
Ахмет Яссауи университетінде мектеп бітіруші түлектер үшін «Серпін» бағдарламасы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасына сәйкес, оқу орындарының көрмесіне еліміздегі 18 университеттің өкілдері қатысты. Білім беру гранттары туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу мақсатында ағымдағы жылдың 17-20 мамыр аралығында Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына жұмыс сапары жоспарланған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, аталмыш шараның мақсаты — халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру.

Көрмеде Батыс Қазақстан, Қарағанды, Екібастұз, Көкшетау, Атырау және т.б өңірлерден келген жоғары оқу орындарының қызметкерлері өздерінің білім ордаларын таныстырып, талапкерлердің сауалдарына жауап берді.

Әділбек Мансуров, ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің бас сарапшысы:
«Бұл бағдарламаға 2023 жылдан бастап жаңа жүйелер енгізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін «Серпін» бағдарламасы бойынша тегін білім алған студенттер оқу бітіргеннен кейін оқыған өңірлерінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттелген болса, ендігі уақытта талап өзгеріп еңбек өтеу мерзімін азайтып, екі жыл жұмыс істеу міндеттелді. Жас мамандар тек оқыған өңірінде ғана емес, солтүстік, батыс және шығыс өңірлеріне қарасты 11 аймақта жұмыс істеуіне болады. Бүгінде 2023-2024 жылғы оқу жылдарына 3 653 грант бөлініп отыр. «Серпін» бағдарламасына көбінесе Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының түлектері қызуғушылық танытуда. Айта кететіні, биыл 1 қыркүйектен бастап шәкіртақыны бакалавр студенттеріне 20 пайызға, магистратура студенттеріне 15 пайызға дейін өсіру жоспарлануда».
Сондай-ақ Түркістан облысынан барған арнайы жұмысшы топ мүшелері Өскемен қаласындағы С.Аманжолов атындағы университетте болып, білім ордасындағы студенттермен кездесті. Кездесуге «Серпін» мемлекеттік бағдарламасымен оқитын білім алушылар, жоғары оқу орнының декандары және Жастар ісі жөніндегі комитет мүшелері қатысты.

Еліміздің 24 жоғары оқу орны қатарында аталған ұзақ мерзімді стратегияны орындау ісінде С.Аманжолов атындағы университет аса белсенді. Білім ордасы Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Маңғыстау облыстарынан талапкер жастарды қабылдау жұмысын қарқынды жүзеге асырып келеді.

Түркістан өңірінен барған жастармен кездесу барысында арнайы топ өкілдері студенттермен сұхбаттасты. Студент жастардың айтуынша, мұнда білім алу, білікті маман атанып, тұлғалық даму жолында жетістікке жеткісі келетін жастар үшін мол мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай-ақ студенттер үшін тіпті әскери кафедрада оқуға жағдай жасалған. Университет қызметкерлерінің айтуынша, оқуға түскен жастар тегін жатақханамен, дәрігерлік қызмет көрсетумен, шәкіртақымен, жылына екі рет жолақымен қамтылады. Аталаған білім ордасында қазіргі таңда 472 студент «Серпін» бағдарламасы аясында білім алуда. Соның ішінде ең көбі, яғни 201 жас — Түркістан облысының тумалары.
Айдос Құсайынұлы