jasqazaq.kz

Жарас Кемелжан: «Айғырдың баласы» дегенді естісем, керең болайын»

06 ақпан 2025, 13:20

“Жылқының “баласы”, “шешесі” бар ма? Жылқының дұрыс атауын білесіз бе?

Қазақ халқы жылқы түлігін ерекше қадірлейді. Десе де, соңғы жылдары жылқы туралы қате атаулар жиі қолданылып жүр. Бұл әсіресе блогерлер мен атбегілердің жазбаларында жиі кездеседі. Осы мәселеге қатысты журналист Жарас Кемелжан әлеуметтік желідегі парақшасында өз пікірін білдірді.

«Соңғы кездері блогерлер мен атбегілер: «Пәлен айғырдың бел баласы», «Түген айғырдың қызы» деп сөйлейтін болыпты. О заманда бұ заман қазақ жылқының құлынын «бала, ұл, қыз» демеген. Мен де ауылдың баласымын, қорамыздан жылқы, босағамыздан жүйрік үзілмеген жылқышының ұлымын. Жылқы төлін «бел баласы» дегенді естісем, керең болайын. Айналайындар, жылқыға «бел бала» жасап беріп жүргендер, ойланыңыздар. Сендердің кеміс тілдеріңнің кесірінен мыңдаған қазақ баласының тілі бұзылып, «айғырдың қызы, ұлы, бел баласы» деп атайтын болды.

Ұялсаңдаршы. Білмесеңдер, сұраңдар, оқыңдар. Қазаққа пайдаларың тимесе, зияндарың тимесінші!» – деп жазды ол.
Жылқының жасына қарай атаулары бар. Қазақ мұны әбден жүйелеп қойған. Бірақ қазір қалада өскен, жылқы шаруашылығынан бейхабар жастар қате қолданып жүр дейді Жарас Кемелжан. Енді сол қателіктің орнын толтыру үшін Jas Qazaq тілшісіне жылқының дұрыс атауын түсіндіріп берді.

Жылқы жасына қарай қалай аталады?

“Қай қазақ, адам атауын малға апарып таңып еді? Бұл — өрескел қателік. Бұл — мал шаруашылығымен айналыспаған адамның қателігі”- деп бастады әңгімесін Жарас Кемелжан.
Жылқының төлін «құлын» деп атайды. Бұл атау көктемде туған құлынға күзге дейін қолданылады. Ал күзден кейін оның атауы өзгереді.
1. Күзден кейін:
— «Жабағы» – себебі жүні жабағы болып өзгереді. Бұл кезде енесінен бөлініп, жеке баптала бастайды.
2. Келесі көктемнен бастап:
Еркек құлын:
— «Тай» – көктемде жабағы жүні түседі, сол кезде осылай аталады.
— «Құнаншығар» – сол жылдың күзінде
— «Құнан» – екі жасқа толғанда
— «Дөненшығар» – келесі жылдың күзінде
— «Дөнен» – үш жасқа толғанда
— «Бесті» – төрт жасқа толғанда (бұл – «ат» деген сөзбен тең мағынада)
Ұрғашы құлын:
— «Байтал» – жабағыдан кейінгі жылы
— «Құнажын байтал» – екі жасқа толғанда
— «Дөнежін байтал» немесе «дөнежін бие» – үш жасқа толғанда
— «Бие» – төрт жасқа келгенде
Жарас Кемелжанның айтуынша, «бие», «айғыр», «құлын» деген атаулар ғасырлар бойы қалыптасқан. Сондықтан «айғырдың баласы», «биенің қызы» деген сөздерді қолдану мүлде дұрыс емес.

Жылқының түстері де маңызды

Қазақ жылқының түр-түсін де жіктеп атаған. Зерттеуші Жағда Бабалықтың дерегіне сүйенсек, жылқының 1300-ге жуық түр-түсі бар. Бірақ қазіргі кезде тек «торы», «қара», «жирен», «құла», «қарагер», «құлакөк», «қаракөк» деген бірнеше атауы ғана қолданылады.
Мысалы:
* «Қара торы» – қарасы басым торы жылқы
* «Құлагер» – ақшыл көк түсті жылқы
* «Жирен» – қызғылт сары түсті жылқы
Бұл атаулар қазақ жылқы шаруашылығымен тікелей байланысты. Сондықтан ежелден келе жатқан дәстүрлі атауларды сақтау маңызды.

Жарас Кемелжан:
»Одан бөлек, жылқының “әкесі, шешесі” деп жүргендерге айтарым. Әкесі емес, “айғыры”, шешесі емес, “енесі”. Әдебиеттегі мысалды келтірейін, “Ақан серінің Құлагерінің айғыры” дейді. Ал әкесі дегенді қайдан көрдіңіз? Бұл қазақ сөзіне деген үлкен қиянат. Ат мініп жүрген ауыл балаларының өзі жылқы атауларын қате қолданып жүр. Неге? Себебі телеарналарда, блогтарда қате атау қолданыста. Бұл – қазақ сөзінің бұрмалануы!»

Қазақтың жылқыға қатысты атаулары терең мағынаға ие. Әрбір сөзі жылқының жасына, түсіне, ерекшелігіне байланысты дәл айтылған. Қате қолданылған сөздерді тарату – қазақ тілінің шұбарлануына әкеледі. Ұлттық мұрамызды сақтау – барлығымыздың міндетіміз!

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 15:51
«Закон и порядок»: лекцию о цифровой безопасности провели для столичных школьников
10 сәуiр, 23:03
"Народный юрист": жителям Астаны оказали бесплатную юридическую помощь
08 сәуiр, 15:45
Скверлер, жағалаулар мен аулалар: Алматының Жетісу ауданында 12 гектар көріктендіріледі
07 сәуiр, 14:46
Астанадағы білім беру ұйымдарында тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіліп жатыр
07 сәуiр, 14:43
«Таза Қазақстан»: елордалық зауыт аумағында ауқымды тазалық өтті
06 сәуiр, 10:50
OPEC+: Қазақстан мұнай өндірісі көлемін арттырады
03 сәуiр, 19:34
EQ — табысқа жетудің жаңа формуласы
31 наурыз, 20:53
Найти работу в Астане станет проще: Карьерный центр открылся в трех точках города
31 наурыз, 20:52
"Пропущенная доставка": астанчан предупреждают о новой схеме мошенников