jasqazaq.kz

Түріктің ақылды һәм қуатты қалқаны

Бүгін, 12:54

Өткен жетіде Қазақстан мен Түркия арасында өзара достық пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейін паш еткен бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Солардың қатарында қорғаныс өнеркәсібіндегі серіктестікті дамытуды көздейтін келісім де бар. Бұған сәйкес, «АНКА» ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын және оларға сервистік қызмет көрсететін бірлескен кәсіпорын құрылады. Мұны бауырлас елмен осы саладағы қарым-қарынасты өркендетуге бағытталған қарымды қадам деп бағалаған жөн. Бұлай дейтініміз, әлемдік әскери доктрина конвенциялық (дәстүрлі) қару-жарақтан дрон сияқты ақылды құралға бет бұрды. Соған орай, елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Қарулы Күштерді технология мен инновацияның замануи үлгілерімен жабдықтауға айрықша мән беріп отыр. Ал жоқтан бар жасаған Түркияның осы саладағы озық тәжірибесі көпке ортақ. «Jas Qazaq» оқырманға түріктің мәшһүр ұсталары мен өнертапқыштарының қолынан шыққан бірегей туындылар туралы шолу мақаланы ұсынады.

Жуырда Ыстамбұл шаһарында халықаралық «SAHA -2026» (қорғаныс, әуе күштері және ғарыш өнеркәсібі) көрмесі өтті. Әдеттегідей, мүйізі қарағайдай компаниялар, білікті де білгір мамандар басқосты. Қорғаныс жүйесіндегі ең үздік үлгілер көрсетілді. Дейтұрғанмен, биылғы көрменің айтулы жаңалығы бар. Американдық «Al Monitor» жазғандай, түріктің тосын дүниесі дүйім жұрттың назарын баурап алды. Ол — 6 мың шақырымға жететін құрлықаралық «YILDIRIMHAN» баллистикалық зымыраны. Таяу Шығыстағы оқиғаларға терең талдау жасайтын әлгі басылым мұны Анадолыдағы әскери өнеркәсіптің тамаша туындысы деп бағалады. «Al Monitor» түріктің жойқын қару жасауда өзгелерден озып кеткен АҚШ, Ресей, Қытай сияқты алпауыттармен үзеңгі қағыстыруға мықтап бел буғанына да тоқталды.

Енді сынақтан өтетін зымыранның тұмсығында Түрік Республикасын құрған Мұстафа Кемал Ататүріктің қолы мен сұлтан Баязит ханның мөрі бейнеленген. «Yıldırım» түрік тілінде «найзағай» деген мағына береді. Қияндағы қарсыласына әп сәтте жетіп, тұтқиылдан тап беретін ұшқыр қимылы, әбжіл әрекеті үшін Осман патшалығының билеушісін «Йылдырым Баязит» деп атаған. Бұл Режеп Тайип Ердоған басқаратын биліктің өткен тарих пен бүгінгі заман арасындағы алтын тамырлы сабақтастыққа қалтқысыз құрметін паш етеді. Түріктің тұңғыш ұшқышсыз әуе аппаратын «Anka» (Самұрық) құсымен, соғыс ұшағын «KAAN» (қаған), танкті «Altay» (Алтай), ал оның моторын «Бату» деп атауы да бекер емес. Бұған қоса, кейбір ұрыс және мұнай-газ барлау кемелері де мәшһүр теңіз қолбасшыларының есімін иеленген. Мұндай көзқарас тарихи тұлғаларды ұлықтауға, өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге қызмет ететіні айтпаса да түсінікті.

Құрлықаралық қару, сөз жоқ, түріктің қару жасау өнеріндегі биік белесі. Мұны күні кешеге дейін күнгейдегі көршісін қатарлас деп санамаған кәрі құрлықтағылар мойындай бастады. Ыстамбулдағы «Hürriyet» газеті неміс басылымына («Die Welt») сілтеме жасай отырып, Германияның осы зымыранды сатып алуға ниеті бар екенін хабарлады. Егер рас болса, бұл жөнінде әңгіме алдағы шілде айында Анкарада өтетін НАТО саммитінде өрбуі мүмкін.


НАТО демекші, Солтүстік Атлантикалық одақ төңірегіндегі алып-қашпа әңгіме, әсіресе, Еуропадағы ірі мемлекеттерді қауіпсіздік қамын күйттеуге, әскери шығынды көбейтуге мәжбүрлеп отыр. Шығанақтағы шырғалаң, Пентагонның неміс жерінен 5 мың жауынгерін әкететінін мәлімдеуі жаппай қарулануға бетбұрысты жылдамдата түскендей. Таяуда соғыс одағының штаб-пәтері орналасқан Бельгияның патшайымы Матилда министрлері мен кәсіпкерлерін (400 адам) бастап Түркияға келді. Арнайы «Baykar» компаниясына қарасты «Өздемир Байрактар Ұлттық Технологиялық Орталығына» барып, бүгінде ғаламдық брендке айналған ұшқышсыз ұшу апппараты «Байрактар», «Акынжы» (Осман қолындағы шабуыл жасағының атауы), ұшқышсыз соғыс ұшағы «KIZILELMA» (қызыл алма) сияқты әскери ғылымның озық үлгілерімен танысты.

Қорғаныс министрі Тео Франкен (Theo Francken) зерттеу мен жетілдіру технологиясын («AR-GE») мен инновациялық тапқырлықты қабырғалы қағидатқа айналдырған «Baykar-дың» НАТО шеңберінде теңдессіз екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ЖИ-дің шексіз мүмкіндігін алдымен пайдалана білген компания ұшқышсыз соғыс ұшағын жасауда әлемде көш бастап тұр. Бұған «KIZILELMA» айқын дәлел. Ыстамбулдағы көрмеде «Baykar» мен Индонезияның «PT Republik Aero Dirgantara» компаниясы арасында осы ұшақтың 12 данасын сатып алу жөнінде келісім жасалды. Айта кетейік, бұл — ақылды аппараттың мұндай жүйесі бойынша алғашқы мәміле.

Кейінгі қарулы қақтығыстар көрсеткендей, енді әскерге дәстүрлі қарудан гөрі (ұшақ, танк, зеңбірек) адам шығынын азайтатын дрон мен оған қарсы жүйеге тапсырыс берушілер көбейді. Түркиялық қорғаныс сарапшысы Арда Мевлүтоғлуның пікірінше, ұрыс тактикасының өзгеруіне орай, армия, қауіпсіздік күштері және барлау қызметі тарапынан ең озық жобаға деген сұраныс күн сайын өзгеріп жатыр.

Қазіргі биліктің мемлекеттік деңгейде қолдауы мен инновацияға айрықша көңіл бөлуінің арқасында елдің қорғаныс өнеркәсібі сан-салалы жүйеге айналды. Түркия қазір өнімнің бір түрін өндіріп қана қоймай, жоғары деңгейдегі ғылыми ізденіс, архитектуралық шешім және жобалаудың кешенді жүйесін ұсына алады.
Илон Маск сияқты алып қиялды ақиқатқа айналдырып, тосын әрі бірегей туындыны ұсынған Селжүк Байрактар – сол «Baykar» компаниясының Басқарма төрағасы. АҚШ-тағы Пенсильвания және Массачусетс университеттерінде ұшқышсыз аппараттар бойынша тәлім алған. Елге оралып, оқыған-тоқығанын таңғажайып жобаға айналдырды. Өнертапқыш-кәсіпкердің айтуынша, әлемдік базардағы мұндай аппараттың 60 пайызы түріктерге тиесілі.

ЖИ-ге негізделген ақылды қару бүгінде Анадолының қуатты қалқаны, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныстың берік кепілі. Сонымен қатар, қыруар табыс көзі. Режеп Ердоған атап өткендей, былтыр қорғаныс өнеркәсібі экспортынан мемлекет қазынасына түскен қаржы 10 млрд доллардан асты. Ал өткен айдағы көрсеткіш — 962 млн доллар. Ел президенті әлгі көрмеде осы деректі келтіре отырып, «23 жыл бұрын жылдық экспорты 248 млн долларды құрайтын Түркия қазір бұл межеге шамамен бір аптада ұласатын халге жетті», — дейді.

Айта кеткен жөн, бұрын құрал мен жабдықтың небәрі 20 пайызы Түркияда өндірілетін. Қалғаны сырттан әкелінетін. Әскери кәсіпорындар көбіне НАТО тапсырысы бойынша қару-жарақтың бір бөлшегін ғана жасайды. Қайбір жылы журналистік сапармен осы елге барғанда F-16 ұшағының тек сыртқы сауытын жасайтын зауытты аралап көргенбіз. Моторы мен электронды жиһаз сияқты бөлшекті өзгелер өндіреді екен.

Бір қызығы, Анкараның сыртқы саясаты мен батыл ұстанымы жақпай қалса, осы әскери бірлестіктегі одақтастары эмбарго жариялап, санкция салады. Ондай кезде қорғаныс импорты сап тыйылады. Мұндай жағдай, Кипр аралындағы қандастарға көмекке келгенде, НАТО-ның ымырасыз қарсыласы — Ресейден S-400 әуе қорғанысы кешенін сатып алғанда анық білінді. Тіпті 1 млрд доллардан асатын ақысы төленіп қойса да, соғыс ұшағын (F-35) бермей қойды.

Міне, сондай қауіпсіздікке қатер төнген қысылтаяң шақта түріктер ұлттың зияткерлік қабілетіне, ақыл-ой мен ілім-білімге жүгінді. Жоқтан бар жасады. Мазасыз аймақта орналасқан елде әскери өнеркәсіптің іргесі қаланды. «ASELSAN» (Әскери электрондық өнеркәсіп) құрылды. Орайы келгенде айтайық, бұл компания «Қазақстан Инжинирингпен» бірлесіп, елімізде электронды-оптика бұйымдарын, пандемия кезінде қат дүниеге айналған өкпені жасанды жолмен желдету апппаратын шығарады. Жергілікті ұсталар «милли мұхарып» (ұлттық ұрыс) ұшағын жасап шығарды.

Одақтастар теріс айналып, шөміштен қағылған сол бір тағдыршеш кезеңді еске алғанда Ердоғанның «Ұрылардың арқасында үйлі болдық» (Hırsızlar bizi ev sahibi yaptı) дейтін халық нақылын тілге тиек ететіні бар. Ауыспалы мағынада қолданылатын бұл тәмсіл қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген ғибратты сөзін еске түсіреді. Өзіне, ұлттың ақыл-парасаты мен қарым-қабілетіне сүйенген бүгінде Түркияның тағылымды тәжірибесі, шын мәнінде, өзгелерге үлгі-өнеге.

Срайыл Смайыл

Бүгін, 12:54
Түріктің ақылды һәм қуатты қалқаны
19 мамыр, 19:10
Елімізде алғаш рет Алтын Ордаға қатысты халықаралық архив құжаттары ұсынылды
19 мамыр, 14:58
Мемлекет басшысы: Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет
19 мамыр, 14:29
Әуе рейстеріне ҚҚС алып тасталса, ұшақ билеті арзандай ма?
19 мамыр, 12:50
В Сарыагашском районе три населённых пункта обеспечат природным газом
19 мамыр, 12:38
Туркестан: Началось строительство современного аквапарка
19 мамыр, 12:32
Туркестан: В школе «Келешек» представили экологический проект
19 мамыр, 12:24
В Туркестане разъяснили порядок налогообложения мобильных переводов
18 мамыр, 15:02
В Туркестане стартовал первый в Центральной Азии проект по искусственному увеличению осадков