
Петропавлда екі ай бұрын кілттерін алған екі жүзге жуық отбасы баспаналарына әлі кіре алмай жүр. Бірінші желтоқсанда салтанатты түрде кілттерін иелеріне табыстаған пәтерлерде су, жарық жоқ және жеделсаты іске қосылмаған. Ызаға булыққан тұрғындар жауап берер кезде бір-біріне сілтейтін тиісті мекемелердің жұмысына көңілдері толмайтындарын айтады.
Мейрамовтар жанұясы жаңа баспаналарының кілтін өткен жылдың 30 қарашасында алған. Алайда екі айдан бері бос тұрған жаңа қоныстарына бүгін ғана көшіп келіпті. Оның өзінде барар жеріміз болмаған соң, амалсыз келдік дейді. Өйткені тоғыз қабатты жаңа тұрғын үйде су, жарық, газ алпыс күннен бері тартылмапты.
ДӘРИҒА ИСИНА, Қала тұрғыны:
— Жалдап тұрған үйіне 30 коммуналдық төлем бар. Қырық мың шығып тұр. Мына үйге 40 мың төлейді. Сонда айына 80 мың. Жандары қиналған соң осында су болмаса да бүгін көшіп жатыр.
Коммуникация желісі толық тартылмаса да өз пәтерлеріне көшкен санаулы ғана отбасының күнделікті таңғы тірлігі осы. Суды көшедегі құдықтардан тасып ішеді. Сондай-ақ тоғыз қабатты үйде жедел саты да істемейді. Қазақстандық ипотекалық компаниямен келісімшартқа отырған тұрғындарға үйлеріне о баста 30 тамызда кіресіңдер деген көрінеді. Бірақ содан бері жарты жыл өтті, әлі пәтерімізді күтіп жүрміз деп қапалы.
ЖАН ЖАКУБАЕВ, Қала тұрғыны:
— Су, жарық жоқ. Көше алмай әлі жүрміз. Бірінші платежды 3 қаңтар төлеттірді. Екінші платежды төлеп жатырмыз. Пәтерде батареялар керемет ыстық та емес. Қан жылым ғана. Екі балам бар. Тоңбай ма балалар?
Қазақстандық ипотекалық компанияның қаладағы өкілдері мәселеге жауап бере алмады.
Ал қалалық әкімдік өкілдері қос баспанаға жергілікті билік тарапынан барлық коммуникацияның тартылып берілгенін айтады. Ішкі мәселелерді Қазақстандық ипотекалық компанияның өздері шешеді дейді.
БАУЫРЖАН БЕЙСЕМБАЕВ, Петропавл қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
— Компания өкілдері барлық коммуналдық мекемелерге желілерді қосу үшін құжаттарды тапсыру керек болған. Жуырда Алматыдан келіп осы жұмысты реттеді. Келісімшарт міндеттемелері орындалды. Тұрғындар жақын арада үйге көшуі тиіс.
— Яғни, компанияның үйлерге тартылған коммуникацияларды пәтерлерге қоса алмағандығы кедергі келтірген дейді. Осы мәселелер енді ғана реттеліпті. Соған сәйкес 197 отбасы екінші рет қоныс тойын тойлайтын түрі бар.