Алматыда Қазақстандық медициналық зертханалық диагностика қауымдастығының (ҚМЗДҚ) зертханалық медицина бойынша конгресі өтті. Халықаралық деңгейдегі іс-шара денсаулық сақтаудың біріккен, науқасқа бағытталған жүйесінің қалыптасуы жағдайында Қазақстанда заманауи зертханалық диагностиканың дамуына қатысты өзекті мәселелерге арналды.

Конгресс бағдарламасына клиникалық зертханалық диагностиканың негізгі бағыттары бойынша ғылыми және тәжірибелік жетістіктерді таныстыру енген. Зертханалық медицина мамандарын дайындау және аккредиттеу, қаржылық және еңбек шығындарын оңтайландыру үшін зертханалық ағымдар логистикасы, зертханалық практикаға жаңа технологияларды енгізу, ЕАЭҚ-пен халықаралық ынтымақтастық шеңберінде медициналық бұйымдар мен in vitro диагностикасын тіркеу жүйесі талқыланды.
Баяндама жасағандардың айтуынша, зертханалық талдауларға мұқтаждық – емдеу процесінің ажырамас бөлігі. Отандық медицинада жыл сайын бұл қажеттілік арта түсті. Уақыт талабы – клиникалық-диагностикалық зертханалардың қызметінің жаңа ұйымдастыру-құқықтық формаларын енгізу. ҚР зертханалық қызметінің дамуындағы негізі бағдарларды талдау медициналық зертханаларда орындалатын зерттеулердің, ал түрлі зерттеулер арасында жалпы клиникалық және иммунологиялық зерттеулер санының өсіп жатқанын көрсетті.

«Біз өзгеріс, алдын алу медицинасы мен «заттар интернеті» инфрақұрылым дамуы әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл клиникадағы зертханалық процестердің дамуына әсер етпей қоймайды. Қазіргі уақытта зертханалық зерттеулердің, геномдық тестілеу негізінде жаңа диагностикалық тестілерді енгізу мен клиникалық-диагностикалық және медициналық зертханалар қызметкерлерінің функционалының өзгеруі байқалып отыр. Сондықтан заманауи клиникалық-диагностикалық зертханалық қызмет денсаулық сақтау саласы бюджетіне сай келетін және диагностика сапасы мен құндылығының жоғарылауына бағытталған қарқынды жүйе болуы тиіс»,- дейді Қазақстандық медициналық зертханалық диагностика қауымдастығының президенті, ҚР ДСМ «ҰМУ» АҚ клиникалық зертханалық диагностика кафедрасының профессоры Мұстафа Рысұлы журналистерге берген сұхбатында.

Өз кезегінде шетелдік сарапшылар зертханалық диагностиканың заманауи жоғары сезімтал тәсілдері бірқатар аурулар кезінде ақпараттандыру жағынан инструменталдық тәсілдерден артып түсіп, диагноз қоюға қажетті стандартты зерттеулер қатарына кіреді. Медициналық зертханалардағы сапа саласында құзыреттерді дамыту департаменті төрағасы Игон Аман қазақстандық журналистермен Германиядағы зертханалық диагностиканың жұмыс сапасы мен дамуы туралы ақпаратпен бөлісті. Неміс профессорының сөзінше, Германияда денсаулық сақтау саласында мәліметтер сапасын қамтамасыз ету үшін арнайы зертханалық қызмет көрсету жетілдіріліп жатыр. «Елімізде жеке зертханалардың көптігіне қарамастан, мемлекет бұл саланы жеткілікті түрде қолдайды. Мемлекет жаңа әдістер мен технологияларға ірі инвестициялар жасайды. Ал, осы конференцияда қазақстандық әріптестер айтқан кадр мәселесіне немесе бұл салада мамандардың жетіспеуі туралы айтар болсақ, Германияда бұл проблема жоқ. Қазіргі кезде зертханалық қызмет көрсету автоматтандырылған және роботтандырылған. Сондықтан зертханалық мамандардың көп болуы қажет емес. Бұл экономикалық жағынан да тиімді», — дейді профессор.
Екікүндік халықаралық конгресс жұмысына клиникалық-диагностикалық зертханалардың, медициналық компаниялардың жетекшілері мен қызметкерлері, клиникалық бейіндегі дәрігерлер, бейінді жоғары оқу орындары мен ҒЗИ қызметкерлері, сонымен бірге қазақстандық, алыс және жақын шетел ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Конгресс шеңберінде семинарлар, заманауи зертханалық құрылғылар, реактивтер, шығын материалдары көрмелері өтті. Бұл айтулы шара халықаралық ынтымақтастық, дамыған еуропалық зертханалық медицина мамандарымен тәжірибе алмасу алаңына айналды.

Іс-шараға Халықаралық клиникалық химия және зертханалық медицина федерациясы (IFCC) қолдау көрсетті. Конгресс ұйымдастырушылары – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі; «Ұлттық медициналық университет» АҚ; Қазақстандық медициналық зертханалық диагностика қауымдастығы. Бірлескен ұйымдастырушы: ҚР Клиникалық цитологтары қауымдастығы. Өткен конгресте зертханалық қызметті реформалаудың стратегиялық жоспарлары, медициналық көмек көрсету кезеңдерін есепке ала отырып зертханаларды модернизациялау жоспары, ҚР зертханалық қызмет көрсету стандартизациясы бағдарламасы, сапаны бақылау жүйелері мәселелері кеңінен талқыланды.

Сонымен бірге жоғары және орта медициналық білімі бар мамандар тапшылығы мәселелері, зертханалық процестерді ақпараттандырудың төмен деңгейі, клиникалық-диагностикалық эксперттік және ұлттық референс-зертханалардың жоқтығы, ҚР зертханалық қызмет көрсетуінің ұлттық үлгісінің болмауы және өзге де мәселелер туралы айтылды. Конгресс жұмысының қорытындысы бойынша кәсіби қауымдастықтың ұсынымдарына сай заманауи әлемдік бағыттарды есепке ала отырып, дербестендірілген зертханалық медицинаның ұлттық үлгісін дамыту бойынша қарар қабылданды.
Айдос Құсайынұлы