
«Кең болса, кем болмайсың» деген атам қазақ. Жүрген жеріңде жоқ-жітікке қол ұшын созып, қайырымдылық жасау – ата-бабадан қалған әдет. Бір-біріне қарауға мұршасы жоқ қазіргі қым-қуыт заманда біреу-міреу қайырымдылық жасапты десе, бөркімізді аспанға атып қуанатын болдық.
Өткенде жаздық, тағы да айта кетейік: біздің елімізде мектепті бұрындары бітіріп кеткен түлектердің туған өлкесіне келіп, қандай да бір қайырымды іс тындырады. Қазақтың салт-дәстүрінен ауытқымайтын Түркістан өңірінде осындай игі дәстүр жалғасын тауып келеді.
Міне, биылғы жылы да әр ауданда түлектер мұқтаж жандарға баспана әперіп, кейбірі туған ауылына спорт кешенін, аялдама немесе аллея салып, ауылдастарын бір серпілтіп тастады. Бұған мысал да жеткілікті.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, Түлкібас ауданында Абай атындағы және Б.Садықов мектебінің 20 жылдық түлектері мұқтаж отбасыға аудан орталығынан қорасы, моншасы, сарайы бар алты бөлмелі үй сыйлады. Жиналған 8 600 000 теңгеге үйге қажетті жиһаз бен техника сатып алыныпты.
Арыс қаласындағы Байырқұм ауылында 20 жыл бұрын бітірген түлектер өздері білім алған мектепке 3 000 000 теңгеге демеушілік жасады. Олар өздері білім алған мектептің алаңқайына тас тротуар төсеп, ескірген оқу үстелдері жаңартты. Сондай-ақ олар мектепке қоғам қайраткері, белгілі ақын Мұхтар Шахановты арнайы шақырып, кездесу ұйымдастырыпты.
Шардара ауданына қарасты, Қоссейіт ауылдық округіндегі «Сырдария» жалпы орта мектебінің 1986 жылы туған 2003 жылғы түлектері көп балалы отбасыға үш бөлмелі тұрғын үй тарту етті. Бұдан бөлек, Ордабасы ауданындағы Төрткүл елдімекенінде тұратын 1985-1986 жылғы туған түлектер төрт баласы бар жалғыз басты анаға үй салып берді. Баспананың құрылысы наурыз айында басталып, бүгінде үй иелеріне берілді.
Игі дәстүр аясында Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің түлектері бір отбасын жарылқады. 1985-1986 жылғы тумалар тұрмысы нашар отбасына асарлатып үй салып берген. Саңғырлаған үш бөлмелі тұрғын үйді 40-қа жуық түлек жабылып тұрғызды. Атымтай жомарт жандар 2003 жылы Лесбек батыр елдімекенінде орналасқан №39 Л.Жолдасов атындағы жалпы орта мектебін бітірген. Баспананың құрылысы биыл сәуір айында басталып, қазір үй иелеріне табысталды.
Бірлік ауылдық округінің азаматтары №57 Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 2003 жылғы түлектері аллея салып берді. Келеске қарасты Ақтөбе ауылдық округінде №40 Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің 2003 жылғы түлектері қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың құрметіне ескерткіш орнатты.
Жетісай ауданының түлектері де қол қусырып отырмады. Осы ауданға қарасты Мақталы ауылдық округінде мектеп түлектері ауыл жұртшылығына Оңалбек Тастанбекұлы атындағы әмбебап спорт кешенін тарту етті. Бұған дейін ауылда заманауи спорт кешені болмаған екен. Ауыл тұрғындары спорт кешенінде күрес, бокс, ауыр атлетика және қол күресі сынды спорт түрлерімен жаттығуға мүмкіндік алды. Әсіресе, ауыл жастары үшін бұл – тамаша сыйлық.
Кентауға қарасты Байылдыр ауылына 2003 жылы бітірген түлектер ауыл тұрғындарына жаңа аялдама тарту етіпті. Аялдама электр жарығымен жабдықталып, жылдың төрт мезгіліне арнап салынған.
Созақ ауданында екі отбасы үйлі болды. Аудан орталығында Т.Әлімқұлов атындағы мектеп-лицей интернаты мен А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектепті бітіргеніне 20 жыл болған түлектер Шолаққорған ауылының тұрғыны, көп балалы отбасына жаңа баспана сыйлады. 15 сотығы бар жер телімінде көкөніс, бау-бақша өсіруге болады.
Сондай-ақ Таукент кентіндегі І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебін 20 жыл бұрын тәмамдаған түлектер көп балалы, жалғыз басты анаға көпқабатты тұрғын үйдің бірінен пәтер сатып әперді. Екі баспана да асхана және үйге қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Пәтер кілті табысталған мұқтаж отбасы ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтерді паналауға мәжбүр болыпты. Өздеріне үй сыйлаған қолы ашық, қайырымды азаматтарға алғысы шексіз.
Түлектердің мұндай тартуы — өңірдегі қайырымдылық және ауылдың гүлденуіне үлес қосу мақсатындағы іс-шаралардың азғантай бөлігі. Киелі Түркістан жерінде алдағы уақытта да қайырымдылық марафоны жалғасатыны сөзсіз.
Айдос Құсайынұлы