
Волонтерлікпен айналысу қазақ халқының бойында бар асыл қасиет. Бүгінде ата салтымызды қайта жаңғырып, жеті жастаға баладан, жетіпіс жасқа дейінгі қариялар да жұдырықтай жұмылып, ел басына күн туса, білек сыбана көмекке жүгіреді. Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы мекемесінде 2022 жылы еріктілердің қатысуымен 1 435 іс-шара өткізіліп, оған 55 621 жас қатысыпты.

Түркістан облысы жастарының осындай игі істері жалғасын тауып, қандай жағдай болмасын мұқтаж жандарға бар жігерімен көмекке талпынуда. Еріктілердің өткен жылғы атқарған тірліктерін білу ниетінде облыстық Жастар ресурстық ортылығының басшысы Ернар Бектаевпен тілдестік.
–Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету, — дейді орталық басшысы.

Е.Бектаев алдымен қайырлы істердің барысына тоқталды. Оның айтуынш, өткен жылдың қаңтар мен ақпанында «Қызыл ай» қоғамдық қоры мұқтаж отбасылардың, соның ішінде, әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедек балалары бар отбасыларға қыстық жылы киіммен қамтамасыз етті. Мұндай жылулық облыс аумағындағы барлық аудан мен қалаларында мұқтаж отбасыларға таратылған. Атап айтқанда, 225 отбасындағы 1 1127 балаға жылы киім үлестіріліпті.
Қамқорлық шарасы 15 — ақпан Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» тақырыбында да жалғасын тауыпты. Екінші дүниежүзілік соғысыны қатысушылардың ескерткішке гүл қою рәсімінен басталған іс-шара, бір минуттық үнсіздіктен кейін, шейіт болғандар мен қайтыс болғандардың аруағына құран бағышталған. Мұнан кейін ерікті жастар ардагерлердің үй шаруасына көмек көрсетіп қайтты. Облыс бойынша барлық, аудан қалаларда осындай қайырлы іс жүзеге асып, 1 138 жас қолдау білдірген.
–Түркістан облысының ерікті жастары «Жаңа Қазақстан — табиғатты аялаудан бастайық» эко-акциясы аясында қала тазалығына өз үлестерін қосып, санитарлық-тазалық, ағаш діңгегін әктеу секілді істерді де атқарған. 2022 жылдың көктемнің алғашқы күнінен бастап 6 333 ерікті табиғат аясынан 32 тонна қоқысты шығарған. Одан кейін 1500 түп гүл мен мыңға жуық ағаш көшетін отырғызған болатын, — деді Е.Бектаев.
Жастар «Батырларға тағзым» онлайн акцияда да белсенділік танытқан. «Қазақстан жастары қоғамдық қоры» ерікті жастарымен бірлесе отырып, Түркістан облысының ҰОС ардагерлеріне теңестірілген және тыл еңбеккерлерінің үйін тазалап, олармен келелі сұхбат жүргізген. Ардагерлердің бастан өткені, отан алдындағы борышын орындау кезіндегі қызықты оқиғаларымен бөлісіп, жастарға тұшымды әңгімелер айтыпты. Осы акция барысында жастар 39 ардагердің үйінде болыпті.
–Өткен жылдың сәуірінде Қазығұрт ауданын сел шайып, төтенше жағдай туындағанын көптің есінде. Осы жағдайды қалпына келтіру жұмысында бірінші кезекте ерікті жастар аянып қалмады. Тұрғындарға табиғи апаттан арылуға 58 техника жұмылдырылып, тазарту жұмыстарына Түркістан облысының 800-ге жуық ерікті жастары көмек көрсетті, — дейді Ернар Нұралыұлы.
«Балалар жылына» орай, мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуымен өтетін «ЖҰЛДЫЗАЙ» XVII Республикалық Фестивалінің Түркістан қаласындағы ұйымдастыру жұмыстарына 30 ерікті жас мүмкіндігі шектеулі 160 баланың жүріп-тұруы, бос уақытын ұйымдастыру бойынша көмек көрсеткен екен.

Өңірде қоғам белсендісі Әсел Бимырзаеваның ұйымдастыруымен «Армандар орындалады» акциясы ай сайын өткізіліп келеді. «Балалар әрдайым үлкендердің қамқорлығы мен қолдауын сезінуі керек» дегенді алға тартқан белсенді балалардың мүмкіндігі шектеулі балғындардың қалаған затын сатып алуына мүмкіндік жаратты. Мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғаммен етене араласып, өзіндік орындары бар екендіктерін жете түсінулеріне жағдай жасау назардан тыс қалмау қажет. Осылайша демеушілердің қолдауымен 50 баланың арманы орындалған екен.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті біріге отырып, Түркістан облысының ерікті жастарымен Қазығұрт ауданында «Qay’ipsiz meken» тақырыбында семинар-тренингі өткізген. Ерікті жастар алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдай кезінде жұмыс жасау ережелерімен таныс болды. Осы тренингте 70 ерікті жас біліктілігін шыңдаған. Одан бөлек, «Мархабат.KZ» Мүгедектер Қоғамы» қоғамдық бірлестігімен сабақтаса отырып, педагог Құсан Еркін Аманкелдіұлы 50 ерікті жасқа семинар-трениг жүргізді. Тренингтің мақсаты қарттар үйлеріне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына волонтерлерді тарту бойынша «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасын іске асыру аясында волонтерлерді оқыту болып табылады.
–Бәйдібек ауданы Шалдар ауылындағы үйі өртенген отбасыға ауданның халқы, мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер және «Елге қызмет — ерге міндет» атты ауданның ерікті жастары азық-түлік және ақшалай 1 600 000 қаражаттың жиналуына атсалысқан. Сондай-ақ, Республикалық «Asar-ume» қайырылымдық қорының қолдауымен, жалғыз басты бес баланың анасы баспаналы болды. Және, Бәйдібек ауданы жалпы саны 10 жағдайы төмен отбасылар баспаналы болды, — деді орталық басшысы.
Қостанайда орын алған өрт кезінде де түркістандық жастар шетте қалмады. «Қостанайға көмек» акциясы аясында волонтерлар көмек жинау, ауыр жүк көліктерге тиеу, сондай-ақ Қостанай облысына жеткізу және тарату жұмыстарына белсенді араласты. Түркістан облысы бойынша 100 тонна материалды жәрдем жөнелтілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қоқыссыз табиғат» жалпы ұлттық акциясы аясында 870 белсенді ерікті жас ауыл аймақ, қала мен аудан аумақтарына сенбілік өткізіп, табиғат аясын тұрмыстық қалдықтардан арылтқан. Қазақстан студенттерінің Альянсы жастарының қолдауымен қаламыздың тазалығы үшін өз үлестерін қосып, жұмыс жасап жүрген аға-апайларымызға суық күнде ыстық тамақ (палау) таратып көңілдеріне жылулық сыйлады.
Бибайша Нұржанқызы