Алдағы қыста Алматыда өтетін Универсиада ұйымдастырушыларын допинг мәселесі алаңдатып отыр. Өйткені, оңтүстік астанадағы допингке қарсы орталық биыл уақытша лицензиясынан айырылған болатын. Бұдан басқа жағынан ұйымдастыру жұмыстары ретімен жүріп жатыр екен. Тіпті студенттер арасындағы дүбірлі додада топ жарған қазақстандықтарға қанша сыйақы беретінін де нақтылап қойыпты. Универсиада біткен соң арнайы салынған нысандардың шығынын қалай өтейтіндері де белгілі.
Универсиаданың басталуына 5 айдай уақыт қалды. Ұйымдастырушылар дайындық шаралары белгіленген мерзімнен ертерек аяқталуы мүмкін деп жар салып отыр. Осы шараға арнайы салынып жатқан нысандар құрылысының 90 пайызы бітіп қалған. Келген қатысушылар мен туристерге қызмет көрсететін еріктілер де дайын. Тек, соңғы уақытта әлем спортының берекесін қашырған допинг мәселесі алаңдатып отыр екен.
Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекцияның директоры Найль Нұров «Универсиадаға қатысып, жүлдегерлер қатарынан табылған спортшылардың бәрі дерлік тексеруден өтеді. Бірақ осы жерде аздаған қиындықтар бар. Алматыдағы допингке қарсы зертхана уақытша лицензиясынан айырылған. Шектеу мерзімі 4 ай делінген. Қазір оның көп бөлігі өтіп кетті. Сондықтан, универсиада басталғанша лицензиясын қайтарады деп үміттенеміз. Олай болмай қалса, басқа жолын ойластырып жатырмыз» – деді.
Ұйымдастырушылар қалай болған жағдайда да, тыйым салынған препараттарды пайдалануға жол бермейміз деп сеніммен айтты. «Халықаралық шара өткен соң салынған нысандар қаңырап тұрмай ма?» деген көптің көңілін күпті еткен сұраққа да жауаптары дайын екен.
Бұл сауалдың жауабын Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция директорының орынбасары Дидар Сағадиев берді: «Бұл нысандар тек қана спорттық нысандар емес. Неге десеңіз, аталған нысандарда түрлі мәдени шаралар өткізуге болады. Тек қана қысқы спорт түрлері емес, жазғы спорт түрлерін өткізуге болады. Мысалы, мини-футболдан, волейболдан, баскетболдан жарыстарды өткізуге болады. Алматыда өздеріңіз білесіздер, осындай арнайы 12 мың орны бар жабық ареналар тапшылықта».
Сондай-ақ ел атынан шығып, жүлдегер атанған студенттерге берілетін сыйақы мөлшерін де белгілеп қойыпты. Универсиадада топ жарып, алтын алғандарға 15 мың АҚШ доллары берілмек. Ал күміс жүлдегерге 10 мың, қола үшін 5 мың доллар. Айтпақшы, ұйымдастырушылар студенттер арасында өтетін дүбірлі доданы үнемді жағдайда өткіземіз дейді. Әдеттегідей ашылу салтанатына әлемдік жұлдыздарды шақырып, әуре болмаймыз деп отыр.