
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қарамағындағы қызметкерлерін мектеп оқушылары секілді орындарынан тұрғызып қойып, тапсырма берді.
NUR.KZ сайтының хабарлауынша атқарылған жұмыстары туралы халық алдында есеп берген Түймебаев бір сағатқа жуық баяндама жасады. Оның басым көпшілігінде алдағы уақыттағы жоспарларына тоқталып, мұнан соң халық тарапынан қойылған сауалдарды тыңдады.
Кездесуге келген жұртшылықты түрлі саладағы сауалдар қызықтырды. Соның ішінде идеология мәселесіне алаңдап, облыста бірде-бір идеологтың жоқтығына алаңдаушылық танытқандар да болды. Бұл сауалға жауап берген Түймебаев идеологты өзімен бірге ертіп жүрмейтінін алға тартып, идеология әр адамның отбасынан басталатынын жеткізді.
Екі жарым сағатқа созылған кездесуде сауал қойғысы келгендер санында шек болмады. Алайда уақыттың тығыздығына байланысты барлығына бірдей жауап беруге мүмкіндік болмағандықтан Түймебаев мырза халық көкейін мазалаған мәселелерге басқарма басшылары жауап беретінін мәлімдеді. Тіпті көпшілік алдында залда отырған басшыларды орнынан тұрғызып қойып, кездесу өткен орында кешке дейін қалып, барлық сауалды жауапсыз қалдырмау қажеттігін тапсырды.
Айта кетейік, ОҚО әкімінің есепті кездесуіне үш жарым мыңға жуық адам қатысты. Сонымен қатар облысқа қарасты барлық аудан, қала әкімдіктері онлайн байланысқа шықса, өзге де тұрғындар жиынды әкімдіктің ресми сайты арқылы тікелей көрсетілім арқылы тамашалады.