Жанымды сығып алғандай болады

07 ақпан 2020, 12:52
Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы-публицист

Біз әдетте алдыңғы буын ағалардан сұхбат алып, солардың ел мен жер, ұлт болашағы туралы айтқан ойына көбірек мүмкіндік береміз. Газетіміздің соңғы сандарында орта буын өкілдеріне сөз бере бастадық. Өйткені, егемендіктің алғашқы жылдары атқа мінген жастардың алды қазір ел ағасы болып қалды. Елдің ендігі сөзін осы азаматтар сөйлейді. Бүгінгі әңгіме-сұхбатымыз бір тақырыптың төңірегінде болмағанымен, оқырман әр әңгіменің астарындағы қорғасындай ойдың, сүңгідей сөздің салмағын түсінеді.

Jas qazaq: Жүсіпбек аға, өткен аптада үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев жазушыларды қатты сынады. Кітап көп шығады, бірақ оқылмайды. Осыны Жазушылар одағы ойлануы керек дегендей әңгіме айтты. Шынымен, жазушылардың кітабы соншалық көп шығып жатыр ма? Неге оқылмайды? Әңгімені осыдан бастасақ…
Ж.Қорғасбек: Бердібек Сапарбаевтың жазушылар туралы айтқан сөзін естіген де, оқыған да жоқпын. Бірақ кітаптың ондаған мың данамен шығып, жазушылардың шалқып жатқанын, кітабы өтпей, дүкенде сіресіп тұрғанын көрген жоқпын. Кітап оқылмайды деген де біржақты пікір. Өйткені, мен 4-5 жылдай «Кітапхана» деген хабар жүргіздім. Басында «Мәдениет» телеарнасынан берілетін. Кейін «Хабар» мен «Қазақстан» арналарында жалғасты. Бір жолы Түркістан облысына жұмыспен барғанмын. «Кітапхана» деген хабарыңыз жақсы еді. Неге жабылып қалды? Қайтадан жалғаса ма?» деген сұрақ алдымнан шықты. Қарапайым адамдардың кітапқа деген құрметі жоғалмаған. Жаңағындай сұрақтарды қойып жүргендер сол қарапайым адамдар. Олардың қалаларға іздеп келіп, кітап сатып алуға ақшасы да жоқ шығар. Бірақ кітапты бәрінен жоғары қояды. Жаңағындай сөздермен біз сол ықыласты суытып алмасақ болды. Жағдайы барлар, ақшасы көптер тоқмейілсіп кітап оқымайтын шығар. Алайда кітап – адамның рухани азығы екенін әлі ешкім жоққа шығарған жоқ. Кітап арқылы адам иманға келеді. Кісілік, адамгершілік қасиеттердің бұлақ көзі кітапта жатыр. Сондықтан, кітап оқылмайды деген біржақты пікірді миымыздан алып тастауымыз керек. Тіпті айтудың да қажеті жоқ.
Jas qazaq: Оқырмандар арасында мынандай бір пікір бар: жазушылар бүгінгі күннің тақырыбын жазбайды, пәтер жалдап өмір сүрген бүгінгі күннің кейіпкерін, арба сүйреген жігіттерді, көшедегі қыздарды қаламына серік етпейді. Сондықтан олардың кітабы оқылмайды деген пікірде. Бұған не дейсіз?
Ж.Қорғасбек: Нобель сыйлығының иегері, өзіміздің түрік Орхан Памуктың «Қар» деген романы бар. Сол роман мектептегі оқушы қыздардың орамал тағу мәселесімен басталады. Біздің елде де бұл қып-қызыл дау болып жатқан тақырып. Оқиға желісі былай: Түркияда туған, бірақ Германиядан оқыған бір түрік журналист Түркияның бір қаласына келеді. Сол күні қаланы қалың қар басып қалып, сырт дүниемен байланыс үзіледі. Әлгі журналист ауқаттануға асханаға кіреді. Қарама-қарсы бұрышта тағы біреу отырады. Бір кезде сырттан біреу келіп, ананы тәмам жұрттың көзінше атады да салады. Сөйтсе, әлгі бұрышта отырған мектеп директоры екен. Ол қыздардың мектепке орамал тағып келуіне қарсы болған. Ал оны атып өлтірген – әсіредіншілдердің өкілі. Роман осылай басталады да, ары қарай қым-қуыт оқиғаларға ұласып кетеді. Осындай дискуссиялық тақырыпты жазсақ, ол кітап оқылуға тиіс. Бұл жағынан оқырман талабы орынды деп білемін. Бірақ бәрі бірдей солай емес. Мұхтар Мағауиннің «Жармағын» кім бүгінгі күннің тақырыбы емес деп айтады? Жас жазушылар бүгінгі күннің тақырыбына көп жаза бастады. Соны да ескеру керек шығар. Бұл жердегі айтайын дегенім – жазушы бүгінгі күннің тақырыбына үн қосамын десе, қиыннан қиыстырып, ретін табады. Ондай тақырып бізде көп. Менің «Көкжалдар» деген романым бар. Әлеуметтік желіде біраз оқырман жақсы пікір білдірді. Оқиға үлкен қаладағы бір ауданда кішкене балаларға тегін анаша таратудан өрбиді. Наркотик (есірткі) таратушылар сөйтіп жас балаларды ауыздандырып, ауқаттылардың балаларын тәуелді етіп қояды. Сондай жолға түскен баласынан құтыла алмаған, қоғамда орны бар әке баласын қыстың көзі қырауда елсіз тауға апарып тастайды. Сонда түрлі оқиға өтеді. Қазір мұндай шығармалар жазылмай жатқан жоқ. Қаны тамып тұрған әлеуметтік мәселелерді, ұлт мүддесін қозғайтын шығармалар баршылық.
Jas qazaq: Кітап демекші, 25-35 жасында жазған бір кітабын қайта-қайта басатын, басын аяғына, аяғын басына айналдырып шығара беретін ақсақал қаламгерлер бар. Тіпті, олардың соңғы 15-20 жылда жазған бір жаңа дүниесін іздеп таппайсыз. Бірақ жазушымын деп күпсінгенде, күпісі жыртылады. Кітап шығару деген осы ма?
Ж.Қорғасбек: Кітап жазу деген оңай шаруа емес, бауырым! Бір кітап түгілі, бір әңгіме жазсаң да, жаныңды жеп отырып жазасың. Ал көлдей роман жазу – ол тіпті бөлек әңгіме. Кейде жазушы бір кітабымен немесе бір әңгімесімен тарихта қалады. Ал кейбір қаламгер өмір бойы жазса да, ілікке алатын бір шығармасы болмайды. Отыз жасында бір жақсы кітап жазып, сол атағымен қалған қаламгер де бар біздің әдебиетте. Жазуға да күй керек, шабыт керек, ең бастысы, еңбек керек. Ал спортшы сияқты «екінші тынысы» ашылып, қолынан қаламы түспей жазып келе жатқан ағаларымызды өзің де білесің.
Сайын Мұратбеков деген керемет жазушы өтті өмірден. «Жабайы алма» деген таңғажайып шығармасы бар. «Жабайы алмадан» кейін де біраз әдемі әңгімелер жазды. «Жабайы алманы» кейін толықтырып шығарды. Бірақ бәрібір алғашқысындай болған жоқ. Алайда әдебиет тарихында классик жазушы болып қалды. Сондықтан мұндайға біржақты қарауға болмайды. Мұхтар Мағауинді білесіздер, сексенге толып жатыр. Қолынан қаламы түскен жоқ. Тіпті «екінші тынысы» ашылғандай. Жетпістен кейін «Жармақты», «Шыңғыс ханды» жазды. Дулат Исабеков баяғыдай әңгіме-роман жазбағанымен, оның жазған пьесалары жыл сайын театр сахналарында қойылып жүр. Бірнеше шығармасы экранға да шықты. Бексұлтан Нұржекеұлы жетпіс жеті жасында Қарқара көтерілісі туралы «Әй, дүние-ай» атты роман жазып, мемлекеттік сыйлық алды. Ал бүгінгі күн дегенде, Қуандық Шамақай осы күнгі тақырыптарды жақсы жазып жүр. Жазу деген қасіреті көп қасиетті өнерді серік еткендерге өз басым құрметпен қараймын!..
Jas qazaq: «Мағауин мифі» деген мақалаңызға жұрт қатты назар аударды.
Ж.Қорғасбек: Осы «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Тораңғы және Тұрсынжан» деген мақаламды да оқырман жақсы қабылдаған. Үш-төрт сайт, бірнеше газет-журнал көшіріп басты. Мен мұндай мақалаларды эмоциямен жазам. Қалай бастаймын, солай аяқтаймын. Көп уақыт кетпейді, бірақ жанымды сығып алғандай болады.
Jas qazaq: Жуырда ғана Орбұлақ туралы жаздыңыз. Екі классик ағамызға ара түстіңіз. Екеуін екі таудың басына шығарып қойдыңыз. Осы ағалар арасындағы алауыздық: рушылдық, жершілдік дерт қашанғы жалғасады? Бұл аурудың тоқтар күні бола ма?
Ж.Қорғасбек: Мен ағаларымды бірлікке шақырдым. Орбұлаққа келетін болсақ, бұл шекара бойындағы бір елдің ғана тағдыр-талайынан хабар беретін тарих емес. Бұл барша қазаққа ортақ шежіре. Бексұлтан ағамыз ол жайында жазбай тұрып та, «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітап шықпай жатып та, біздің жақта Орбұлақ деген жер атауы болды. Ел арасында үлкен қырғынның болғаны айтылып жүрді. Одан басқа Қашама деп аталатын жер барын да естіп жүрдік. Жоңғарлар басқа жол таппай, жартасты қашап жол салған десетін. Осының бәрін бала күнімізден құлағымызға сіңіріп өстік. Оқушы кезімде «Жоңғар тауы» деген өлең жазғаным да бар. Ол аудандық газетке шыққан. Түп атауы Жоңғар тауы емес, Арқас тауы. Орбұлақ оқиғасы сол жерде болған. Біздің жақта Орбұлақ десе, бәрі тік тұрып кетеді. Орбұлақ Жаркент өңіріндегі ел-жұрттың ауызынан түскен емес. Қазірдің өзінде ел мен жерге, жас ұрпаққа рух беріп отыр. Ас-жиын, той-томалақтың сөз басы Орбұлақпен басталады. Сондықтан оны жоққа шығару әділетсіздік деп есептеймін.
Орбұлақты жоққа шығару кімге тиімді? Оны «Қазақ әдебиеті» газетінде «Көзбен көрмегенді сөзбен суреттеу мүмкін емес» деп ашық жаздым. Ойдан құрастырылған оқиға, миф дейтіндерге де айтарымды бүкпесіз жеткіздім. Панфилов ауданындағы дүйім бір халықтың бойтұмарындай болған, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ел ауызында сақталып келе жатқан тарих қалай жалған болады?
Jas qazaq: Сіздерден кейінгі 25-40 жас аралығындағы жас буынның шығармашылығына аға буын ретінде пікір білдіріп тұрасыз ба? Сұрайын дегенім, Мұхтар мен Әбіштер отыздың ар жақ-бер жағында-ақ тарихқа алтын әріппен жазылған шығармаларының біразын жазып тастаған. Қазір ондай жазушы жоқ сияқты. Неге?
Ж.Қорғасбек: Шама-шарқымызша кейінгі қыз-жігіттерге бағыт-бағдар көрсетіп, білгенімізді айтып отырамыз. Қанат Әбілқайыр деген жас жазушы бар. «Жылан кегі» деген хикаятын оқып, қалыптасқан жазушылардың қатарына қосылғанын байқадым. Шекараның екі жағында бөлініп қалған елдің тағдырын мистикалық сюжетпен өте жақсы жазып алып шыққан. Бір жағы кешегі күннің тақырыбы. Бірақ оқысаң, бүгінгі күні шекара маңындағы елдің басында болып жатқан оқиғаға куә болғандай боласың. Кезінде Дидағаң – Дидахмет Әшімханұлы қалам ұстаған жастардың шығармашылығына пікір білдіріп, үн қосып отырушы еді. Қанаттың шығармашылық қуатын танып, жақсы жазушы болады дейтін. Одан кейін Дархан Бейсенбекұлы деген жігіт бар. Ол да жақсы жазып жүр. «Жер сағыз» деген алғашқы әңгімесінен бері жақсы танимын. «Қылбұрау» деген роман жазды. Бүгінгі күннің күйіп-жанып тұрған тақырыбы. Тілі жатық, ойы қанық. Бұл қатарға Ырысбек Дәбей, Бейбіт Сарыбай, Қанат Тілеухан, Есболат Айдабосын, Мақсат Мәлік, Досхан Жылқыбай сияқты өкшемізді басып келе жатқан бауырларымызды да қосамын. Ал сенің сұрағыңа қатысты айтарым, тұлғалар қайталанбайды емес, дәуір қайталанбайды.
Jas qazaq: Бүгінгі қазақ әдебиеті қай кезеңде: тоқырау тұсында ма, әлде қалыптасу, шыңдалу сатысында ма?
Ж.Қорғасбек: 1960-70-жылдардағы әдебиетіміздің алтын дәуірі жоқ. Біздің буынның басы Таласбек Әсемқұлов еді. Ол да жоқ. Бірақ Асқар Алтай, Нұрғали Ораз, Роза Мұқанова сияқты кешегі нарық кезінде нардың жүгін көтерген екпінді буын бар. Олардың да таланы, таланты, намысы, қарымы ешкімнен кем емес. Жасыратын несі бар, жазушылықты нәпақа үшін пайдаланып жүргендер де бар. Тапсырыспен кітап жазатындарды жалдамалы жазушы дейміз. Ондайлар да бар. Оларды да түсінуге болады. Нарықтың талабы қатал. Бірақ әдебиет ондайлардан қашан да биік тұрған.
Jas qazaq: Сақа жорналшысыз. Бұрын журналист беделді еді. Қазір төр блогерлердікі. Әкім-қара, шенеуніктер әлгі блогерлердің алдында бүкшең қағады. Қастерлі кәсіпттің қадірі неге қашты?
Ж.Қорғасбек: Бұл өзі уақытша дүние. Блогерлердің дәурені өтеді. Журналистер қалады. Тек оларға сенсация жазуға мұрсат беру керек. Ондай да заман келеді. Сонда журналистердің нанын ешкім тартып жей алмайды. Дәл қазір блогерлер оқиғаны уақытында, керекті ақпаратты берумен журналистерге бәсекелес болып отыр. Бірақ олар журналист сияқты терең жаза алмайды. Журналистің артықшылығы сол – кез келген тақырыпты ізденіп, зерттеп жаза алады. Өйткені олар осы кәсіпті оқыған. Қазіргі уақыт талабы қатал. Журналист қажетті тақырыпты уақытында тауып, уақтылы жарияласа, одан артық маман жоқ.

Сұхбаттасқан Жарас КЕМЕЛЖАН

Бүгін, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды