
Түріктің “Togg T10X” деп аталатын отандық тұңғыш электромобилінің алғашқы екеуінің кілті Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен әйелі Эмине Ердоғанға тарту етілді. Олар көлікпен жүріп көріп, ұлттық жобаның басы-қасында болғандарға алғыс білдіріп, тұтас түрік халқын құттықтады.

Сарапшылар бұл Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен жетістік деп бағалауда. Ердоған салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде «Барлығымыз түрік халқының 60 жылдан бері келе жатқан асыл арманының жүзеге асуының куәсі болдық»,-деді. Сондай-ақ ол Togg Түркияның технологиялық, экономикалық дамуының және жаһандық беделінің символы екенін атап өтті.

Отандық көліктердің және екі данасы Әзірбайжан және Өзбекстан басшыларына тарту ретінде жөнелтілді. Бакуге жеткен түрік бауырлар шығарған көлікті алғашқы шетел мемлекетінің басшысы ретінде тізгіндеп көрген Ильхам Әлиев Ердоғанды әлеуметтік желідегі аккаунты арқылы құттықтап үлгерді.
Түріктер отандық көлікті асыға күтті. Togg-тың бағасы ақпан айында жарияланып, алдын ала тапсырыстар беріле бастады. Алты түсті болатын көліктердің C-SUV, C-X COUPÉ, C-SEDAN, S-SUV, C-MPV деген атаумен бес моделі шығарылады. Togg көлігінің бағалары моделі мен күшіне қарай 935.000 лирадан бастап (шамамен 21 700 000 теңге) 1.215.000 лира (28 196 000 теңге) аралығында.
Отандық көлікке бір айдың ішінде рекордттық деңгейде 177 мың тапсырыс түскен. Алайда, алғашқы жылы бар-жоғы 20 мың дана ғана шығарылады. TOGG компаниясының басқарма төрағасы Гүржан Каракаштың айтуынша, 2030 жылға қарай бір миллон көлік шығару жоспарланып отыр. Оған толық негіз бар көрінеді. Атап айтқанда, Бурсада 1,2 млн шаршы метр аумақты алып жатқан ең соңғы технологиялармен жабдықталған өндіріс орны әр 3 минут сайын 1 көлік құрастырып шығара алады. Яғни заманауи зауыт 175 мың электркар шығаруға қауқарлы. Қазір 1400 кісі жұмыс істейтін өндіріс орны алда олардың санын 4 мың 300-ге жеткізбек.
Жаңа буын технологиясына негізделген көліктер 2024 жылдың күзіне қарай Еуропа нарығына сатылымға шығарыла бастамақ.
Түркияның 81 өңірінде көлікті қуаттайтын 1000 қуаттағыш құрылғы орнатылмақ. Арақашықтығы 25 және 50 шақырам сайын қойылатын арнайы стансалардан электркөлікті 180 КВ ve 300 КВ болатын құрылғылар арқылы шамамен жарты сағатта қуаттап алуға болады.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған да алдағы жылдары мемлекеттік банктер арқылы халықтың отандық көліктергі қолжетімділігін арттыру үшін жеңілдетілген несиелер беру де қарастырылатынын айтты.
Жалпы, TOGG (Türkiye’nin Otomobili Girişim Grubu) деген сөз яғни аббревиатура. Қазақшаласақ, «Түркияның Автомобилі Іскерлік Тобы» деген сөздердің бас әріптерінің жиынтығы. Бұл топ 2018 жылы түріктің бірнеше ірі компанияларының ортақ мақсатқа жұмылуы арқылы құрылды.
Ержан Төлек