
Биылғы жылдың наурыз айынан бастап қоғамдық орында балағат сөз айтып, тәртіп бұзған құқық бұзушыға 69 мың теңге көлемінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынады.
Бұл туралы еліміздің ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті бастығының орынбасары Азамат Күрімбаев Астана қаласында өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, заңның жаңа редакциясында қоғамдық орындарда дөрекі сөздер айту, жеке тұлғаларды балағаттау және жәбірлеу, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау және басқаларға құрметсіздікті білдіретін осыған ұқсас әрекеттер жасалатын болса, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын ұсақ бұзақылық деп саналады. Осыған дейін бұзақылық үшін сот 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түрінде жаза тағайындаған. Жаңа редакцияда айыппұл 20 АЕК (69 000 теңге), қамауға алу 5 күннен 30 тәулікке дейін ұзарды.
Түзетулер алғаш ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни 2023 жылдың наурыз айының басынан бастап күшіне енеді.