jasqazaq.kz

Жүсіпбек Аймауытовтың «Тез өлмен» туындысы қалай табылды?

20 маусым 2023, 16:30

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Жүсіпбек Аймауытовтың бір шығармасы табылғанын айтқан болатын. Құнды жәдігерді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия ғалымдары құпия құжаттарды зерттеп жүргенде тауыпты. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Фейсбук парақшасында былай деп жазды:

«Енді Жүсіпбек Аймауытовқа телініп отырған «Тез өлмен» өлеңінің ғалымдардың қолына қалай түскені жайында аз-кем баяндайық.
Архив құжаттарында бұл туындыны Жүсіпбек Аймауытұлы абақтыда тергеуде жатқан кезінде жазған деп көрсетіледі. Ол ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды қалалық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архив қорындағы № 01093 ісінде сақталған. Бұл іс және басқа да көптеген құжаттар жақында Мемлекеттік комиссия аясында құпиясыздандырылған еді.

Шығарма төте жазумен жазылған. Сонымен қатар, орыс тіліндегі қысқаша түсіндірмесі де бар.

Туынды туралы Қарағанды облыстық ОГПУ басқармасына қарасты Арнайы бөлімінің басшысы Л.В. Кручинин жасаған тергеу хаттамасында да айтылады. Ол мұны алашордашыл азамат, Карлагта қамауда отырған Дамолла Битілеуовті тергеген кезінде анықтаған. Тергеу барысында Дамолла Битілеуов Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және басқа да алашордашылармен қарым-қатынасы жайында айта отырып, Уайда Байбековпен екеуі Жүсіпбек Аймауытовтың өлеңі жайында әңгімелескенін тілге тиек еткен. Абақтыда жазылған шығарма сотталушылар арасында тарап кеткен. Дамолла Битілеуов өлеңді Уайда Байбековке айтып береді. Өз кезегінде У. Байбеков оны қағазға түсіреді.

1933 жылдың 14 маусымында Исмағамбет Мәкішов пен Нұрғали Кадаленконы тергеу ісі бойынша айыпталушыларды беттестіріп, хаттама толтырылады. Сол хаттамада И. Мәкішов Н. Кадаленконың өтінуімен Дамолла Битілеуовтен шығарманы алып, оны Кадаленкоға бергенін айтқан. Битілеуов туындыны Карлагта отырған сотталушылардың арасында насихаттап жүрген.

Айта кетерлігі, шығарма үш бөліктен тұрады. Қазірдің өзінде ғалымдар өлеңнің мазмұнын 20-жылдардағы дәстүрлі поэзияның стиліне жуықтайтынын айтып отыр.

Сондықтан туындыға филологиялық сараптама жасау үшін Президент Архивінің жанынан Әдебиет және өнер институтының мамандары мен аймауытовтанушы ғалымдардан құралған арнайы топ жасақталды. Ғалымдар толық зерттеп, ортақ тұжырымға келгеннен кейін оның қорытындысы қосымша жарияланатын болады».

JQ-Aqparat

13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр
12 қараша, 14:55
Шымкентте қауіпсіздік инфрақұрылымы кеңейіп келеді
10 қараша, 20:03
«COP31»: Әділ, теңгерімді көзқараспен нақты нәтижеге
10 қараша, 16:00
Азамат Ешанқұл: Алматыдағы қоғамдық көліктің 81,2%-ы экологиялық таза отынға көшті
10 қараша, 14:34
Шымкентте Президент Жолдауын түсіндіруге арналған кездесулер өтті
09 қараша, 12:51
Әлішер Бекенов: Жылу шығынын азайту энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді
07 қараша, 10:32
Газ өңдеу зауыттары: Әртараптандырудағы айқын қадам
05 қараша, 18:32
Тарих қойнауынан табылған жазу немесе ғалым мен қаламгердің үндестігі