Түңілмесін, Күлімдесін Тәңірберген

04 ақпан 2022, 11:14

Қоңыраттан шыққан Байбөрі деген байдың бір перзентке зар болғаны баяндалатын қиссаны оқыған боларсыз. Тоқсан мың қорасы, сексен мың түйесі, тоғай-тоғайды ен жайлаған жылқысының сан жетпейтіні жырға арқау болады. Сексендегі селкілдеген байдың бар қайғысы артында қалатын мыңғырған малы мен дүние-мүлкіне ие болар перзентінің болмауы. Әулие-әмбие аралап, мойнына бұршақ салып, Жаратқаннан жалбарынып көзінің жасынан көл тұрған Байбөрінің бәйбішесінің пұшпағы қанап бір ұл, бір қыз туады. Алпамыс пен Қарлығаштың қандай қасиетті болғаны жырдың ішінде айтылады. Біз бүгінге оралайық.

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіні шарлаған бір сурет қоғамды тағы бір сілкіп алды. Жирен шашты ақ сары бүлдіршін. Жас шамасы екінің ар жақ, бер жағы. Ағашпен айнала қоршалған төсегінің жақтауынан тас қып ұстап телміре қарап тұр. Он екі мүшесі бүтін, дені сау періштенің көзіндегі орасан сағынышы қоғамның көңілін босатып жіберді.

Бала құқығын қорғау ұйымдары мен қоғам белсенділерінің, жалпақ жұрттың дүрк көтерілетін де жөні бар. Расында да, бала кімдікі? Ата-анасы бар ма? Болса қайда жүр? Бес айдан бері аурухананы паналаған бала туралы әлеуметтік желіге жазылмаса, шаруасы шеткері қала бере ме? Сауал көп.

Бұл балақай Алматыдағы №2 балалар ауруханасына өткен жылдың қыркүйек айында түсіпті. Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері әкелген. Қасында өзін баланың әкесімін деп таныстырған ер адам болған. Бірақ баланың өмірге келгенін растайтын туу туралы куәлігі жоқ. 1985 жылы туған Жамбыл облысының азаматы Мейірбек Тілепбаевтың айтуы бойынша, оның әйелі баланы тастап кеткен. Өзі қаланы қара тартып, жұмыс іздеп келеді. Баланы жетектеп көшеде жүргенде полицияның көзіне түседі. Баласы №2 ауруханаға жатқызылған соң әкесі құжаттарды рәсімдеймін деп сол кеткеннен мол кеткен.

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рүстем Әбдірахманов әлеуметтік желідегі парақшасына жазба жариялап, балаға туу туралы куәлік рәсімделгенін жеткізді. Қалалық полиция департаменті жауапты адамдарына аманаттап, бүлдіршінді тиісті мекемеге орналастыруды қолға аламыз деді. Балалар ауруханасының заңгері тиісті мекемелер араласып, заң жүзінде шешіліп, балалар үйіне табысталады деді.

Бес айдан бері аурухана қызметкерлерінің қарауында қалған балақайдың есімі Тәңірберген екен. Су жаңа туу туралы куәлігінде қашалған дерекке сүйенсек, балақай 2020 жылдың 17 шілдесінде өмірге келген. Қазір ғаламторда ай мен күннің аманында ата-анасынан ажырап қалған бүлдіршіннің «әжесі табылды» деген де ақпарат тарады.

Байбөрі секілді бір перзентке зар болып жүрген жандар қаншама. Отандық медицинаны былай қойып, шетелден ем-дауа сұрап, бақсы-балгер аралап, әулиелі жерге түнеп, бала сүю үшін бәріне де барады. Ал біреулер Жаратқанның берген сансыз байлығы, ерен қазынасын, асқан құрметтісін алаңсыз тастап кете береді. Ауруханада көгенделіп қалғандай бес ай бойы жатқан баланың анасы қандай күйде, әкесінің тұрақты жұмысы бар ма, тұрмыстық әлеуеті қаншалықты, ол жағы әзірге беймәлім.

Байбөріні бекерге мысал етті дейсіз бе. Жалпақ тілге жатық боп, жылы естілетін ЭҚҰ-мен бала көтеріп, мемлекеттен бөлінетін квотаға қолы жетпей қалтасынан қыруар қаржы шығындап, әрең аяғы ауырлағанда түсік тастаған шерлі жандарды да көріп жүрміз. Бас құрап отау тіккеніне он жылдан асса да, шырылдаған шарананың дауысын естуге зар жандар да жетерлік. Содан ғой ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы халыққа арнаған Жолдауында арнайы бағдарлама түзіп, ЭҚҰ-ға бөлінетін мемлекеттік квотаны бірден жеті есеге арттыруды тапсырғаны. Былтырдан белі елде «Аңсаған сәби» мемлекеттің арнаулы бағдарламасы арқылы қаншама шаңырақтың ішінде шаттық орнап, береке байсал тауып келеді. Статистика бойынша, еліміздегі әрбір алтыншы жанұя бала сүюге зар. Қандай қасірет ә, әрбір алтыншы жұп қан жұтып, Жаратқаннан жалбарынып бала сүйе алмай, жәутеңдеп ауруханада қалған періштеге жете алмай жүр.

Кішкентайынан тастанды атанып, тірі жетімнің кебін киген Тәңірберген ғана емес. Баласын әжетханаға тастап кеткен, балалар үйінің ауласына аманаттап қалдырған, тіпті қоқыс жәшігінен де бейкүнә сәби табылған қатыгез, мейірімсіз, безбүйрек келбетімізден.

Қуаныш Рахмет

27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»