jasqazaq.kz

Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

25 маусым 2025, 16:42

Ағын су – ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Әсіресе, Түркістан өңірі сияқты ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақта бұл мәселені ұдайы назарда ұстау қажет. Түркістан облысында биылғы вегетациялық маусым жауын-шашынның аздығынан күрделі жағдаймен басталғанымен, әкімдік тарапынан қолға алынған жүйелі шаралар өңірдегі суару жүйесінің тұрақтылығын сақтап қалуға мүмкіндік беруде. Түркістан облысында егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету маусымы қалыпты жағдайда басталды. Алайда жауын-шашын мөлшерінің аздығы, ауа температурасының жоғары болуы су тапшылығы қаупін күшейтуде. Бұл туралы өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен сөз болды.

Облыста ауыл шаруашылығы дақылдары биыл 890 мың гектарға егілді, оның 552 мың гектары – суармалы алқаптар. Егістікке қажетті су көлемі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сұранысына сәйкес босатылып отыр. Вегетациялық кезең басталғаннан бастап суды реттеу аудан әкімдіктері мен шаруалар арасындағы келісім негізінде арнайы кестеге сай жүргізілуде.
Облысқа жыл сайын 4,8 млрд текше метр су қажет. Алайда биыл ауа райының күрт өзгеруіне байланысты су қорының 30 пайызға дейін қысқару қаупі бар. Бұл әсіресе облыстың оңтүстік аймақтарында – Мақтарал, Жетісай, Шардара аудандарында сезілуі мүмкін. Су көздерінің басым бөлігі көрші мемлекеттер аумағынан келетінін ескерсек, трансшекаралық тәуелділік жағдайды күрделендіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен үнемдеу технологияларын ұлттық басымдық ретінде айқындап, бұл бағыттағы жұмыстарға ерте қамдану қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар – осы тапсырманың нақты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Жағдайды тұрақтандыруға арналған нақты қадамдар жүзеге асуда. Мәселені оңтайлы шешу мақсатында бірқатар жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынуда. Бұл «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 27 мың гектарға енгізілмек. Жоспарланған межеден асып, 59 мың гектарға жеткізу көзделуде. Қазірдің өзінде 46 мың гектар алқапқа су үнемдеу жүйесі орнатылған. Машиналық су көтеру каналдары арқылы қосымша 11,3 м³/сек су берілуде. Бұл «Достық» магистралды каналының биылғы төмен көлемін (28,6 м³/сек) ішінара теңгеруге бағытталған.
Сонымен қатар 25 су қоймасы, 1 су реттегіш және 269 канал күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл су жүйелерінің тозу көрсеткішін 76 пайыздан 50 пайызға дейін төмендетуге сеп болады. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, жыл сайын 200 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілмек.

Ағын суды заңсыз пайдаланушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдануда. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы облыстағы су нысандарына тұрақты тексеру жүргізіп, осы күнге дейін 20 құқық бұзушыға хаттама толтырып, айыппұл салған. Шардара ауданы прокуратурасымен бірлескен рейд барысында 24 заңсыз су сорғы құрылғысы анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Осылайша, биылғы маусымдағы күрделі гидрометеорологиялық жағдайға қарамастан, Түркістан облысы ағын суды басқару, сақтау және тиімді пайдалануда жүйелі шаралар атқаруда. Су инфрақұрылымдарын жаңарту, үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және бақылау тетіктерін күшейту арқылы өңірдің агросекторы ағын су тапшылығын еңсеруге қауқарлы болып отыр.

JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде