
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат, «Ауыл» партиясының өкілі Жигули Дайрабаев агробанк құру қажет деді.
«Ауыл» партиясының фракция депутаттарының сауалы 280 мыңға жуық фермердің, мыңдаған сала мамандары мен ауыл кәсіпкерлерінің талабына айналған Агробанк құру мәселесіне арналып отыр. Бұл тақырыптың биік мінберлерден көтеріліп жүргеніне он жылдан асты. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің жауыр болған жауаптарын қолданбай, Үкімет басшысы ретінде агробанк құруға қатысты нақты позицияңызды айқындауды сұраймыз. 2022 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесу барысында Үкіметке осы мәселені зерделеу керек деп айтқан болатын. Біріншіден, «Аграрлық несие», «ҚазАгроҚаржы» сияқты квазимемлекеттік қаржы институттары бар болса да, олар арқылы берілетін несиенің көлемі өте аз. Фермерлерге бүгінде кем дегенде 2 трлн теңге қажет. Елімізді аграрлық державаға айналдырамыз десек, бұл тұрғыда 5 трлн теңге керек. Ал қаржы инситуттары арқылы берілетін қаражат оның оннан бір бөлігіне де жетпейді. Толыққанды банк ретінде жұмыс істей алмаған соң қаржы институттары қосымша кіріс көзін аша алмайды. Демек олар айналымдағы капиталын ешқашан да ұлғайта алмайды деген сөз. Әрине, сырттан қарыз алуға болады, бірақ «ҚазАгро» холдингінің 2012 жылғы қателігінен валюта құнының айырмашылығы бюджет пен фермерлердің мойнына түскенін ұмытпайық», – деген Ж.Дайрабаев аграрлық саланы қаржыландыруда банктердің ынтасы төмен екенін де атап өтті. Депутат депозиттер мен кассалық операциялар арқылы қыруар пайдаға кенеліп отырған банктердің жұмысын реттеу керектігін, аграрлық салаға несие бөлуде заңнама арқылы міндеттейтін заң нормалары жоқ екенін де айтты.
JQ-Aqparat