jasqazaq.kz

Жас ғалымдардың жасампаз жаңалықтары

27 наурыз 2023, 12:34


Бүгінде отандық ғылымды дамытуға үлес қосып, тың идеяларды жүзеге асыруға ұмтылатын жігерлі жастардың қатары көбейіп келеді. Біз оған Алматы төріндегі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің жас ғалымдарымен кездесуде көз жеткіздік. Өз жобалары мен идеялары туралы айтқанда жас мамандардың көзінен ұшқын атады, сөзге де іркілмейді. Міне, ХХІ ғасырдағы Қазақстан жастары осындай болса керек!

Жас ғалымдарға арналған грантты иеленгендердің бірі – аталған оқу орнының аддитивті өндіріс мамандығының 2-курс докторанты Әлібек Ыбырайым мен оның командасы. Әлібек жетекшілік ететін топтың зерттеу бағыты: электромобильдер, 3D принтерлер, альтернативті энергия көздері, пластикті қайта өңдеу. Жас өнертапқыш өзінің командасымен бірге 1 литр этанолмен 170 шақырымға дейін жүретін электромобиль құрастырып, Индонезияда өткен әлемдік стартап конкурста топ жарған.

Әлібек Ыбырайым, ҚазҰТЗУ аддитивті өндіріс мамандығының 2-курс докторанты:

«Ең алғашқы жасаған электромобильдің салмағы – 97 кило, екіншісі – 48 кило, үшіншісі 33-35 килоға дейін барды. Қазір біздің командамызда 30-дан астам адам жұмыс істейді. Кейбір қатарластарым оқуды бітірген соң өз алдына кетті. Сондықтан қазіргі құрамымызда жаңадан келген жас мамандар бар. Біздің команда 2019 жылы Taiburyl Prototype 2.0 (электромобиль) Малайзияда өткен Азия елдері арасындағы экомарафонда бақ сынаған болатын. Taiburyl Prototype 2.0 1 литр этил спирті (этанол) 370 шақырымға дейін жетеді. Марафонда команда «Spirit of event and Perseverance» номинациясын және 3000 доллар көлемінде ақшалай сыйлық ұтып алды. 2022 жылы Индонезияның Ломбок аралында өткен Азия елдері арасындағы экомарафонға қатыстық. Біздің жасаған электомобильдеріміз Азия елдері арасында «Ең ерекше құрылғы» деген атауға ие болды. Қазір осы жобаны одан сайын жетілдіру үстіндеміз. Келесі үлкен бір — жобамыз біздің команда былтыр 5 миллион теңгеге 3 электр трактор жобасын ұтып алды. Екінші және үшінші прототиптер қар тазалайтын, жүк тазалайтын тракторлар. Қазір осы тракторларды жетілдіріп, алдағы уақытта патентке өткіземіз.

Мен көптеген стартап жобаларға қатыстым. Қазіргі таңда жастарға арналған стартап жобалар өте көп. Бұрын біз жобаларға қатысқанда елу шақты команда қатысатын. Соңғы жылдары 120 командаға дейін қатысады. Бұл тың идеялардың көбейіп, өзінің жобасын жүзеге асырғысы келетін жастардың қатары артып жатқанын білдіреді. Алдағы уақытта машина жасау саласында электромобиль мен электр тракторларды дамытуды алға қойсам деймін. Осы саланың дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

Біздің елімізде жастардың дамуына жан-жақты жағдай жасалған. Жас ғалымдардың дамып, жобаларын жүзеге асыруға университет тарапынан да қолдау көп. Қазіргі таңда біз зерттеу жүргізіп көрдік. Айталық, Еуропа елдері электротехникаға ауысып жатыр. Біздің еліміз де болашақта жасыл экономика саласын дамытуға басымдық беретін болады. Сондықтан бұл саланың болашағы бар. 2030 жылға қарай біртіндеп электромобильдер сұранысқа ие бола бастайды. Сол кезде электр тракторларға да сұраныс артады».

Әлібек командасымен бірге жоғарыда айтқан жобасын одан сайын жетілдіріп, еліміздің дамуына өз үлесін қосқысы келеді. Жас ғалым электромобиль саласын дамытатын маман ретінде қалыптасатынын айтып қалды. Иә, жас ғалымдарға арналған грант өмірлік маңызы бар, елдің дамуына септігін тигізер іргелі зерттеулерге ғана емес, тәжірибеде адамзаттың игілігіне пайдалануға негізделген қолданбалы зерттеулерге де беріледі.

Аталған оқу орнының биомедициналық инженерия мамандығының 3 курс студенті Ақжол Нұрданәлі тіс емдеу саласын дамытуға өз үлесін қосқысы келеді. Жас ғалым тіс емдеуде қызыл иектің сезімталдығын анықтайтын аспап ойлап тауыпты. Ол: «Құрылғыны дамытып, қажетті құрал-жабдықтары келсе, толық аяқтаймын», — деген ойын жеткізді. Ақжолдың айтуынша, мұндай аспапты шығаруға тіс емдеу саласының мамандары мұрындық болған екен.

Ақжол Нұрданәлі, ҚазҰТЗУ биомедициналық инженерия мамандығының 3 курс студенті:

«Мамандығым — биомедициналық инженерия. Негізгі мамандығым -электронды медициналық құрылғыларды құрастыру. Былтыр біздің университеттің жас ғалымдарымен Алматыдағы стоматологиялық колледждің директоры кездескен болатын. Ол кісі осы саладағы біраз қиындықтарды айтты. Кездесу барысында тіске протез орнату барысында емделушінің қызыл иегінің ауырсынуын анықтайтын құрылғы қажет екені айтылды. Осы кезде ойыма қызыл иектің ауырсынуын анықтайтын құрылғыны жасау туралы идея келді. Әрі қарай бұл құрылғыны қалай жасасам деп әбден ойландым. Менің жобам қызыл иектің сезімталдығын өлшейтін аспап деп аталады. Құрылымы дене қызуын өлшейтін құрылғыға ұқсас. Алайда бұл құрылғы сезімдалдықты өлшеп, тіс дәрігеріне дәлме-дәл ақпарат береді. Біз нарықты, одан бөлек шетелдің құрылғыларын зерттеп көрдік. Бірақ балама құрылғы табылмады. Егер біз осы құрылғыны өндіру ісін жолға қойсақ, еліміздегі стоматология саласына жаңа леп әкелетін едік. Бұған дейін қызыл иектің ауырсынуын тіс дәрігері қолдың күшімен анықтап келген. Бірақ кейбір адамдарда ауырсыну әр түрлі болады. Кейбір жасанды тіс салдырған адамдар иегінің қатты ауырғанын айтып, қайтып келеді екен. Аспапты сипаттайтын болсам, ең алдымен құрылғының тексеру ұшы болады, жылжымалы реестр, одан кейінгі бөлімі ардуина деп аталады. Бұл бөлік ақпараттарды есептеп, мәліметтерді жібереді. Ал қалған екі тетік апараттардың дәрежесін сақтап тұратын бөлігі. Бұл әлемде жоқ аспап деуге болады. Ғаламтордан мәліметтер іздеп көрген едім, алайда ол туралы ақпарат жоқтың қасы. Жобаның сызбасы дайын, кейбір қажетті бөлшектеріне тапсырыс беріп қойдым. Алдағы күндері іске қосып көремін. Қазір — сынақ сатысы. Сондықтан жан-жақты жетілдіруді талап етеді».

Ақжол құрылғысын ойдағыдай іске асырса, Алматы ғана емес, ел ішіндегі тіс емдеу саласына жаңа серпіліс әкелетіні сөзсіз. Жас ғалым жобасын жетілдіріп, әрі қарай да биомедициналық инженерия саласын дамыта түсетініне сенімдіміз.

Аталаған білім ордасында өзінің ерекше жобасымен көзге түскен биомедициналық инженерия мамандығының 3 курс студенті Жігер Ғалымбекұлының да бағдарламасы тың идеяға толы. Жас маман мектеп кезінен бастап робототехника саласына қатты қызығыпты. Қазір ол командасымен бірге оптика саласын дамытуға үлес қоспақ. Оның жобасы қазіргі таңда ең өзекті болып саналатын көзәйнектегі линзаның сапасына арналады. Қазір замануи гаджеттердің заманы екенін ескерсек, көзілдірік киетін адамдардың қатары күн санап артуда. Жігердің жобасы көзілдіріктегі линзаның сапасын жақсартуға арналады.

Жігер Ғалымбекұлы, ҚазҰТЗУ биомедициналық инженерия мамандығының 3 курс студенті:

«Менің жобам еліміздегі ең ірі көзілдірік шығаратын зауыттың жұмысын жеңілдетуге арналды. Бізде елімізде көзілдірікке арналған линзалар шығаратын зауыт Алматыда ғана бар. Көптеген тұтынушылар көзілдірікке тапсырыс берген кезде, линза тек қашықтан көруді жақсартуға арналған деп ойлайды. Негізі көзілдірік алыстан не жақыннан қиналмай көруге көмектесіп қоймай, көздің көру қабілетін қалпына келтіруі керек. Линза Алматыға Еуропа елдерінен жеткізіледі. Қазір бізде ең алдымен көру қабілетіңді тексереді, соған сай линзаны дайындап, корпусын жасап береді. Линзаның бетіне бірнеше қабат жағылады. Ол беріктенгіргіш, жарықтандырғыш қабаты. Одан бөлек, көзілдірікке сыртқы факторлар да әсер етеді. Мысалы, жауын кезінде булану, неме ультракүлгін сәулелерді шамадан тыс қабылдау сынды әсерлер. Әйнегі сырылып кетуі мүмкін. Осының барлығы адамның көру қабілетіне әсер етеді. Көзілдірік адамға жағымды әсер ету үшін линзаның өзі бірнеше қабаттан тұруы керек. Біздің негізгі құрылғы осы қабаттарды жасауға арналған. Ондай аспаптар үлкен зауыттарда ғана бар. Біздің құрылғыдағы ең қарапайым әдіс линзаны ваннаға батыру арқылы қажетті қабаттарды жағу. Экономикалық жағынан тиімді тұсы көп. Қазіргі таңда жобаны жетілдіріп, елімізде ұйымдастырылатын стартап жобаға қатысуға қызу дайындық үстіндеміз».

Жас ғалымдар өздерінің тың идеялары арқылы еліміздегі, тіпті шетелдегі стартап жобаларға қатысып жүлделі орыннан көрініп жүрген, болашағынан үміт күттіреді. Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жас мамандардың игі істерін жүзеге асыруға барынша демеу болуда. Осы ретте студенттердің маман ретінде қалыптасуына үлес қосып жүрген ұстаз, аддитивті өндіріс саласы бойынша шәкірт тәрбиелеп жүрген 3-курс докторанты Бауыржан Базарбайдан қазіргі жастардың ғылымға деген ынтасының қаншалықты екенін сұрадық. Маманның айтуынша, студенттерді белгілі бір салаға икемдеу үшін ең алдымен олардың қызығушылығын арттыру керек.

Бауыржан Базарбай, ұстаз:

«Қазіргі таңда машина жасау мамандығы бойынша студенттерге сабақ беремін. Мемлекет тарапынан ұйымдастрылатын бірнеше стартап жобаларға қатыстым. Негізгі салам — машина құрастыру және материал тану. Оған әр түрлі әдістер жатады. Жақында үлкендерге арналған жобаларға да қатысып, бақ сынап көрдім. «Жас ғалым» бағдарламасына көмекші ретінде қатысып жатырмын. Қазір студенттерге аддитивті өндіріс бойынша сабақ беремін. Бүгінде ғылымға қызығатын жастар көп. Бірақ ұстаз ретінде айтқым келетіні: ең алдымен, студенттерді белгілі бір салаға қызықтыруымыз керек. Қазір мен шәкірттеріме принтер арқылы бұйым басып шығаруды үйретіп жатырмын. Олар қандай бұйым жасағысы келеді, одан қалай пайда табуға болады дегенге бағыт-бағдар беремін. Әрбір студент өз қызығушылығы арқылы ертеңгі кәсібіне жол ашуы керек. Қазір озық ойлы жастар көп. Оларға жасалып жатқан мүмкіндік те көп. Студенттеріміз жобаларымен шетелдік конкурстарда жүлде алып жүр. Бұл болашақта елімізді тың жобаларымен танытатын жастардың көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Дұрыс! Болашақ — жастардың қолында».

Иә, Алматыдағы бұл білім ордасында тіршілік қыз-қыз қайнайды. Біз еліміздің болашақ мамандары өздерін сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүргеніне көз жеткіздік. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған жас мамандардың тың жобалары жүзеге асып, еліміздің дамуына әлі-ақ үлес қосады! Осындай жас ғалымдарымыз көп болса, еліміздің болашағы жарқын болатынына сенімдіміз.

Мақпал Ноғайбаева,
Алматы

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде