jasqazaq.kz

Алаған мен береген

15 мамыр 2020, 13:19

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салыққа қатысты өз ұстанымын білдірді. Оны бір сөзбен түйіндесек, табысы жоғары көбірек төлеуі тиіс.

Кез келген мемлекетте қазына қоржынының тоқ болуы салықтың кем-кетіксіз жиналуына байланысты. Әлмисақтан солай. Қытайды билеген Құбылай бұған айрықша мән берген. Ол шалғайдағы бір өңірден алым-салық түспейтінін естиді. Сөйтіп, Ханбалықта (Бейжіңнің бұрынғы атауы – автор) өзіне қызмет етіп жүрген Марко Полоны сонда жұмсайды. Хан пәрмені қатал. Қалайда орындалуы тиіс. Әйтпесе, жендеттің қылышы төніп тұр. Билеушінің сол аймақтағы өкілі атақты саяхатшыға «өлімге дайындала бер» дейді. Мұндағы жұрттан қисық тебен алудың өзі мұң екенін ескертеді. Марко Полоны өлімнен қасындағы қытай кәнизәгі құтқарып қалады. Мақау бойжеткен алдымен үйдің ауласында сүйек ойынын ұйымдастырады. Адам көбейген соң ойнағаны үшін ақы ала бастайды. Жиналған ақша түйе керуеніне жүк болып, салық ретінде сарайға бет алады. Тапқыр шешімді шығармасына арқау еткен Гери Женнингс (Gary Jennings) байлыққа кенелген Құбылайдың әйгілі жиһангезге ризашылығын қымбат сыйлықпен білдіргенін жазады.

Қазір де ақшасының бір бөлігін қазынаға беруге құштарлар көп емес. Әсіресе, қалталылар «алаған қолым береген» дей бермейді. Қайбір жылы бір депутатымыз кішкентай шаштараз әйдік құмарханаға (казино) қарағанда көбірек салық төлейтінін айтып еді. Ақшаны мың-мыңдап доллармен алатын, құзырлы мекеменің құрығынан жалтарып қалатын әнші мен асаба «көлеңкелі бизнестің» көрігін қыздырып тұр. Чек бермейтіндер де шын табысын жасырып, айла-амалын асырып, сол «көлеңкеде» шаруасын «тындырып» жүр. Ал айлығы қырық мыңнан әзер асатын еден жуушы тапқан-таянғанынан жырып береді…

Қ.Тоқаев «Күнгей мен көлеңке» атты кітабында АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонға қатысты ғибратты деректі келтіреді. Ол Ақ үйге келгенде бюджет тапшылығы 200 млрд доллардан асып жығылатын. Қаржы жүйесін сауықтыру, экономиканы өрге сүйреуді басты міндет деп білген жаңа басшы Сенатта табысы жоғары азаматтарға салықты көбейтуді көздейтін бюджет жобасын бекітуге күш салады. Парламентте бай-бағыланның мүддесін күйттейтін лоббистердің ықпалды күш екенін ескерсек, бұл қиын түйін еді. Ақыры, заң мақұлданды. 1999 жылы президент журналистер алдына кәдімгі мектеп тақтасымен шықты. Тақтаға жүз миллиардты санмен жазып, американ бюджетіндегі профицит осындай екенін салтанатты түрде жария етті. Ақыр соңында Клинтонның кезінде жалпы ішкі өнім көлемі 10 трлн долларға жетіп, 20 млн адам жұмыс тапты.

Шикізатқа сұраныс азайған бүгінде салық түсімі – қазына үшін елеулі кіріс көзінің бірі. Мұнай мұхитының үстінде отырған саудиялықтар күні кеше қосымша құн салығымен танысып еді. Міне, екі жыл өтпей, 5 пайызды құрайтын салықтың осы мөлшері үш есеге ұлғайтылды. Сондай-ақ күнкөріске деп берілетін 1000 риал (270 доллар) көмек алынып тасталды.

Қ.Тоқаевтың президенттік сайлаудағы бағдарламасында әлеуметтік әділеттілік орнатуға айрықша мән берілгені белгілі. Бұл жетіде жарияланған прогрессивтік салық жүйесі енгізілсе, әлгі мақсатқа жетудегі маңызды қадам болар еді.

Срайыл Смайыл

Бүгін, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық
16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты