Оралда қоғамдық орында қалтаға қол салған ұрының әрекеті бейнебақылау камерасының назарына ілігіп қалған.
Жыл басынан бері қала бойынша 772 ұрлық фактісі тіркелген. Профилактикалық шара аясында прокуратура қызметкерлері мен қалалық полиция мамандары автобустарда рейд жүргізді.
Полиция қазіргі таңда қоғамдық көліктерге бақылау камерасын орнатуды ойластыруда. Алайда қаржы тапшылығына байланысты бұл әзірге мүмкін болмай тұр.
“Бұл мәселе қалалық әкімдік және өкілетті органдармен бірлесе талқыланып жатыр, жақын арада шешіледі деп ойлаймын. Қанша дегенмен ондай техникалық мүмкіндіктер қылмысты тезірек ашуға көмектеседі”, – деді аға прокурор Дархан Шекеев.
Қазір қаладағы аялдамаларға камера орнату жүргізіліп жатыр. Ол шынында да қылмыскерді тап басып ұстап, заңмен жазалауға мүмкіндік береді. Сондай видеолардың бірі “Школьник” аялдамасында жасалған. Онда жас жігіттің автобусқа жолаушылармен бірге таласа мінген болып, жас қыздың сөмкесінен ұялы телефон ұрлағаны байқалады. Ол телефонды қолындағы пакетке сала салып, тайып тұрған.
“Облыс бойынша қалта ұрлығына қатысы бар 60 адам есепке алынған. Жалпы саны 10 қылмыстық жауапкершілік мәселесі қаралды”, – деді полиция басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бейсенов.
Бұл туралы “Мой Город” порталына сілтеме жасай отырып stan.kz хабарлады.