
Қырғыз билігі заңсыз саудаға түскен дәрі айналымын қадағалауға қауқарсыз болып отыр. Сала мамандары дабыл қаққанымен тексеруден өтпеген дәрі-дәрмекті алушылардың қарасы азаяр емес.
Ош базары – жабайы саудаға түскен дәрі-дәрмектің негізгі ошағы. Мұндағы қым-қуыт тіршіліктің қызғанына он жылдан асты. Бір кездері Бішкекте дәріханалар саны саусақпен санарлықтай еді. Оңтайлы сәтті пайдаланып, оңай пайдаға қарық болуды көздегендер заңсыз жолмен дәрі әкеліп, кәсібін дөңгелетті. Тауарды арзанға саудалап, көл-көсір табыстың астында қалды.
Айбар Сұлтанғазиев, Қоғамдық бақылау кеңесінің төрағасы:
— Ол жақта қауіпті дәрілер сатылады. Сақтайтын жердің қауіпсіздігі талапқа сай емес. Сондықтан құқық қорғау органдары шара қабылдауы тиіс деп есептеймін. Арнайы комиссия құрылуы керек.
Денсаулық министрлігінің дәрімен қамтамасыз ету департаментінің өкілдері бұл істе дәрменсізбіз дейді. Лицензиясыз дәрілерді тәркілеу олардың міндетіне жатпайды-мыс. Жабайы саудамен күресуді монополияға қарсы комитет жүргізеді. Бірақ әккі саудагерлер оларға қарсы айласын асырып, заңсыз дәрілерін жасырады. Кілттеулі қойманың құлпын ашуға комитет өкілдері де құлықсыз.
Нұрбек Сыдықов, Экономикалық қылмыспен күрес басқармасының басшысы:
— Кәсіпкерлер үшін жайлы жағдай жасалған. Тексеріс болатыны туралы он күн бұрын ескертіледі. Осы уақыт аралығында олар бәрін жасырып үлгереді. Осылайша жүргізген тексеріс ешқандай нәтиже бере қоймайды.
«Жағдайды жіті бақылаудың жолы – жазаны күшейту, заңсыз дәрі сатқандарға салынатын айыппұлды көбейту», — дейді мамандар. Ұсыныс болғанмен, оны қолдайтындар табылар ма? Ол жағы әзірге белгісіз.