Түркістан: Қылмыс пен жаза

30 қыркүйек, 16:03

Төбе шашыңды тік тұрғызып, көңілде үрей ұялататын небір қорқынышты қылмыс туралы біз көбіне көркем шығармадан оқимыз. Алайда нағыз өмірде де детектив шығармадағы шытырманға бергісіз оқиғалар болып жатады. Бірақ қандықол қарақшы да, адам өмірін ойыншық құрлы көрмейтін қаскөй де ешқашан жазадан қашып құтыла алмайды.

Биыл Түркістан өңірінде бірнеше ауыр қылмыс жасалды. Қылмыс жасағандар заң құрығынан құтыла алмады. Түркістанның тәртіп сақшылары жылдам қимылдап, қаскөйлердің адымын аштырған жоқ. Облыстық Полиция департаменті дер кезінде мәлімдеме жасап, қандай да бір дүрбелеңге жол берген жоқ.

Бейкүнә сәбилерді өлтірген кім?

Биыл ақпан айында Түркістан қаласындағы жалдамалы пәтердің бірінен екі кішкентай баланың денесі табылғанын естігендер бей-жай қала алмады. Кім? Не үшін? Бейкүнә бүлдіршіндердің өмірін қиюға кімнің дәті барды?

Жан түршігерлік оқиға облыс полициясын тік тұрғызды. Мұндайда алып-қашпа әңгіменің желдей есетіні белгілі ғой.
Сондықтан Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов осы оқиғаға қатысты дереу мәлімдеме жасады.
«7 ақпанда Түркістан қаласының жалдамалы пәтерлерінің бірінен екі жас баланың денесі табылды. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің себебін анықтау үшін балалардың денесі сараптамаға жолданды.

Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және балалардың қайтыс болғаны мен олардың мекенжайы туралы құрбысына хабарлаған ананың, яғни Қызылорда облысы тұрғынының орналасқан жерін анықтау мақсатында қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде істің тергеу барысы менің жеке бақылауымда алынды», — деді Мұрат Қабденов.

Ол тұрғындардан жалған ақпарат таратпауды сұрап, жалған ақпарат таратқанға жауапкершілік қарастырылғанын ескертті және азаматтарды тек ресми дереккөздерден алынған мәліметтерге сенуге шақырды.
Әлгі әйелді іздеуге облыстық полиция департаментінің барлық жеке құрамы, көршілес аймақтар мен қалаларға бағытталды. Қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілді.

Көп ұзамай, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов: «Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктіні Шымкент қаласындағы қонақ үйлердің бірінде ұстады. Адам өлтіру фактісі бойынша барлық мән-жайларды анықтау мақсатында тергеу жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті әйел қамауға алынды. Істің тергеу барысы менің жеке бақылауымда», — деп хабарлады.
Осылайша, облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің шұғыл қимылдауы арқасында қылмыс жасады деген күдікті әйел қолға жылдам түсті. Әрі жалған ақпараттың таралуына жол берілген жоқ.

Жуырда екі баласын тұншықтырып өлтірген келіншекке қатысты сот үкімі шықты. Облыстық Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 30 жастағы келіншекті ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа режимдегі түрмеде өтейтін болды.

Тергеу кезінде мәлім болғандай, айыпталушы әйел Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы мектептердің бірінде бастауыш сыныбының мұғалімі болып істеген. Сотта ол ауыр қылмысты күйеуіне ренжігені үшін жасағанын айтқан. Күйеуімен жанжалдасып қалғаннан кейін Түркістан қаласына барып, жалдамалы пәтерде 3 және 4 жастағы ұлы мен қызын тұншықтырып өлтірген.
Медициналық сараптама оның ақыл-есі дұрыс екенін анықтады.

Қанды кек: шлемнен табылған саусақ ізі

Бұл оқиға өткен жылдың наурыз айында болған. Түркістан облысында қылмыстық топтың мүшелері тапа тал түсте екі адамды атып кетті. Бетпердемен тұмшаланған екі еркек мотоциклмен келіп, өз үйінің ауласында демалып отырған адамдарға кенеттен оқ жаудырды. Ағайынды екеу сол жерде тіл тартпай кетті. Тағы екеуі жараланды. Полиция із кескенде үш шақырым жердегі сайдан әлгілер мінген мотоциклді тауып алды.

Қылмыскерлерді табу мүмкін емес сияқты еді. Өйткені олардың бет-жүзін ешкім көрген жоқ. Құдды боевик кинодағыдай қас-қағым сәтте оқ жаудырып, із-түзсіз ғайып болған.

Әйтсе де, олар полицияда өзі ісіне берілген мамандар бар екенін ескермепті. Баяғыда бір ақылгөй айтқандай, «мінсіз қылмыс болмайды». Шындап іздесе, қайтсе де ілік табылады. Жедел тергеу кезінде кезекші болған оперативтік-криминалдық бөлімнің аға криминалисі Шыңғыс Сәрсеков мотоциклде қалған шлемнен саусақ іздерін алады. Сөйтіп дактилоскопияның көмегімен қылмыскердің кім екенін анықтау қиынға соқпайды. Бір тәулікке жетпей қылмысты кімдер жасағаны ашылды.

Соңынан белгілі болғандай, қылмыскерлер мотоциклде қолғап киіп отырған. Тек біреуі шлемді ұстаған кезде қолғабын шешіп, саусақ ізі қалып қойған.
Бұл оқиға қылмысқа қатысы бар бес адамның ауыр жаза арқалауымен аяқталды. КТК телеарнасында көрсетілген сюжетте айтылғандай, екі адамды атып өлтірді деген күдікке іліккендердің екеуі 20 жылға, қалған үшеуі 25 жылға сотталды.

Сот процесінде қанды қылмыстың былтыр тамыз айында Арыс қаласында болғаны айтылды. Жер үйдің ауласында демалып отырған жігіттерді бетін тұмшалаған екеу атып кеткен. Оқиға орнында бокстан бұрынғы облыс чемпионы, «Қара Алмас» лақап атымен танымал Алмас Жолдасов пен 23 жасар Жандаулет Қабылов көз жұмды. Жарақат алған тағы екі адам ауруханаға жеткізілген. Жараланғандардың бірі полиция қызметкері екен. Көп ұзамай 53 және 25 жастағы жалдамалы жендеттер ұсталды. Олар тіпті адам өлтіруге тапсырысты кім бергенін де айтып берген. Сөйтсе, «Қара Алмас» сотталушылардың туысын өлтірген екен. Кек қайтару үшін жиналған бір әулеттің жігіттері екі туысын дайындап, қаруына дейін алып береді. Кісі өлтірген ағайындылардың екеуі 20 жылға, ал қылмысты ұйымдастырған 24, 26 және 20 жастағы жігіттер 25 жылға сотталды.
Қанды кек алғысы келгендер әбден дайындалып, құтылып кететініне сенімді болған сыңайлы. Тек мотоцикл шлеміндегі саусақ ізі түбіне жетті.

Жау алыстан келмепті…

Ал бұл оқиға жақында ғана болды. Ақпарат құралдары Түркістан облысы Амангелді ауылындағы үйде оқушы қыз бен анасының денесі табылғаны туралы жарыса жазып жатты. Бір-бірін жақсы танитын, аралас-құралас ауылдарда мұндай қылмыс бола бермейді. Бастапқыда сырттан келген жау ма деп қалған.
Қылмыс жасаған адам да ұзаққа бармады. Полиция тергеп-тексере келе, жас қыз бен анасын айуандықпен өлтірген қаскөйді тез құрықтады.

Екі адамның өмірін қиған ер адам мектепте мұғалім болған көрінеді. 30 жастағы қаскөй үйге баса-көктеп кіріп, алдымен әйелді кірпішпен ұрып өлтірген. Содан кейін 10-сынып оқушысына азғындық жасаған. Қызды соққыға жығып, зорлық көрсетіп жатқанын көршілері естіп, үстінен түсіпті.
Оқиға куәгері былай дейді: «Терезеден қарадым, бағанағы дүңкілдеген дыбыс тоқтады. Өздері шығар деп қайтып кетіп жатқанымда, терезенің тұсына барғанда қыздың дауысы шықты. Не болса, ол болсын деп жүгіріп кеп кіргенімде мені ұрды. Сол құшақтаған күйде ұстап тұрған едім, жұлқынды. Сүріндім де светті жағуға әрекет жасадым. Ол мына жаққа басын тықты да қашты».

Марқұм Зарипа Нарымбетова 45 жаста еді. Үш қыз өсіріп, екеуін тұрмысқа берген. Өзі мектепте аспаз болып жұмыс істеген екен. Ел аман, жұрт тынышта екі адамнан айрылған әулеттің жақындары күдікті осы елді мекендегі жалғыз білім ошағында дене шынықтыру пәнінен сабақ берген дейді. Бұған дейін 30 жастағы азамат 10-сынып оқушысына қырындап, соның салдарынан жұмыстан қуылғанын айтады.
Қаза тапқандардың туысы Гүлжан Байболатова: «Сен менің қызымды тыныш қой. Бұл мектеп оқушысы, 15 жаста. Ол кезде 14-те болған қызымыз. Сен білдей мұғалімсің. Менің қызымды тыныш қой деп айтқан. Милицияға берем деген уақытта «сіз бермеңіз, өз еркіммен жұмыстан кетемін» деп, әке-шешесі де жалынған жеңгеме. Наша қолданатын бала екен», – деді.

Полиция осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Күдікті қазір қамауда. Терегу әлі жүріп жатыр.
Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков: «Полиция Түркістан облысының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды», – деді.
Қылмыс жасағандар ешқашан жазадан құтылмайды. Өйткені қылмыс бар жерде, жаза бар.

Талап Тілеген

25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары