
Қызылордада салынып жатқан шыны зауыты тағы дауға қалды. Себебі жобаның бас мердігері «Шымкентхиммонтаж» компаниясы жұмысшыларына 4 айдан бері жалақы төлемеген. Сондықтан олар бүгіннен бастап зауыт құрылысын тоқтатуға мәжбүр. Ал жалақының төленбеуіне жемқорлық себеп. Бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаев бастаған топ құрылысқа деп бөлінген қаржының 1 миллиард теңгесін талан-таражға салғаны айтылған. Осылайша мердігер компания басшылары қамауға алынып, екі ортада құрылысшылар зардап шегіп отыр.
ktk.kz хабарлағандай, Қызылордадағы шыны зауытының құрылысына жүздеген жұмысшы тартылған болатын. Мамандардың көпшілігі көрші облыстардан келіп еңбек еткен екен. Енді міне сол азаматтар үйлеріне қайтатын қаржы таппай сандалып жүр. Өйткені қара суыққа қарамай құрылысқа жегілгендер төрт айдан бері табан ақы маңдай терлерімен тапқан табыстарын алмапты.
Тоқтасын Сыздықов, жұмысшы:
-Қайтатын жол пұл да жоқ. Мұның барлығы банкрот болған дейді. Сатылғасын айлық беріледі дейді.
Шыны зауытын салу «Шымкентхиммонтаж» компаниясына жүктелген болатын. Мердігер мекеме зауытты алдағы мамыр айында пайдалануға беруі тиіс еді. Алайда құрылысқа деп бөлінген миллиардтарды «Шымкентхиммонтаж» басшылары Қуандық Бишімбаевпен бірлесіп жеп қойған. Қазір құлқынның қамын ойлағандар қамауда отыр. Ал зауыттың енді қашан іске қосылатыны белгісіз. Жұмысшылар да айлықтарын кімнен дауларын білмей дал болып жүр.
Әділхан Байтілеуов, жұмысшы:
-Менің алты балам бар. Бәрі маған қарап отыр. айлық жоқ. Отын-көмір керек. Жағдай қиын. Сотқа береміз. Сотпен өндіреміз деп отырмыз.
Ал атқамінерлер зауыт жұмысшыларының төрт айдан бері көк тиын алмағанын бұған дейін білмедік дейді. Тек бүгін құрылысшылардан арыз түскен екен. Сондықтан жергілікті әкімдік олардың ақшаларын енді сот арқылы өндіріп береміз деп отыр.
Ринат Сұлтангереев, Қызылорда облысының индустриялдық- инновациялық даму басқармасының басшысы:
-Еңбек инспекциясымен келістім. Ертең сол жерде кеңес өткіземіз. Сол жерге шығып халықпен сөйлесіп, кімге қанша қарыз анықтаймыз.
Бұл зауыттың құрылысын енді басқа компания жалғастырады екен. Себебі жергілікті билік бас мердігердің ауысатынын айтты. Сол себептен облыс әкімінің есеп берген сайын мақтанышпен айтып жүретін шыны зауытының ашылу салтанаты біраз уақытқа шегерілетін сыңайлы.