jasqazaq.kz

Түркістан: отандық журналистиканы өркендеткен өңір

29 маусым 2023, 14:57

 

28 маусымда елімізде Бұқаралық Ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Кәсіби мереке қарсаңында тілші қауымға көрсетілетін сый-құрмет көп. Сондай құрметтің ең үлкені – Мемлекет басшысының арнайы сыйлығы мен гранты.

Отандық журналистикада – 40 жыл!

Биыл да Президент бір топ журналистерге арнайы сыйлық пен грант табыстады. Салтанатты жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев медиа мамандары халыққа шынайы ақпарат беріп, еліміздегі ахуалды азаматтарға жан-жақты түсіндіріп отыруы керек екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы: «Бұл – өткен ғасырда «Қазақ» газетінің аясында ұйысқан Алаш зиялыларынан бастау алған ұлы миссия. Осы міндетті абыроймен атқару үшін әр журналистің бойында ізденімпаздық, жауапкершілік және табандылық болуы қажет. Себебі ақиқат жолы – оңай жол емес. Ал журналистің ақиқаттан айнуға құқығы жоқ. Шындық пен шынайылық басты қағида болуы керек, яғни ақпарат арнасы адалдық алаңына айналуға тиіс», — деді.

Президент айтқан ізденімпаз, өзі ісіне жауапты қарайтын табанды журналист — Түркістан өңірінде отандық БАҚ-ты өркендету жолында қырық жылдан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан. Биыл ол өңірлік журналистиканың дамуына үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығын иеленді.

Абай Балажан таныстыруды қажет етпейді. Әсіресе, киелі Түркістан аумағында оны білмейтін жан кемде-кем. Ол 1984-2013 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, аға корректор, аудармашы, тілші, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2013 жылғы қазан айынан «Skifnews.kz» онлайн-газетінің бас редакторы болып еңбек етті. 2014 жылы «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директоры – бас редакторы болып тағайындалды. Осыдан үш жыл бұрын бір ақпарат қүралына берген сұхбатында өзінің еңбек жолы туралы былай дегені бар: «Жалпы журналистикадағы еңбек өтіліме 1983 жылдан бері санасаңыз  — 37 жыл. Осы 37 жылдың 25 жылдан астамы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде өтіп жатыр. Бұл жерге 1984 жылы 4 қыркүйекте корректор болып кірдім. Сөйтіп бес жыл ҚазМУ-дің дипломымен корректор болып жұмыс істедім. Өйткені ол кезде басқа газеттер болмайтын. Журналистикадағы еңбек жолын корректорлықтан бастап, редактор болғанға дейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихында екі-ақ адам бар. Біреуі көзі тірі Кәрім Үкібаев, біреуі мен».

Міне, биыл ерен еңбегі еленді. Абай Балажанға Президент сыйлығы тапсырылды. Салтанатты жиында ол: «Бүгін сіздің қолыңыздан алып отырған марапатты сол 40 жылдық еңбегімнің өтеуі деп қабылдаймын» деуі де бекер емес. Түркістан өңірінде отандық БАҚ саласын өрге сүйреп жүрген әріптесімізді құттықтаймыз!

Дархан Сатыбалды: Баспасөзбен тығыз байланыс ақпаратты жедел жеткізеді

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Түркістан облысында айрықша атап өтіледі. Биыл БАҚ мерекесіне орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен «Alma-TAU» спорттық-сауықтыру кешенінде құттықтау шарасы ұйымдастырылды. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, салтанатты шараға өңірдегі БАҚ саласының ардагерлері, мамандары, басқармалар мен аудан және қала әкімдіктерінің баспасөз хатшылары, сондай-ақ әлеуметтік желі белсенділері шақырылды. Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Дархан Сатыбалды: «Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Баспасөзбен тығыз байланыстың нәтижесінде атқарушы билік органдарының қызметі туралы облыс тұрғындарына жедел ақпараттар жетуде. Биыл Түркістан облысының құрылғанына бес жыл толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәтте аймақта ауқымды жұмыс атқарылды. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс халқымен кездесіп, Түркістанның дамуына оң бағасын берді. Ал биыл Түркістанда Құрылтай өткізіп, маңызды міндеттер жүктеді. Түркістанның тарихи рөліне тоқталды. Ұлт болып ұйысуға, өңіріміздің қоғамдық-саяси ахуалын бекемдеуге, Мемлекет басшысының реформалары мен тапсырмаларын жүзеге асыруға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Жазарларыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, сөздеріңіз өтімді, еңбектеріңіз жемісті болсын!» — деді.

Салтанатты жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай БАҚ саласының дамуына еңбегі сіңген бірқатар азаматқа арнайы марапат пен төсбелгіні табыстады.

«Ontustik Qazaqstan» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрлан Кенжеғұлов және «Рейтинг» газетінің тілшісі Еркін Досымбай, «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды. «Ontustik Qazaqstan» газетінің тілшісі Серікқали Жексенбай «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. «Кентау шұғыласы» ЖШС директоры Қайрат Зайнишев пен «Turkistan» телеарнасына Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасы тапсырылды.

Жиынға келгендерге концерт қойылып, Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының әртістері және вокалды-инструменталды «Бархан» ансамблі өнер көрсетті.

Сәкен Сұлтанханов: Журналист – халықтық атмосфераның барометрі

Айта кету керек, Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да кең құлашпен атап өтілді. Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, марапат тапсырды.

Аудан әкімі ел-жұртқа дер кезінде шынайы ақпарат жеткізіп, рухани азықпен сусындатып жүрген жазарман қауымға сәттілік, шығармашылық табыс тіледі.

Сәкен Сұлтанханов өз сөзінде: «Қай салада болмасын, жедел әрі үздіксіз хабар алып, ақпараттарды уақытылы жеткізу маңызды міндеттердің бірі екені белгілі. Мемлекет Басшысы жүктеген міндеттерді іске асыруда өңіріміздегі БАҚ саласының қызметкерлерінің еңбегі ерен. Бұл ретте қоғамдық пікірді қалыптастырушы рөлін атқарып келе жатқан баспасөз қызметкерлеріне артылған жүк ауыр. Себебі, жаһандық жаңғыру кезеңінде халықтық атмосфераның барометрі болу, адамзат баласын ортақ мүддеге жұмылдыру журналистердің кәсіби шеберлігіне байланысты», — деді.

 

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуде Балтабек Түйетаев, Әсет Әссанди, Ерсұлтан Әмірбек, Уәли Қыдыр, Фазылбек Тұтқабай, Дәурен Әбдіраманов, Жандос Жұмабек, Айнұр Ақбаева, Нұржан Мамаев, Айгүл Мамыт, Төребек Байтас сияқты ақпарат саласының үздік мамандары жүрекжарды лебіздерін айтып, аудан басшысының журналистер қауымына деген құрметіне шынайы ризашылықтарын жеткізді.

Сондай-ақ, аудан тарихын кейінгі буынға танытуда, жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып, аймақтағы БАҚ-тың дамуына зор үлес қосып келе жатқан аудандық «Отырар алқабы» газетінің жауапты хатшысы Рысбек Құлжан мен «Отырар өркениеті» газетінің редакторы Оразбай Мұратовқа аудан әкімі зерлі шапан жауып құрмет көрсетті.

Қайрат Жолдыбай: Журналистика елді бүлікке емес, бірлікке бастайтын сала

Шардара ауданында да 28 маусым — журналистер күніне орай аудан әкімі Қайрат Жолдыбай БАҚ саласының өкілдерімен кездесті. Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, салтанатты шарада ақпарат құралдары өкілдеріне аудан әкімі «Алғыс хат» пен естелік сыйлықтар тапсырды.

Қайрат Жолдыбай өз сөзінде: «Сіздерді бұқаралық ақпарат құралдары күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге ауданымыздың қоғамдық – саяси, әлеуметтік экономикалық және мәдени тыныс — тіршілігін жарыққа шығарып, жарқын жаңалықтарды аудан тұрғындарына жеткізу бағытында атқарып жатқан еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Журналистика елді бүлікке емес, бірлікке бастайтын саяси маңызды саланың бірі де, бірегейі. Баршаңызға шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін»- деді,

Ал «Шардара Армспорт» клубының негізін қалаған, Шардара аудандық мәслихат төрағасы Қарсыбаев Арман Романұлы «Шардара Армспорт» клубының атынан , 28 маусым бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ауданымыздың баспасөз қызметкерлеріне және журналистеріне арнайы дастархан жайып, «Алғыс хат» табыстады. Ол өз сөзінде былай деді: «Ұлт көшбасшысы болған Ахмет Байтұрсынұлы кезінде «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деп баға бергеніндей, адамдар айналадағы жаңалықты баспасөз арқылы біліп отырады. Әлемде болып жатқан оқиғаларды, түрлі жаңалықтар мен басқа да рухани азық болатын танымдық дүниелерді халыққа дер кезінде жеткізіп отыруда бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегі зор деп білеміз. Сондықтан да журналистер қауымының қоғамдағы рөлі ерекше мәртебеге ие болып саналады.

Салауатты өмір салтын насихаттауға БАҚ өкілдері де айрықша үлес қосып келеді. Әсіресе, спортшыларымыздың қол жеткізген жетістіктері мен бағындырған биіктері ақпарат құралдары арқылы халыққа кеңінен танылады. Біздің әрбір табысымызға өзімізбен бірге шаттанып, қуанышымызға бірге қуанып жүретін ақпарат құралдарының өкілдеріне алғысымыз шексіз», – деді.

Жиында осы салада жұмыс атқарып жүргеніне 50 жыл толған Жаңабай Әліқұлұлына шапан жауып құрмет көрсетілді.

«Өскен өңір» газетінің директоры Сәбит Қоспанұлы Лаханов жиналған барша баспасөз қызметкерлері атынан Арман Романұлына өз алғысын білдіріп, ақ тілегін айтты.

Арман Сәбитов: Журналистердің қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігі жоғары

Жуырда ғана Сайрам ауданының әкімі болып тағайындалған Арман Сәбитов те аудандағы БАҚ қызметкерлеріне өз құттықтауын арнады. «Бұл күн ақпарат саласында жүрген барлық қызметкерге ортақ мереке. Бұқаралық ақпарат құралдары — мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Ұлттық қауіпсіздік пен идеологияның да өзегі болып табылады. Мемлекет саясатын түсіндіруге, халық пен билік арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан журналистердің қоғам алдындағы азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары. Президентіміздің «халық үніне құлақ асатын» қағидасының нәтижелі іске асуында да журналистердің үлесі зор. Осы орайда, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, сонымен қатар халықтың ынтымағының артуына елеулі еңбек етіп, өзіндік үлестеріңізді қосып келесіздер. Әрқайсыңыз шынайы ақпарат таратудың жауапкершілігін сезініп жүрген жансыздар деп сенемін. Сондықтан да, ерен еңбектеріңіз бен шынайы ізденістеріңіз үшін ерекше алғысымды білдіремін. Журналистер жағымды жаңалығымен ауданымызды қуанта берсін! Баршаңызға шығармашылық шабыт, шадыман шаттық, толағай табыс тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!» — деді ол өз құттықтауында.

Әзизхан Исмаилов: БАҚ өкілдері – ақиқаттың жаршысы

Байланыс және ақпарат құралдары өкілдерінің күніне орай, Қазығұрт ауданы әкімі Әзизхан Исмаилов  отандық БАҚ саласында еңбек етіп жүрген қаламы қарымды журналистер қауымының басын қосып, кәсіби мерекемен құттықтады.  Аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталғандар арасында байланыс және ақпарат саласының ардагерлері, білікті қаламгерлер, республикалық және өңірлік телеарналардың меншікті тілшілері, баспасөз басылымдарының бас редакторлары, ауданның Құрметті азаматтары, әлеуметтік желі белсенділері бар.

 

Әзизхан Исмаилов құттықтау сөзінде: «Журналистің жегені — жантақ, арқалағаны — алтын» деген жазушы Шерхан Мұртаза. Қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін, өз шығармашылығы арқылы мемлекетке де, қоғамға да қызмет ете отырып, қашанда ақиқаттың жақтаушысы саналатын БАҚ өкілдері екені ақиқат. Сіздер халықтың өтініші мен ұсынысын билікке жеткізіп, атқарушы органдардың жұмысын халыққа көрсете жүріп, билік пен бұқара арасына «алтын көпір» орнатасыздар» — дей келе, БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтап, кәсіби қызметтеріне шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тіледі.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, журналистер тарапынан ардагер қаламгер, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Тастанбек Бердіқұл, ауданның тумасы, «Еркін ой» республикалық газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев және «Didarbek.kz» ақпараттық сайтының бас редакторы, әлеуметтік желінің белсендісі Әсет Әссандилер арнайы сөз алып, аудан әкіміне алғыс айтып, әріптестеріне ыстық ықыластарын білдірді.

Осылайша, Түркістан өңірінде отандық БАҚ саласында қажырлы еңбек етіп жүрген қаламгер қауымға айрықша құрмет көрсетілді.

Айдос Құсайынұлы

 

 

 

 

 

07 мамыр, 19:59
Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті
07 мамыр, 13:25
Айбек Дәдебай: Біздің ісіміз — Әділет! Жолымыз — Заң мен Тәртіп!
06 мамыр, 15:42
Қазақстанда ҰОС ардагерлерінің әрқайсысы 10 мың доллардан астам қаражат алды
06 мамыр, 13:48
Сарыагаш: Вопросы питьевой воды в Дербисеке находятся на постоянном контроле
06 мамыр, 13:46
Туркестан: Весенне-полевые работы идут полным ходом
06 мамыр, 8:59
Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды
05 мамыр, 14:11
Учащиеся Туркестанской области стали призерами чемпионата мира по робототехнике
05 мамыр, 14:09
Сотрудничество Туркестанской области с Узбекистаном выходит на новый уровень
03 мамыр, 14:00
Жайнагуль Толемисова: Новые школы в Туркестане - это шаг в будущее