
Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдің 2016 жылғы 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кеңесте Қазақстан Президенті 5 мамырдағы кеңес барысында өзінің бірқатар маңызды тапсырма бергенін еске салды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
– Мен жер туралы заңнаманың бірқатар ережелерінің іске асырылуын тоқтату туралы жарлыққа қол қойдым. Тиісті комиссия құрылып, өз жұмысын бастады. Оның алғашқы отырысы зор резонанс тудырды. Комиссия мүшелері жер туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі үйлесімді ұстанымдарын әзірлеуге тиіс. Жер үшін шынымен жаны ауыратындардың бәрі өз сөзін айтуы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.+
Осы орайда Мемлекет басшысы облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне бұл мәселені халық арасында түсіндіру жұмысын белсенді түрде жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев алда келе жатқан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қазақстандықтарға және бүкіл әлемге жеткен жетістіктерімізді көрсетудің жақсы мүмкіндік беретінін айтты.
– Еліміздің жетістіктерін бағалай білу қажет, болашақ ұрпақ онымен мақтануға тиіс. Осы кезеңде бізге сырттан сынай қарап отырғандар көп. Біз әлем алдында ұятқа қалмай, күрделі мәселені сындарлы сұхбатпен шеше алатынымызды паш ете білуіміз қажет. Алға қойған мақсатына жұмыла ұмтылатын ел екенімізді көрсетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.