
Қырғызстаннан ақша қаражатын жымқырды деген күдікті экстрадицияланды. Ол жәбірленушілер мен екінші деңгейлі банктердің ақшалай қаражатын жымқырды деп күдікке ілінген, деп хабарлайды jasqazaq.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Тергеу барысында 2022–2024 жылдар аралығында Қазақстанның үш азаматы ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, қайтарылмайтыны алдын ала белгілі несиелерді рәсімдеу схемасын әзірлегені анықталды.
Қылмыстық жоспарды жүзеге асыру үшін олар азаматтарды автокөлік сатып алуға банктік несие алуға тартқан. Кейіннен аталған көліктерді қаскөйлер сатып, түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Бұдан бөлек, қылмыстық топ мүшелері іс жүзінде жоқ автокөліктерге банктік несие рәсімдеуге байланысты тағы бір алаяқтық схеманы қолданған. Ол үшін ойдан шығарылған көлік құралдары Алматы қаласының Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында Қырғыз Республикасынан әкелінгендей заңсыз тіркелген. Осыдан кейін олардың «сатып алынуы» үшін үшінші тұлғалардың атына екінші деңгейлі банктерден несиелер рәсімделген.
Осы тәсілмен алынған қаражатты да сыбайластар жеке мақсаттарына пайдаланған.
Заңсыз әрекеттер салдарынан екі қаржы ұйымы мен 77 жәбірленушіге жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
Қылмыстық топтың екі мүшесіне қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Үшінші қатысушы қылмыс жасағаннан кейін тергеу органдарынан жасырынып, оған іздеу жарияланған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ол Қырғыз Республикасының аумағында анықталып, ұсталды. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Өзіне тағылып отырған қылмыс үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза көзделген.