағы маңызды бөлігі екенін ескерсек, АХҚО Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропа елдері арасындағы бірден-бір қаржы-экономикалық көпірі болмақ.

Сенімді инвестиция көзі

Әлемдік экономика инвестицияға зәру. Әсіресе, бұл пандемиядан қатты зардап шеккен мемлекеттердің экономикасы үшін тағдыршеш міндет. Ендігі жерде қазба байлыққа емес, жасыл экономика, цифрландыру, озық технологияға арқа сүйейтін заман келді. Содан болар, жуырда Түркітілдес мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді жасанды зердені (интеллект) дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет-сауда сияқты салалар бойынша ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Сондай-ақ АХҚО-ның инвестиция тартудағы зор мүмкіндігін пайдалану қажеттігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы: « «Астана» қаржы орталығы – халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ», – деді.

Құрылғанына көп уақыт өтпесе де, АХҚО халықаралық деңгейде мойындалып үлгерді. 2020 жылы қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 108 елдің ішінде 72-ші орынға жайғасты. Мұны ауыз толтырып айтарлық нәтиже деуге толық негіз бар.

Гүлнар Ахметова

Бүгін, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық