
Павлодарлық Дмитрий Байдахметов облыс әкімінен жұмыс сұрады. Ол төртінші разрядтағы газ дәнекерлеуші мамандығын игерсе де, жұмыс таба алмағанын және уақытша табыстармен күнелтіп жүргенін жеткізді.
Д.Байдахметов «Зауыттағы таныстарымның айтуынша, жұмысқа алу үшін ақша төлеу керек. Қазір таксист, жүргізуші болып ақша тауып жүрмін. Маған жұмыс табуға көмектесіңізші» — деді.
Аймақ басшысы жастармен кездесуде жұмыс іздеген жігітке көмектесу туралы тапсырма берді. Қазақпарат хабарлағандай, әкім жас мамандарды жұмысқа алудағы тамыр-таныстық пен жемқорлықты сынға алды. Б.Бақауов «Біз ақшасыз жұмысқа тұра алмайсың деген пікірлердің тамырына балта шабуымыз керек. Облыста кадр жетіспеушілігі байқалады, оларға мемлекеттік қызметтен, кәсіпорындардан жұмыс ұсына аламыз» — деді.