
Ақтөбеде болған нөсер жауынның салдарынан 7 үй су астында қалған. Су деңгейінің көтерілгендігі сонша аулалардағы су көлемі шамамен 5 метрге жеткен – деп хабарлайды BAQ.kz.
Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар комитетінен ҚазАқпарат тілшісіне комитеттің баспасөз хатшысы Руслан Иманқұлов мәлімдеген.
Оның айтуына қарағанда №3 мектеп-гимназиясы мен «Самал» балабақшасының жертөлесі де су астында қалған.
«Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында 24 шілде сағат 13:30-дағы жағдай бойынша, 7 үй (су деңгейі шамамен 5 см) мен 47 аула аумағын (су деңгейі шамамен 10 см) басты. №3 мектеп-гимназиясы мен «Самал» балабақшасының жертөлесі тасқын сумен толып кеткен. Қазіргі уақытта тартылған қызметтердің күшімен 4900 текше метр су сорылды. Жұмыс жалғасуда», — деді Р.Иманқұлов.
Оның ақпараты бойынша, 8 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың 4-уі — балалар. Тұрғындар қонақүйлерге жайғастырылды. Жергілікті атқарушы органдар оларды орналастыру бойынша жұмысты толық ұйымдастырды.
Төтенше жағдайды жоюға ТЖД-нің 49 қызметкері мен 7 техника, 6 су сору құрылғылары, сонымен бірге жергілікті атқарушы органдардың қатарынан 20 адам тартылып, 4 техника мен 2 су сорғыш іске қосылды.