
Қызылжардың 7 миллиард теңгеге жөнделген әуежайы тағы да қаңырап тұр. Мамандар бұл жерден ұшақ ұшпауына қағазбастылық себеп деп отыр.
Яғни әуе рейстері мемлекеттік бюджеттен субсидияланады екен. Биылға мемлекеттен әлі қаржы бөлінбегендіктен, әуежай тиісті қызмет көрсете алмапты. Енді құжаттар дайын болғанша одан ешқайда ұшақ ұшырылмайды. Айта кетейік, «халықаралық» деген дардай аты бар әуежай 40 жылдық тарихында былтыр тұңғыш рет жөнделген еді. Шенеуніктердің айтуынша, қызылжарлықтар тіпті Анталияға да ұшуы тиіс болатын. Бірақ қазір Анталия тұрмақ, іргедегі Астананың өзі мұң болып тұр. Жөндеу жұмыстарынан кейін екі апта ғана Алматы мен Елордаға қатынаған ұшақтар, тауық жылы сап тыйылды.
Марат Қасенов, «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ директоры:
— Сондықтан азаматтық авиация комитетінде өзінің процедуралары бар, шарттарға қол қойылады екі жақты. Сол іске асса, 7-8 рейс ашылуы мүмкін.