
Қоқыс жәшігінде жатқан шақалақты қаладағы ЖОО жатақханасының бірінің маңынан тапқан. Бұл туралы NUR.KZ. patrul.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. Әлі де тыныс алып жатқан шақалақты таңғы сағат алтылар шамасында Байтұрсынов көшесінің бойында, Төле би мен Қарасай батыр көшелерінің арасында орналасқан қоқыс жәшігінен тауып алған. Оны сол маңнан өтіп бара жатқан жаяу жүргінші байқап қалған. Ол полицияға хабарлап, жедел жәрдем шақырған. Тез арада ауруханаға жеткізілген баланың кіндігі де байланбаған.
Аз уақыттан соң жақын маңдағы жатақханадан баланың анасы да табылды.
Баланы босанып, тастай салған 18 жастағы Қызылорда облысының тумасы, Алматыдағы ЖОО-дың бірінің 2-курс студенті болып шықты. Бойжеткен медициналық көмекке зәру болған. Ол шұғыл қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілді.
Алдын ала болжам бойынша, ол дәл жатақхана бөлмесінде, жалғыз өзі босанған.
Ал Алматы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Қатты әлсіреген шақалақ бірнеше сағаттан соң шетінеп кеткен.
Баласын қоқыс жәшігіне тастаған бойжеткенге қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 119-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жалғасуда.