
БҰҰДБ-сы мен ҚР Үкіметі еліміздің 15 қаласында зиянды қалдықтарды шығару мөлшерін азайту жобасын іске асырады.
Қазірдің өзінде іске асып жатқан жоба – «көміртекті төмендетуді дамытатын тұрақты қалалар» деп аталады. БҰҰДБ-сы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі Ирина Горюнованың айтуынша, жобаны мақсаты – көміртек шығарындыларын азайтатын шараларды жасақтап, қала шаруашылығына кеңінен енгізу, сол арқылы халықтың өмірін жақсарту. Жоба өткен жылдан бастап қолға алынған. Соның ішінде Шымкент, Тараз, Қостанай, Теміртау, Ақтөбе және Лисаковск қалаларында жылу, су және электр желісін жетілдіру, қалалық қоқыстарды өндеу жолға қойыла бастаған. «Бұл бір жағынан кіріс алып келсе, екінші жағынан қаладағы лас қалдықтарды азайтып, қоршаған ортаның тазалығына септеседі» дейді мамандар. Тағы 7-8 қалада осындай бағыттағы жұмыстар жүргізілмекші.
–Қазір Қазақстанда халықтың 50 пайызы қалалық жерлерде тұрып жатыр. Шамамен 2030 жылдарға қарай бұл көрсеткіш 66 пайызға өседі. Бұл – экологияға төнер қауіп бұрынғысынан тағы артады деген сөз. Себебі, ауылдық жерлерге қарағанда, үлкен қалалар тұтыну көлемінің ауқымына байланысты қоршаған ортаға булы газдарды көп бөледі. Яғни, қалаларда инфрақұрылым түрлері және басқа да құрылымдардың жұмысы көбірек пайдаланылады. Сол себепті ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар да көп болады. Бұдан экономикаға да, экологияға да үлкен салмақ түседі. Сондықтан қалалық жерлерде «Жасыл экономика» қағидаларын көбірек айтып, насихаттау маңызды, – дейді БҰҰДБ тұрақты өкілдігінің кеңесшісі Ирина Горюнова.
Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ