
Кеше ғана «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезі өтіп, оның атауы өзгерді. Халық аманатын арқалап, ел үмітін ақтаймыз деген сипаттағы ұлы мұратты мақсат тұтқан билеуші партия енді «Аманат» атанып отыр. Осыған байланысты біз сол партияның мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Жулинге жолығып, пікірін білген едік. Оның екі себебі бар.
Біріншіден, оны халық ішінен шыққан депутат деуге болады. Қарағандыда ұстаздық еткен, түйткілі көп қала Теміртауда басшы болды. Депутат атанғанына бір-ақ жыл, демек бюрократтана қойған жоқ.
Екіншіден, «Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып жатыр» деп былтыр базбіреулер байбалам салғанда, оларға үзілді-қарсы шыққан патриоттардың бірі. Мұндай арантушыларға әрдайым тойтарыс беріп отыру керек дей келе, өзінің біраз уақыттан бері мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойғанын мәлімдеген болатын.
– Юрий Викторович, партия атауының өзгеруінде қандай астар бар? Қосылғыштар өзгерсе де, қосынды өзгермейді деген сыңайда сын айтушылар да баршылық.
– Кез келген мемлекеттің даму кезеңінде оның болашағын айқындайтын, бағыт-бағдар сілтейтін бір бетбұрыс сәттері болады. Біз сондай тарихи кезеңді бастан кешіріп отырмыз. Оған қаңтардағы қайғылы оқиғаның себепші болғаны өкінішті-ақ. Бірақ, қалай десек те, біз дамудың жаңа кезеңіне аяқ бастық, Президент ұсынған Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Бұл – уақыт талабы, қоғам сұранысы. Билеуші партия атауының өзгеруін де сол талап пен сұранысқа жауап ретінде қарастырған дұрыс.

Бұл жерде тағы дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы жатыр. Біздің партияның негізі осыдан жиырма үш жыл бұрын тура бірінші наурызда қаланған екен. Съезге қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайлы айта келе, «Бірнеше ұсыныстың ішінен Aманат деген атауға тоқтадық. Бұл ұлт үшін де, халық үшін де қастерлі ұғым. Бұл мемлекеттілік пен ұрпақ жалғастығын көрсетеді. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Мен партиямызды ресми түрде Aманат деген атауды толық қолдаймын», – деді.
Бәлкім, біздер, партияның қарапайым мүшелері бұл ұғымның қандай жауапкершілік жүктейтінін әлі толық сезініп үлгермеген де шығармыз. Бірақ бір нәрсе айқын – ендігі жерде партия жұмысы осынау терең де киелі ұғымға сай болуы керек. Жасыратыны жоқ, қазір біздің ел ғана емес, бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан кешіруде. Жаһандағы жағдай асқан жылдамдықпен, көзді-ашып жұмғанша өзгеріп жатыр.
Ендеше осы уақытқа дейін Қазақстанды мекендеген барлық халықтарды айрандай ұйытып келген бірлік, ынтымақ, ауызбіршілік сияқты құндылықтарды жоғалтып алмай, ел іргесін нығайтып, ырысы артқан үлгілі қоғамды болашақ ұрпаққа аманат етіп табыстау біздің борышымыз.
– «Ән түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегендей, бұл өзгерістен өзіңіз не күтесіз?
– Шынын айту керек, қазіргі таңда қоғамдағы болып жатқан оқиғалар мен түйткілді мәселелерге жедел жауап беріп, тиісті шешімдерді қабылдап жатқан тек Мемлекет басшысы ғана. Басқамыз оған ілесе алмай келеміз, оны мойындауымыз керек.

Жалпы партияны реформалаудың негізі мақсаты – барынша ашықтыққа, халықпен кері байланыс орнатуға, оның мұң-мұқтажын естіп қана қоймай, сол мәселелерді жедел шешуге қол жеткізу. Тура мағынасында болсын, ауыспалы мағынасында болсын, Аманаттың жүгі ауыр. Үкімет пен әкімдерді жасақтайтын билеуші партия болғандықтан, жауапкершілік те соның мойнында.
Бұрындары түк жасалмады деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды, әрине. Бірақ заман өзгерді. Уақыт бізден бюрократтық дәстүрден арылуды, әбжілдік пен тиімділікті талап етеді.
Президент өз сөзінде егер қажет болса, кейбір үкімет мүшелері мен әкімдерге деген сенім мәселесін көтеру керек деді. Өз басым мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты қоғамдық бақылаудың күшейгенін қолдаймын. Мемлекет басшысы айтқандай, қоғаммен байланыс, пікірталас көше мен алаңдарда емес, Парламент пен мәслихат қабырғаларында өтуі тиіс.
– Жақын арада еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жаңа партиялардың пайда болуы мүмкін бе? Олардың өз өкілдерін Парламентке өткізу мүмкіндіктері қаншалықты деп ойлайсыз?
– Жаңа партиялардың пайда болуы әбден мүмкін. Есіңізде болса, «Нұр Отан» партиясы көпшілік дауыспен Парламентте партиялар құрудағы тіркеу кедергісін төмендетуге, Мәжіліс пен мәслихаттарда әйелдер мен жастардың өкілдігін кеңейтуге қатысты заңнамалық түзетулерді қабылдаған болатын.
Қазірдің өзінде партия құрамыз деп мәлімдеме жасап жатқандар бар. Қоғам неғұрлым белсенді болса, соғұрлым жақсы, оны құптау керек. Бірақ саяси партия деген бұл ең алдымен зор жауапкершілік. Халық алдында болсын, заң алдында болсын. Сол себепті құрғақ уәде, бос сөз емес, байсалды бағдарламасы арқылы нақты істерді жүзеге асырса және басқа саяси күштермен бәсекеге қабілетті болса құба-құп.

Он алтыншы наурыз күні Мемлекет басшысы саяси реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынбақ. Сонда осы мәселе туралы да айтып қалар. Алайда әзірге болжам жасауға асықпайық.
Қазақстанда туып-өскен және өзінің болашағын одан тысқары жерде елестете алмайтын азамат ретінде газет оқырмандарына айтарым бар. Бізге дәл қазір елімізді өзгертуге, оны одан да бетер жақсарта түсуге тамаша мүмкіндік туып отыр. Ендеше, сол мүмкіндікті жіберіп алмайық.
Әңгімелескен
Әубәкір Смайылов