jasqazaq.kz

Жағымсыз сценарийге жол берілмейді

04 наурыз 2022, 12:02

Қазіргі күрделі геосаяси ахуалды ескеріп, Үкімет пен Ұлттық банк Бірлескен іс-қимыл жоспарын құрды. Үкімет дағдарысқа қарсы, ал Ұлттық банк қаржы тұрақтылығын қолдауға арналған шараларды жүзеге асыра бастады.

Франкфурт аукционы һәм интервенция

Ресейге қарсы санкциялардың күшейтілуі ең алдымен валюта нарығын шарпыды. 24 ақпанда теңгенің долларға шаққандағы бағамы 466,59 теңгеге жетіп, доллар бірден 29,2 теңгеге көтерілді. Осыған орай Ұлттық банк қаржы және валюта нарығына қысымды азайту үшін бірқатар шұғыл шешім қабылдады. 21-25 ақпан аралығында 176 млн долларға интервенция жүргізді. Бұл шара өзгермелі бағам қағидасы негізінде жүзеге асты.

28 ақпанда KASE биржасындағы валюта сауда-саттығының жалпы көлемі 159,5 млн долларды құрады. Оның жартысынан көбін Ұлттық банк сатып алды. Сөйтіп валюта интервенциясының көлемі 98,1 млн доллар немесе барлық сауданың 61,5 пайызын құрады.

Оған қоса, бас банк «Қазақстан қор биржасымен» бірлесіп, теңге-доллар жұбы бойынша сауда-саттық регламентін өзгерту туралы шешім қабылдады. Сөйтіп 28 ақпанда сауда-саттық түстен кейін Франкфурт аукционы форматында ашылады.

Еске түсірсек, 2020 жылы 19-20 наурызда Ұлттық банк пен «Қазақстан қор биржасы» дәл осылай Франкфурт аукционы форматында теңге-доллар валюталық жұбы бойынша сауда-саттық өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Оған мұнай бағасының (Brent) бірден 14 пайызға төмендеуі (баррелі 25 доллар), әлемдік қор мен валюта нарығындағы құлдырау түрткі болды. Міне, екі жыл өткенде тағы да Франкфурт аукционына жүгінуге тура келді. Дегенмен бұл уақытша шара. Осы жолы сыртқы геосаяси факторларды есепке алып, валюта нарығына және ел ішіндегі қаржылық тұрақтылыққа көрсетілетін қысымды барынша азайту қажеттілігінен туындап отыр.

Ұлттық банк өзгермелі бағам кезінде еркін инфляцияны ауыздықтау режимін ұстана береді. Бас банкир Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, нарықтық бағам белгілеуге кедергі келтірмей және белгілі бір бағам деңгейінің шектелуіне жол бермей, еркін өзгермелі бағам кезінде инфляциялық таргеттеу режимін ұстануды жалғастырады. Бұл ретте қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдер күшейген жағдайда валюталық интервенция жүргізіледі.

Базалық мөлшерлеме өсті

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру жөнінде кезектен тыс шешімін қабылдады. Сөйтіп ол жылдық 10,25 пайыздан 13,5 пайызға өсті.

Базалық мөлшерлемені көтеру макроэкономикалық тұрақтылық пен теңге активтерін қорғауды көздейді. Пайыздық мөлшерлемені ұлғайту теңге мен ұлттық валютадағы активтердің тартымдылығын қамтамасыз ету есебінен ішкі валюта нарығындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, базалық мөлшерлеме көтерілгенде, несие және депозит пайыздары да өседі. Сәйкесінше, теңгенің тартымды мөлшерлемесі депозиттердің шетел валютасы салымына ойысуын тежейді.

Осы іспетті шұғыл шешім алдыңғы жылы 10 наурызда қабылданған болатын. Оған коронавирус пандемиясы және ОПЕК+ шешімі ықпал етті. Сол кезде бұл шара валюта нарығындағы алыпсатарлықтың жолын кесіп, теңгенің әрмен қарайғы бағамына жағымды әсерін тигізген-тұғын. Жағдай тұрақтанған соң базалық мөлшерлеме қайта төмендетілді.

Енді, міне, биылғы ақпан және наурыз айларына қысқа мерзімді депозиттер бойынша ұсынылатын ең жоғары мөлшерлемелер көтерілді. Мерзімді депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме ақпан мен наурызға 12 айға, жинақ салымдары бойынша наурызға 12 айға ұлғайтылды. Бұл өзгеріс 24 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді.

Теңге депозиті тартымды

Қаржы нарығының тұрақтылығы мен теңге депозитінің тартымдылығын қамтамасыз ету үшін, бюджет есебінен салымшылардың депозиттері бойынша сыйақы есептеуге арналған теңге салымын қорғау бағдарламасы іске асырылады.

Бұл бағдарлама бір немесе бірнеше екінші деңгейдегі банктегі, сондай-ақ «Отбасы банкіндегі» жеке тұлғалардың теңге салымын қамтиды. 10 пайыз мөлшеріндегі өтемақы (сыйақы) әрбір банкте бір адамға 2022 жылғы 23 ақпан күнінің соңындағы қалдықтар шегіндегі жалпы сомада, бірақ бағдарламаны іске асыру басталған кезден бастап 12 айдан кейін 20 млн теңгеден аспайтын сомадағы (салымның нақты сомасы 20 млн теңгеден аспайтын болса, сол сомадан астам емес) көрсетілген салымдарға бір рет есептеледі. Өтемақыға (сыйақыға) жеке табыс салығы салынбайды. Екінші деңгейдегі банктегі салым мерзімінің соңына дейін, бірақ тетік енгізілген сәттен бастап кемінде 12 ай, яғни 2023 жылғы 24 ақпанға дейін салымды сақтау сыйақыны есептеу үшін міндетті талап болып табылады. Егер салым мерзімі өтемақы (сыйақы) төленгенге дейінгі кезеңде аяқталса, депозит осы бағдарламаның аяқталу мерзіміне дейін ұзартылуы тиіс. Салымды ішінара алу кезінде өтемақыны (сыйақыны) төлеу жоғарыда көрсетілген лимиттерді ескере отырып, ақша алынғаннан кейін салым қалдығының сомасына жүзеге асырылады. Жуық арада Үкімет пен Ұлттық банктің тиісті актілері қабылданады. Бағдарламаға қатысу үшін салымшы өзінің депозиті салынған екінші деңгейдегі банкке барып өтініш беруі қажет.

Ескеретін жәйт, бұл бағдарлама ағымдағы және карточка шоттарын, талап етілгенге дейінгі депозиттер мен шартты депозиттерді қамтымайды.

Төлем нарығына қауіп жоқ

26 ақпанда Ақ үй Еуропалық комиссия, Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания, Канада және АҚШ көшбасшыларының Ресейге қатысты бұдан былайғы шектеулі экономикалық шаралар туралы бірлескен мәлімдемесін жариялады. Бұл шаралар Ресейдің жекелеген банктерін SWIFT хабарларымен алмасу жүйесінен алып тастауды және басқа шектеу шараларын, оның ішінде Ресейдің Орталық банкіне қатысты шектеу шараларын енгізуді көздейді.

Осыны есепке алып, Ұлттық банк нақты уақыт режимінде елдер үкіметтерінің, орталық банктері мен қаржы ұйымдарының ресми мәлімдемелерін қадағалап отырады. Ресейге қарсы жаңа санкциялардың еліміздің қаржы жүйесіне ықпал ету дәрежесін бағалайды.

Рубльдің шамадан тыс ауытқуының теңгеге негізсіз ықпал етуін төмендету үшін Ұлттық банк қажет болған жағдайда валюталық интервенция жүргізеді. Интервенция көлемі мен жиілігі ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты.

Ресейдің қаржы хабарламасын жіберу жүйесі (СПФС) SWIFT-ні алмастыра алады. Ресей орталық банкінің төрайымы Эльвира Набиуллина оған шетелдік қатысушылар да қосыла алатынын мәлімдеді.

Шындығын айтқанда, бүгінге дейін SWIFT дегеннің не екенін көп адам біле бермейтін. Аз-кем түсініктеме бере кетейік.

SWIFT (Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunications) «дүниежүзілік банк аралық байланыс арналарының қоғамы» деп аударылады. Бұл – төлем жасауды жеңілдететін халықаралық банк жүйесі. Бірақ ол ақша емес, хабарлама жібереді. Бұл жүйе бұрынғы байланыс арналарын біріктіріп, жаһандық желіге айналды. Ол арқылы хабарлама жөнелту жылдам, әрі мұнда құпиялық сақталады. Осы жүйе арқылы орта есеппен күн сайын 40 млн хабарлама өтеді.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев өзінің FINANCEkaz телеграм-каналында мұның еліміз үшін қандай кері әсері бар екеніне тоқталды. Оның айтуынша, ең бірінші және тікелей қауіп – Ресеймен өзара сауда-саттық баяулайды. «Ресейді SWIFT-ден ажыратса, мұндай төлемдер өтпей қалуы мүмкін. Банктер арасында тікелей келісім болмаса» дейді сарапшы. Оған қоса, Ресей импортының үлесі азаюы мүмкін.

Freedom Holding директоры Тимур Турлов өзінің Фейсбук парақшасында оған мынадай түсініктеме берді: «Бұл банкаралық банк-клиент. Әлемдегі барлық банктер үшін қауіпсіз әрі жылдам ақша аударымына хабарлама алмасуға мүмкіндік береді. Осы жүйенің көмегімен банктер шетелдегі серіктестеріне қаржы аудару, конвертация жөнінде бұйрық береді. Келісімді бекітеді, клиенттер үшін кепілдеме береді. Жүйенің өзі ешқандай қаржы аудармайды. Ол жай ғана коммуникация құралы».

SWIFT жүйесінен ажырату қаржы аударымын жояды дегенді білдірмейді. Дәл соның өзіне тыйым салатын қосымша санкция болмаса, әрине.

Тимур Жақсылықов, ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

«Қазір қандай да бір асығыс қимыл жасаудың қажеті жоқ. Теңге бағамы көтерілуі де, төмендеуі де мүмкін. Бәрі де болып жатқан жағдайға байланысты. Алдағы уақытта теңге бағамы тұрақтанып, таяу арада қалпына келуі мүмкін. Ресей рублі, әрине, отандық экономикаға белгілі бір әсерін тигізеді. Бірақ Ұлттық банк қажетті шараларды қолға алды».

Андрей Чеботарев. қаржы сарапшысы:

«Қазір доллар сатып алу керек пе? Оны әркім өзі шешсін. Бірақ мен қарызға алған ақшамен валюта сатып алмауға кеңес беремін. Нарықты алдау үшін несие алудың реті жоқ. 99 пайыз жағдайда мойныңызда қарыз қалады».

Ғалымжан Пірматов, Ұлттық банк төрағасы:

«Жекелеген ресейлік банктердің SWIFT-тен ажырату Қазақстанның ішінде төлем жүргізуге еш әсерін тигізбейді. Елдегі төлем нарығына тікелей қатер төндірмейді. Қазақстандық банктердің ел ішіндегі ақша аударымдары, клиенттік және өзіндік төлемдерді жүргізу бойынша барлық операциялар қалыпты жағдайда жұмыс істейді. SWIFT жүйесінен ажыратылған Ресей банктері клиенттерімен трансшекаралық операция жасауды қамтамасыз ету үшін өзара есеп айырысудың баламалы тетіктері қарастырылды».

Әлібек Қуантыров, ұлттық экономика министрі:

«Біз бір-екі банкке ғана байланып қалған жоқпыз. Қазақстан да SWIFT-нің белсенді қатысушысы. Егер әлгіндей жағымсыз сценарий жүзеге асса, тығырықтан шығатын жол табамыз».

 

Гүлнар Ахметова

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде