
Күн сайын 13 млн баррель «қара алтын» өндіріп, осы салада әлемдегі көшбасшылардың бірі саналатын Америкада банкротқа ұшыраған компаниялар қатары молайып келеді. Биылғы сегіз айдың көрсеткіші бойынша, жалпы қарызы 51 млрд долларға жеткен 36 мұнай өндіруші өз қызметін тоқтатты.
Іскерлік бағыттағы басылымдардың Лондондағы Carbon Tracker талдау орталығына сілтеме жасай отырып дайындаған ақпаратында АҚШ-та 2,6 млн ұңғының жұмыс істемей, қаңтарылып тұрғаны хабарланды. Сарапшылар «Жетім ұңғылар» деп ат қойған жер-жердегі кеніштегі құбырды тазалауға 280 млрд доллар қажет көрінеді. Ал компаниялар тарапынан берілген кепілдік мөлшері осы қаражаттың небәрі 1 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Айта кеткен жөн, тақтатас (сланец) мұнайын өндіріп, ғаламдық «қара алтын» базарында Американы алға шығарған да осы шағын өндіріс орындары.
Климаттың өзгеруі мен қоршаған ортадағы құбылыстарды зерттеумен айналысатын әлгі орталық компаниялардың өзін банкрот деп жариялауына тәжкеселден туындаған «қара алтын» бағасының арзандап кетуін басты себеп ретінде көрсетеді. Биржадағы қара май құны да осы пікірді дәлелдей түседі. Былтырғы жылдың соңында Батыс Тексас маркалы WTI мұнайдың бір баррелі 61 доллар болса, өткен жетіде бір бөшке қара май 36 долларға сатылды. Әлгі кішкентай компаниялар пайда табу үшін баррель 40 доллардан кем болмауы тиіс.
Көлік атаулы жанар-жағармайға деген сұранысты күрт азайтқан соң мұнай өндірушілер мен қара майды өңдейтін кәсіпорындардың да жағдайы мәз емес. Халықаралық әуе тасымалдаушылары ұйымына (IATA) жүгінсек, биылғы тамызда ұшақпен сапар шеккен жолаушы саны өткен жылдың осы айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 75 пайызға кеміді. Бұған қоса, бүкіл әлемде туризм тұралауы халықаралық әуе сапарларының азаюына әкеп соқты.
Талдау орталығы дайындаған есепте «жетім ұңғылардың» Тексас штатында көбірек орналасқаны атап өтілген. Банкротқа ұшыраған компаниялардың 24-і осы өңірде. Мұнда құбырларды тазалап, қайта пайдалану үшін 117 млрд доллар жұмсалуы тиіс. Одан кейінгі орындарда тұрған Оклахомада шығын 31, Пенсильванияда 15, Охайода (Огайо) 13 млрд долларға жетеді деген болжам бар.
Талап Тілеген