
Доминикан Республикасында радиодағы тікелей эфир барысында екі журналисті өлтірген үш адам тұтқындалды. Бұл туралы Би-Би-Си агенттігі сілтеме жасай отырып, Қазақпарат хабарлады.
Журналистердің бірі эфир кезінде Фейсбукта тікелей трансляция жүргізіп отырған. Екі минуттық видеода тікелей эфир жүргізіп отырған Луис Мануэль Мединаның оққа ұшқаны және әйелдердің жан айқайы түсіп қалған. Мединамен қатар, 103FM Доминикан радиосының продюсері Лео Мартинес те қаза тапты. Полицияның мәлімдеуінше, оқиға сейсенбі күні елдің астанасы Санто-Домингоның шығысында орналасқан Сан Педро де Макорис қаласында орын алған. Ұсталғандарға әзірге айып тағылған жоқ. Сондай-ақ неліктен БАҚ өкілдеріне шабуыл жасалғаны әзірге белгісіз.