
2016 жылғы «Алтын домбыра» айтысында Болатбек Оразбаев пен Мұхтар Ниязов арасындағы тартысты айтысты көрген көрермен Мұхтардың «Алтын домбыраны» екінші рет алғанына көңілдері толмай, түрлі қауесет таратқан болатын. Осыған байланысты Жүрсін Ерман алдағы уақытта тікелей эфирде Болатбек пен Мұхтардың арасында айтыс өткізетінін айтқан еді — деп жазды baq.kz.
«Бәріңе!
Ауруxанада жатырмын. Бітеліп қалған қан тамырларыма ота жасамақшы. Осыдан аман шықсам бір жоспарым бар:
Алтын домбыра туралы әртүрлі әңгіме айтылды ғой. Анығы, Аллаға аян. Болатбек пен Мұxтардың арасында уақыты шектеусіз жекпе-жек айтыс өткізгім келеді. Тікелей эфирде. Көрсетілімді қай телеарна мойнына ала алады? Демеуші болғысы келетіндер бар ма? Төрелікті xалық жасаса, қайтер ед? Қандай жолмен?
Ақыл қосыңдар. Пікір айтыңдар. Сырттан сынай беру оңай ғой. Ішінде болыңдар. Ұлт өнеріне шын жанашыр болсаңдар, соңынан жұдырық білеп әркімді ғайбаттағанша қазір көмекке келіңдер.
Жобаны жүзеге асыру үшін мен өліп қалмауым керек, дұғаларыңа қоса жүріңіздерші» — деп жазған болатын Жүрсін Ерман өзінің фейзбуктағы парақшасында.
Бүгін Жүрсін ағамызға хабарластым. Аллаға шүкір, ауруханадан шығыпты. Денсаулығы да қалыпына келіп қалған екен. Мұхтар мен Болатбектің арасында өткізуге жоспарлаған айтыс жайын сұрадым.
«Әлі дайын болмай жатыр. Қай телеарнадан өткізетініміз де нақты шешілген жоқ. Демеушілер де болмай тұр» — дейді ағамыз.
Осындайда халық көкейіндегі, ұлттық рухымызды көтерудегі, қала берді көрермен көңіліндегі кірбіңді тарқату үшін Мұхтар мен Болатбектің сөз барымтасын тікелей эфирден көрсететін бір отандық арна шықпағанына қынжылады екенсің.
Айтпақшы, айтысқа қатысты тағы бір жайды айта кеткім келеді. Жүрсін Ерманның инстаграм парақшасына gulmiraaitore есімді қолданушы «Аға Қайнар Алагөзов деген ақын «айтысқа Жүрсін аға шығармайды» дейді, сол рас па?» — деп сауал жолдаған екен.
Оған айтыс жанашыры: «Қайнарды шығармай жүргенім рас. Аян Сейітовтің де алды жабық тұр. Арақ пен айтыстың арасын ашып алмай, сондай талантты қор етіп жүргеніне өкінемін. Биыл Ақтөбеде үш айтыс бар. Дені сау таланттарға тосқауыл жоқ» — деп жауап беріпті.