Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою үшін не істеу керек?

27 қараша 2023, 13:17


Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің бірден-бір жолы – оның алдын алу, қоғам болып жұмылып ондай теріс әрекетке жол бермеу. Ол үшін не істеу керек? Осы сауалды jasqazaq.kz тілшісі мамандарға қойып көрді.

Әминат Жаппуева, «Аналар үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі:

«Біздің қор әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мақсатында жұмыс істейді. Біз қандай да бір себептермен немесе шарасыздан баласынан бас тартқысы келген әйелдерді қабылдаймыз. Қор баланың әрқашан анасының қасында болуы үшін құрылған. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары да келіп паналайды. Бұл негізінен жыныстық немесе психологиялық зорлыққа ұшыраған аналар, кейбірі әлі кәмелетке толмаған қыздар. Қыз кәмелетке толмаған болса, біздің қор міндетті түрде қылмыстық іс қозғайды. Арыз жазып, сотқа қатысамыз және көбіне жеңіп шығамыз. Агрессор қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Экономикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған аналарды да қабылдаймыз. Мысалы, онымен екі-үш жыл бірге тұрған ер адам оны қамтамасыз ету үшін несие алуға көндіреді. Ол өз дегеніне жеткенде тайып тұрады, қарыз әйелдің мойнында қалады. Мұндай оқиғалар біздің немқұрайлығымыздан болады. Көбінесе нәзік жандылар есік артында не болып жатқанын айтуға қорқады. Тиісті нөмірлерге хабарласып, дер кезінде көмек сұрамайды. Ал мұның ақыры қайғылы аяқталуы мүмкін. Ең қорқыныштысы, балалар да зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Біз зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелге ғана емес, баласына да көмектесеміз. Бізге келген әйел алты ай ішінде психологиялық қолдау алып, қорқынышынан арылады. Осы уақыт аралығында әйелдің кәсіпті меңгеріп, жұмысқа орналасуына да мүмкіндік беріледі. Маман ретінде пікірім тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршуіне жол бермеу үшін бұл мәселеге баса назар аударылуы керек.

Мейірім Еркінбекова, психолог:

«Біріншіден, 55,3 пайыз жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкелетін себептер зиянды әдеттер: алкоголь, есірткі, құмар ойындарға тәуелділік. Басқа жағдайларда бұл әлеуметтік-экономикалық сипаттағы проблемалар (47,6%) және тұрақты табыстың жоқтығы (29,2%). Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері: күш көрсету, эмоционалдық, жыныстық болып түр-түрге бөлінеді.
Оның алдын алу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу керек. Бұрынғы отбасы институттарын қайта жандандыру қажет. Бүгінде он отбасының жартысы тұрмыстық зорлық-зомбылықты басынан өткеруде. Гендерлік тұрғыдан қарағанда бұл тек әйел адамдарға ғана емес, ерлерге де қатысты дүние болуы мүмкін. Менің ойымша, ұлт мәселесін ойлаған азаматтар ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлуі керек. Қазір көп отбасы баласының жан-жақты білім алуына жағдай жасайды, бірақ тәрбиесіне мән бермейді. Оған қоса, соңғы кезде әр адам өзін жоғары бағалауы керек, өзін ғана ойлауы керек деген үрдісті насихаттайтындар көбейді. Ал отбасында «өзім» деген өзімшілдік болмайды. Ал отбасы дегеніміз компромиске барып, бірге өмір сүру. Мысалы тарихты ақтаратын болсақ, бұрын ата-ана, ене, келін, әкелер институты болған. Соларды қайта жандандырған дұрыс. Рухани тәрбие, рухани мәдениет, адамгершілік құндылықтары азайып кетті. Адамдардың бір-біріне деген қатыгез болуының бір себебі де осы руханилықтан алыстауымыз».

Айгүл Жұмабекқызы, заңгер:

«Дамыған елдерде кез-келген агрессор, кем дегенде бір рет әйелге қолын көтерсе, сот арқылы психологиялық және психотерапиялық оңалтудан өтуге міндеттеледі. Сондықтан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандырумен қатар, агрессорларды психологиялық және психотерапиялық оңалту және суицидтік балалармен жұмыс істеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды кеңейту қажет деп санаймын. Балаларымыз бен қоғамды сауықтыру арқылы біз зайырлы мемлекет бола аламыз. Әйел мен баланың зорлық-зомбылықтан өлуін күтудің қажеті жоқ. Қажетті шараларды қабылдамайынша, мәселе шешілмейді. Егер күйеуі әйелін ұрса немесе әйелі күйеуін ұрса, оларды түрмеге қамау керек пе? Мәселен, ұрып-соққанда қабырғасы сынса, мұны абайсызда жасау мүмкін емес. Бір соққыны әлі де абайсызда деп түсінуге болар. Ал абьюзер әйелінің қолын сындырғанда, оны бір соққымен жасау мүмкін емес. Мұны да ескеру керек. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуіміз керек».

Дайындаған Мақпал Махаметқызы

Бүгін, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді