Түркістан: «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы түрлі құқық бұзушылықты анықтады  

21 шiлде, 10:08

Балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу үшін олардың жалғыз-жарым жүрмеуін қатаң қадағалау қажет. Әсіресе, түнде жортатын балалардың оқыс оқиғаға ұшырауы оп-оңай. Бала тәрбиесіне ата-ана жауапты болғанымен, құқық бұзушылыққа жол бермеу полицияға жүктеледі. Бұл бағытта жедел-профилактикалық шаралардың пайдасы бар.

235 жаөспірім түнде босып жүрген

Түркістан облысының аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдер қылмысының жолын кесу мақсатында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары іс-шараның алғашқы тәулігінде 276 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болуының 235 дерегі анықталды.

Сонымен бірге 25 ата-анаға қатысты балаларды тәрбиелеу жөніндегі талаптарды тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Ұсақ бұзақылықтың 9 фактісі жойылды. Қоғамдық орында мас күйінде болудың 5 фактісі анықталды. Құқық бұзушылық жасауға бейім 14 жасөспірім мен қолайсыз 11 отбасы профилактикалық есепке алынды.

Жалпы тұрғылықты жері бойынша профилактикалық есепте тұрған 100-ден астам кәмелетке толмағандар мен 120 қолайсыз отбасы тексеріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Келесте 21 ата-анаға хаттама толтырылды

Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері “Түнгі қаладағы балалар” жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Учаскелік полиция инспекторлары аудан көлемінде жасөспірімдер арасындағы қылмысты ескерту және оның алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Полицейлер шара барысында кәмелетке толмағандар мен жастардың уақыт өткізетін жерлерін (кафелер, барлар, мейрамханалар, компьютер клубтар,) тексеруге алды.

Аталған іс-шара кезінде полицейлер қадағалаусыз жүрген 21 жасөспірімді анықтап, ата-аналарына қатысты шара қабылданды.

Кентауда

Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Онда учаскелік полиция инспекторлары жасөспірімдер арасындағы қылмысты ескерту мен оның алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың жүріс-тұрыстарына бақылау жасап, заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта көшеде және ойын-сауық орындарында бей-берекетсіз жүретін жасөспірімдерді анықтады. Тәртібі қиын балаларды полиция органдарының есебіне алды.

Рейд кезінде кәмелетке толмаған 20 жасөспірім жеткізіліп, 13 ата-ана мен ойын-сауық орындарының иелеріне қатысты шара қабылданды.

Жоғалған жасөспірімді тапты

Кейде тәртіп сақшыларына үйінен кетіп қалған балалар мен жасөспірімдерді іздеуге тура келеді. Жуырда сондай бір оқиға Түркістан қаласында орын алды.

Түркістан қалалық полиция басқармасына кешкі сағат жеті шамасында жергілікті тұрғын арызданып келген. Әйелдің айтуынша, күндізгі сағат 12-лер шамасында қызы үйінен шығып кетіп, содан хабарсыз кеткен. 13 жасар жасөспірім қызының анасы өз бетінше іздеуден еш нәтиже шықпаған соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.

Полиция бірден іздеу жұмысына кірісті. Жасөспірімнің баруы мүмкін деген жерлерді қарап, жақын достарынан, туыстарынан сұрастыру жұмыстарын жүргізді.

Осындай іздестіру өз нәтижесін берді. Бір тәулік ішінде қыздың жүрген жері анықталып, оның саябақта достарымен қыдырып жүрген жерінен тапты. Тексеру кезінде жас қыз анасына ұялы телефон алып бермегені үшін ренжп, үйінен шығып кеткені, достарының үйінде түнегені белгілі болды.

Іздеуге атсалысқан полицейлерге анасы алғысын білдірді. Үйінен себепсіз қашып кеткен қыз бен оның анасына профилактикалық әңгімелесу жүргізілді.

53 ата-ана жауапқа тартылды

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері үш тәулікте 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Полицейлер балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 53 ата-ананы жауапқа тартты. Ұсақ бұзақылықтың 16 фактісі мен қоғамдық орында мас күйінде болудың 7 фактісін анықтады. Түнгі рейдтер барысында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде болуының 446 фактісі тіркелді.

Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Е.Асқаров: «Түркістан қаласында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасынсыз үйден тыс жерде болуының 30-ға жуық фактісі анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескертулер берілді. Іс — шара алдағы уақытта да жалғасады», — деді.

«Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы кезінде құқық бұзушылық жасауға бейім 56 жасөспірім мен қолайсыз 24 отбасы профилактикалық есепке алынды. Тұрғылықты жері бойынша есепте тұрған 118 кәмелетке толмаған мен 168 қолайсыз отбасы тексеріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Түркістан өңірінің полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

JQ-Aqparat

Суреттер: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген