Бұл дүйсенбі де мұнай тарихында сорақы статистикамен есте қалады. Тұңғыш рет ғаламдық базарларда «қара алтын» бағасын көрсеткен санның алдына минус (-) белгісі қойылды. АҚШ-та өндірілетін WTI (West Texas Intermediate) маркалы мұнайдың мамыр айына арналған бағасы (future price) 1 центке дейін құлдырап, байғұс брокерді тентек қыла жаздады. Бірақ қияметтің көкесі алда екен. Сәлден кейін баға -40 долларға жақындады. Бұл қара майды нарыққа жеткізуші өз тауарына сатып алушыдан ақша алмайды, керісінше, 40 долларды қоса төлейді деген сөз. Тасымал үшін. Бұдан бірер ай бұрын жасалған келісімнің шарты солай.
Еуропадағы биржада «қара алтынның» қадірі дәл бұлай түскен жоқ. Дегенмен, Reuters ақпарат агенттігіне жүгінсек, Brent маркалы мұнай -3,5, ал Urals -3 долларға дейін арзандады. Соңғысы туралы сөз қозғалса, елең етеміз. 2йткені Ресей мен біздің мұнай биржаға осы маркамен шығарылады.
Қара майдың бұрын-соңды болмаған дәрежеде құнсыздануын сарапшылар сансаққа жүгіртті. Сайып келгенде бәрінің пікірі бір арнада тоғысады. Ұсыныс көп те, сұраныс жоқ. Қойма атаулы аузы-мұрнынан шығып тұр. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша, артық мұнайдың мөлшері бұл айда тәулігіне 29 млн баррельге жетеді. Ал жыл соңына дейінгі орташа көрсеткіш 9,3 миллионды құрайды. Демек, ОПЕК++ (++бегісі келісімге қосылған елдердің көбеюіне байланысты — автор) келісімі бойынша алдағы екі айда көзделген өндіріс көлемін 9,7 млн баррельге азайту тығырықтан шығар жол емес. Оның үстіне уағдаластыққа сәйкес, шілде айынан бастап қысқарту 8 млн баррельді құрауы тиіс. Осыданақ, өндіріс көлемін анағұрлым азайту қажет екені көрініп тұр. Енді мамандар 20 миллион төңірегінде сөз қозғай бастады. Олай етпеген жағдайда, қара май ешкімге қажет болмай қалады. Қойманы былай қойып, қазір танкердегі мұнайдың өзі 160 млн баррельмен рекордтық деңгейге жетті.
Алдымен саудиялықтар дабыл қақты. Ақпарат құралдары Eр Риядтағылар ОПЕК++ келісімін мамырды күтпей-ақ қазірден бастап іске асыруды ұсынғанын хабарлады. Ал Ресей үкіметінің бұрынғы басшысы Дмитрий Медведев «қара алтын» құлдырауын «картельдің құпия пәтуасы» деп бағалап, осы нарықта take or pay (сатып) ал немесе төле тәсілін қолдануды ұсынды. Аталған жүйе бойынша тауар келісімде көрсетілген бағаға сатылуы тиіс. Сұраныс жоқ кезде мұның іске аспайтыны белгілі. Бірақ Медведевтің сөзінен мұнай нарығы үшін текетірес басталғанын аңғару қиын емес. Бұл күрестің коронавирус кесірінен қатары селдіреген Еуропа мен Азиядағы клиенттер үшін өршитіні белгілі. Өйткені онсыз да өз мұнайын қайда жіберерін білмей жатқан американдықтар сырттан қарамай алуды тоқтатуы ғажап емес.
Еліміз әлгі келісім шеңберінде өндіріс көлемін 390 мың баррельге азайтуы тиіс. Нарықтағы ахуал отандық мұнайшыға да оңай соқпайды. Сол себепті шикізатқа көп иек артпай, сұранысы сарқылмайтын мұнай өнімдерін шығаруға басымдық бергені жөн секілді. Осы аптада ұлттық «Қазмұнайгаз» компаниясы осы саладағы жағымды жаңалықты жариялады. Енді Атырауда өндірілетін бензол мен паракислолды Еуроодақ елдеріне жөнелтуге рұқсат бар.

Срайыл СМАЙЫЛ