
Атырауда өткен жылы 7879 гектар жердің игерілмегені анықталды. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде Атырау әкімі Серік Шәпкенов мәлім етті. Есеп беру барысында қала тұрғындарына әкім 2016 жылы қала аумағына баспана салу үшін 18 миллиард теңге инвестиция тартылғанын және 346,4 мың шаршы метр баспананың пайдалануға берілгенін хабарлады. «2016 жылы «Өңірлерді дамыту — 2020», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында «Нұрсая» және «Береке» шағынаудандарында көппәтерлі 18 үйдің құрылысы басталды. 2017 жылы бұл аумақта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көппәтерлі 13 үйдің құрылысын бастау жоспарланған», — деді С.Шәпкенов. Одан бөлек, Атырау қ. әкімінің айтуынша, қала басшылығы былтыр ауылшаруашылық қажеттілікке берілсе де игерілмей жатқан жерлерді анықтау бойынша ауқымды жұмыс атқарған. Барлығы 7879 гектар жер және 111 жер учаскесі анықталды. «Бұл учаскелер бойынша құжаттар уәкілетті органдарға жіберілді, 81 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 2016 жылы қала тұрғындарына 699 жер телімі бөлінген, 2017 жылы қала маңындағы елді мекендерге инженерлік-құрылыстық инфрақұрылымы бар 2092 жер телімін беру жоспарланып отыр», — деді әкім.