
Біздің елімізде соңғы жылдары қалыптасқан бір жақсы дәстүр бар. Мектеп түлектері оқуы жылы аяқталғанда бас қосып, біліммен сусындаған алтын ұя – мектебіне барып, бір қауқылдасып қалады. Әрі мұндай кездесудің көбі қайырымдылық жасаумен аяқталады. Түркістан өңірінің түлектері де осындай игі дәстүрден кенде емес.
Биылғы оқу жылы аяқталғанда аймақтағы ауыл-қаланың бәрінде есейіп кеткен түлектер тағы да жиналды. Айталық, Шардара ауданындағы Қоссейіт ауылдық округіндегі «Сырдария» жалпы орта мектебін 2003 жылы бітірген түлектер биыл «жиырма жылдықты» атап өтті. «Көп түкірсе – көл» дегендей, олар тез арада жылу жинап жіберіп, көп балалы Марат Жүнісов деген азаматқа үш бөлмелі тұрғын үйді сыйға тартты. Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, сауапты да салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев арнайы қатысып, баспаналы болған отбасын құттықтады. Ал түлектерге аудан әкімінің атынан Алғыс хат табыстады.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Құрметті Қоссейіт ауылының тұрғындары, қадірлі түлектер! Міне, сіздердің бірлесе ұйымдасқан игі істеріңіздің арқасында бір отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенеліп отыр. 20 жылдық түлектерге бүкіл аудан халқының атынан алғыс білдіреміз. «Елім, жерім» дейтін азаматтар осындай сауапты істің басы-қасында болады деп білемін. Ал бүгін үйлі болып жатқан отбасына бақ-береке, амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!- деді.
Өз кезегінде ауыл ақсақалдары мен бірқатар ел ағалары өз ыстық лебіздерін білдіріп жатты.

Созақ ауданындағы түлектер де қалысқан жоқ. Шолаққорған ауылы және Таукент кентіндегі қос бірдей мұқтаж отбасы аяқ астынан қоныс тойын тойлады. Аудан орталығындағы Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп-лицей интернаты мен Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептерін бітіргеніне 20 жыл болған түлектер мұқтаж жандарға жаңа баспана тарту етіп, кілтін табыстады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков осындай сауапты іске ұйтқы болған түлектерге жылы лебізін білдіріп, арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген ауданы әкімі: «Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Қайырымды болу – адамның болмысына біткен ізгі амал. Еселі еңбектерімен елдің құрметіне, көптің ыстық ықыласына бөлене білген түлектерге шынайы алғысымды білдіремін»,- деді.
Шолаққорған ауылында берілген жаңа үй асханамен және үйге қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Су, жылу сияқты коммуналдық желілері жүргізілген. Жер учаскесі де кішкентай емес, 15 сотық. Шарбақпен қоршалып, қосалқы шаруашылықты дамытуға және бау-бақша өсіруге мүмкіндік бар.
Ал Таукент ауылында берілген баспанада қажетті жабдықтар бар, оған қоса орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Осындай сауапты істің басы-қасында жүрген азаматтар баспанаға мұқтаж жандарды өздері тауып, ұйымдастырған.

Оқу жылы аяқтала салысымен, 1 маусым – балалар күні аталып өтетіні мәлім. Бұл күні де қайырымды жандар аянып қалмайды. Мәселен, Шардара ауданына қарасты Ұзыната ауылында тұратын бір кәсіпкер кішкентай балақайларды жарылқауды жөн көріпті. Жеке кәсіпкер Даулет Бектасов «Қуаныш» балабақшасына түрлі ойыншықтарды үйіп тастады.
Осы шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев балаларды құттықтап: «Өмірде бүлдіршіндердің қуанышына жететін бақыт жоқ деп білемін. Бала — болашағымыз. Бүгінгі мерекеге орай бүлдіршіндерді қуантып, «Қуаныш» бөбекжайына ойыншытар тарту етіп отырған Даулет бауырымызға алғыс білдіремін. Сонымен қатар балалардың тәрбиелі, қуанышты күйде өсуі балабақша ұжымына тікелей байланысты. Сондықтан Баларды қорғау мерекесі — балаларды тәрбиелеуші жандардың да мерекесі. Бүлдіршіндеріміз үлкен азамат болып, еліміздің тұтқасын ұстайтын тұлға болсын», — деді.
Бұл күні балақайлар өз өнерін ортаға салып, «Қуаныш» балабақшасы шаттыққа бөленді.
Айдос Құсайынұлы