
Шымкентте заманауи қоқыс өңдеу зауытын салу мәселесі соңғы он бес жылдың көлемінде айтылып келеді. Қалалық әкімдік бұл іске уақтысында шетел инвесторларын да тартып, екіарада келісімдерге қол қойылған. Бірақ неге екені белгісіз, миллионнан астам халқы бар мегаполис үшін маңызды кәсіпорынды салу ісі әлі созылып келеді.
Шымкентте коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттігі туындауда. Қазір қалдықтарды өңдеу зауытын салуға қатысты Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде. Қытай компаниялары қалдықтарды өртейтін зауыттың құрылысын салуды көздесе, Германия инвесторлары полигон салуға қажетті заманауи материалдар ұсынуда. Әлемге әйгілі AEN компаниясының өкілдері коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізуге қызығушылық танытып отыр.
Ол «нөлдік қалдықсыз цикл» деп аталатын процесс және экология мен халықтың қауіпсіздігі бөлігінде қабылданған Еуропалық директиваларға сәйкес келеді. Бұл технология электр энергиясын өндіре отырып, қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға, сондай-ақ қоқыс полигонындағы қалдықтарды (шамамен 2 млн тонна) қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Жобаның құны шамамен 200 миллион еуроны құрайды. Бүгінде бизнес өкілдерінің ұсыныстары қаланың ерекшелігіне қарай сарапталуда.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметі бойынша бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қоқыстарды көму жұмыстары толық аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 24 техника жұмылдырылып, экологиялық талаптарға сай жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ төселді.
Жалпы, бүгінгі таңда Шымкент инвестициялық тартымдылық бойынша республикада алдыңғы орында. Бұл жуырда үкімет отырысында атап өтілді. Жақында қала әкімі Мұрат Әйтенов Вьетнам инвесторларымен кездесіп, тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктерін қарастырды.
Соңғы жылдары Шымкент қаласы мен Вьетнам мемлекеті арасындағы сауда-экономикалық қатынастар нығайып келеді. Былтыр тараптар арасындағы тауар айналым шамамен 1,7 миллион АҚШ долларына жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 13 есеге артқан.
Мерей Әлімбек