
Сіздер қаланың адамдарын тіркей алмай ию-қию болып жатырсыздар. Ал, қостанайлықтар итқұсқа дейін тіркеп қойыпты. Сөйтіп, облыста 450 қасқыр ғана қалғанын анықтапты. Әрбір итқұсқа сауалнама салып, санақ жүргізді ме екен, кім білсін, әйтеуір облыстық Аңшылар мен балықшылар қоғамы солай деп мәлімдепті. Сол себепті қасқыр атуды реттеуді ұсыныпты жігіттер. Өздеріне деген осындай ыстық ықыласты сезді ме екен, әлде шынымен-ақ азайып қалған ба, әлде адамша «тіркеліп» алайық деді ме екен, биыл осы облыста «тіркелген» қасқырлар өте тыныш көрінеді. Адамдарды қайдам, биылғы тіркеу сүреңі қасқырларға пайдалы боп тұрған көрінеді. Тек, көктемге қарай көрші облыстардан барымта мен қарымта басталып, көбейіп кетіп жүрмесе, әзірше қостанайлықтар «өз» қасқырларын мәпелеудің аз алдында тұрған сияқты.
Серік Жанболаттың facebook парақшасынан