
Бір-екі күннен бері мұнай саласы бойынша қызмет көрсету компаниясының бір топ жұмысшысы Астанада санкцияланбаған митинг ұйымдастырды. Заң бойынша, бұқаралық іс-шаралар жергілікті атқарушы органдарды хабардар ете отырып, тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың қалыпты жұмысына кедергі келтірмейтіндей, арнайы рұқсат етілген жерде өткізілуі керек.
Митингке қатысушылар жергілікті атқарушы органдарға митинг өткізу туралы өтініш жолдаған жоқ. Жергілікті мәслихат шешімінің тізімінде жоқ орында санкцияланбаған шара ұйымдастырды. Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Бейбіт жиындар туралы» Заңын бұзуына байланысты полицияға акцияның бірқатар ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушылары жеткізілді.
Заң бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 488 және 667 баптары бойынша жауапқа тартылады. Осы баптардың талаптарына сәйкес, кінәлі адамдарға ескерту жасалады немесе 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Заң бұзушылардың әрекетіне қолданыстағы заңнама талаптары бойынша баға беріледі.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзып, жиналыс, митинг, шеру, пикет сияқты өзге де шараларды заңсыз ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Еске сала кетейік, 10 сәуірде энергетика министрлігі ғимаратының алдына 70-ке жуық жаңаөзендік («Бералы Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері) жиналды. Бүгін «ҚазМұнайГаз» өкілдері наразы топпен кездесіп, тендерді жеңген компанияда дәл сондай жалақы мен әлеуметтік пакетпен жұмыс ұсынған болатын. Бірақ әлгі топ тек «Өзенмұнайгазға» жұмысқа тұрғызуды талап етті. Ал «Өзенмұнайгаз» Жаңаөзендегі жұмыссыздарды кезекпен жұмысқа алады. Бұл ережені кезінде Жаңаөзен тұрғындарының талабымен енгізген болатын.
JQ-Aqparat