
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Хорасан ата кесенесінің маңында жергілікті жұрт «Меккедегі Қағбаның көшірмесі» деп санайтын құрылыс бар. Бұл туралы Nur.kz сайты Азаттыққа сілтеме жасап хабарлады.
Бұл зират «аймаққа ислам дінін жайған Әбжелел баптың құдайға сыйынған жері» деп аталады екен. Кей зиярат етушілер бұл жерге «Қағба көшірмесін» көруге ғана келсе, кейбір адамдар оны жеті рет айналып, Меккедегідей қажылық ғұрыптарын орындайтын көрінеді.

Жаңақорған ауданы имамының айтуынша, бұл аңыздың 400-500 жылдық тарихы бар алайда екінші Қағба деп атауға мүлде болмайтынын айтады. Мешіт қызметкерлері Қағбаға ұқсайтын ескерткіштің түр-сипатын өзгертуді Әбжелел баптың ұрпақтары мен жергілікті халыққа бірнеше рет ұсынғанын айтады. Алайда жергілікті халық ескіден келе жатқан орынды өзгертпеуді, қаз-қалпында қалдыруды сұраған.

Ескерткішкке қатысты бірнеше аңыз бар. Бір аңызда 8-9 ғасырда Әбжелел бап бұл жерді намаз оқитын бөлме ретінде салған-мыс. Кейін кесене тозған кезде сыртын қоршап, осындай макет жасалынған көрінеді.

Тарихшылардың өзі бұл ескерткіштің қалай тұрғызылғаны туралы деректер тек халық аузындағы әңгімелерден құралғанын мойындайды. Ғылыми тұрғыдан алғанда шындыққа саятын дүние емес деп отыр. Десе де кесенеге келушілердің арасында»екінші Қағба» деген анызға сенетіндер көп екен.