Желтоқсанда жанған алау сөнбейді

16 желтоқсан 2022, 11:59

Бүгін – Тәуелсіздік күні.
1986 жылдың дәл осы күні қазақ жастары Алматыда алаңға шығып, үлкен жүйеге қарсы бас көтеріп еді. Тарихта әлі де ақтаңдақтар ашылмай, лайықты баға берілмей келе жатқан Желтоқсан оқиғасына қатысушы ардагерлерді ел осы 16 желтоқсан қарсаңында еске алып, іздей бастайды. Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың өз ішінде бірнеше ұйым, қоғамдық бірлестіктер бар. Жыл сайын осы ұйым, қоғамдық бірлестіктер өз бетінше қарекет етіп, түрлі іс-шаралар өткізеді.

Жуырда «Желтоқсан ақиқаты» ПҚ республикалық қоғамдық бірлестігі шағын футболдан «Қар үстінде жанған алау» деп аталатын турнир ұйымдастырды. Желтоқсан оқиғасының 36 жылдығына орай ұйымдастырылған спорт шарасына Алматыдағы желтоқсаншылар ұйымдары мен бірлестіктерінен құралған бірнеше команда қатысты. Сондай-ақ қазақ журналистері ардагерлерінен жасақталған құрама команда додаға түсті.

«Қазіргі таңда үлкен бір жарыс ұйымдастырудың өз қиыншылықтары бар екені рас. Игілікті спорт шарасын өткізуді қолға алсаң, оны өткізетін орын табу мұңға айналады. Дегенмен желтоқсан батырларына деген құрмет, қошеметі жоғары азамат жігіттеріміз әлі де болса ортамызда баршылық. Осы «Қар үстінде жанған алау» атты желтоқсан батырлары мен БАҚ өкілдері арасындағы жарысты өткізсек деген ұсыныспен келген ұйымдастырушыларға бір ауыз сөзге келмей рұқсат еткен К. Ахметов атындағы Олимпиада резервін дайындайтын республикалық мектеп-интернат колледждің директоры Ернар Таласбекұлы Ибраимов мырзаға желтоқсан батырларының айтар алғысы шексіз.

Хан сарайдай кең спорт залында доп тебу ардагерлерге үлкен бір әсер қалдырды. Турнирді ұйымдастырып, айтулы шараға мұрындық болған «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің жарысында желтоқсаншылар мен ардагер қаламгерлер құрамасы барын салып тартысқа түсті. Жарысқа арнайы шақырылған құрметті қонақ, әйгілі қақпашы, Қазақ футболының ардагері Құралбек Досжанұлы Ордабаев ағамыз қатысушыларға сәттілік тілеп, желтоқсандықтардың жарысына келіп қолдау жасауға жарамай, тым-тырыс отырған қалалық спорт басқармасына өз ренішін білдірді. Осындай жастарға патриоттық рух беретін шараларға келмей, қажетсіз жерден табылатын шекпенді спорт басшыларына әбден етіміз үйреніп қалғаны белгілі. Оған сондай бір көңіліміз де қалған жоқ. Әйтпесе, Тәуелсіздіктің бастау бұлағы желтоқсан көтерілісі емес пе», – дейді турнирді ұйымдастыру алқасының төрағасы, журналист желтоқсаншы Ақын Ордабайұлы.

«Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев биылғы жылы бірлестік бірнеше спорт шарасын өткізгенін, мұндай игі бастаманың жастарға үлгі-өнегелік мәні зор екенін жеткізді. Бірлестік төрағасы Болат Құрымбаев: «Біз, тәуелсіздіктің қарлығаштары болған кешегі жастар, бүгінгі ел ағасы жасына келген жандардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатуын, байланыс берік бола түсуін мақсат етіп осындай игі істерді өткіземіз. Бүгінгі жарысымыздың ашылу рәсімінде қазақтың даңқты спортшы, әйгілі қақпашы Құралбек Ордабаев ағамыздың келіп, қолдау көрсетуі желтоқсаншыларды қанаттандырып, қайрай түсті. Біз бұл турнирді келесі жылы да ұйымдастырып, ауқымын кеңейтіп, еліміздің әр өңірінен желтоқсаншыларды шақырып өткізсек деп жоспарлап отырмыз. Бұл жолғы додаға журналистер командасын шақырудың да өзіндік себебі бар. Төртінші билік, халықтың құлағы һәм көзі саналатын, үнін жеткізетін мінбер – журналистика. Желтоқсаншылардың қазіргі жағдайын да, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің бағыт-бағдары туралы көпшілікті құлағдар етуші бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыстамыз. Бұл әріптестігіміз алдағы уақытта да нығая түседі деп сенеміз. Құралбек Ордабаев ағамызға ұсыныс айттық, келешекте «Қайрат» футбол клубының даңқты ардагерлерімен желтоқсаншылар арасында турнир өткізсек деген жоспарымыз бар. Мұның барлығы да жас ұрпаққа үлгі көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттау», – деді.

Сазгер, ақын, қолөнер шебері, халыққа өзінің жасаған туындылары арқылы кеңінен танылып жүрген Нұрлыбек Бұлжан арнайы келіп, 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқан қайраткерлерге зор денсаулық тіледі. Игі бастаманы қолдауға әзір екенін жеткізіп, турнирді ұйымдастырушы журналист Ақын Ордабайұлына арнайы жонып жасаған қолшоқпарын да сыйға тарту етті.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан бұл күнде марқұм болғандарға Құран бағышталған соң турнир жеребесі тартылды. Олимпиадалық жүйе бойынша өткен тартыста журналистер құрамасы чемпион атанды. Көрермендер режиссер Шоқан Махановтың команданы ұйыстыра білетін шеберлігіне, журналист Әзиз Тастаевтың қақпада тұрып бірнеше шабуылды тойтарған әбжіл қимылына тәнті болды. Күміс медаль «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің мүшелерінен жасақталған командаға бұйырса, қола жүлдені Бостандық ауданының желтоқсаншылары олжалады.

Бейжің жазғы Олимпиадасының күміс жүлдегері, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, желтоқсан оқиғасына қатысушы Батыр Әміржанов, Дархан Жакешов, Нұрдәулет Жайнақов, Сайфутдин Шамсутдинов, Майлыбек Өмірзақов, Ертай Әбуов сынды атымтай-жомарт азаматтар қаржылай қолдау көрсетті. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар, медаль мен диплом берілді.
«Мұндай жарыс не үшін керек? Желтоқсан оқиғасына қатысқан қайраткерлердің батылдығын, елдің ертеңі үшін деп алаңға шыққан жастардың жүректілігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету үшін қажет. Ақын бастаған ұйымдастырушы азаматтарға алғысымыз шексіз. Бір уақыт алаңда доп теуіп, бойы жіпсіп, бір-бірімен шүйіркелесіп жатыр ардагерлер, қандай жарасымды. Мұндай турнирлерді жиі өткізсе, жөн болар еді», – дейді Шоқан Маханов.

Турнирдің дау-дамайсыз өтуін қамтамасыз етіп, жауапкершілікті арқалаған бас қазы Асылхан Әбішев, білікті төреші Мұрат Кененов ойыншылардың ешбіріне бұра тартпай, әділ төрелік етті.

Қуан Көшек

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр