
Финалдық бәсекеде отандасымыз Василий Левитті жеңген ресейлік бокшы Евгений Тищенко, төрешілердің қателігі дәлелденсе, қарсыласынан кешірім сұрауға дайын екенін айтты.
«Спорт-Экспресс» жазғандай Е. Тищенко: «Мен ұтқан не ұтпағанымды өзім де түсінгем жоқ. Оны менің секунданттарым да білген жоқ. Егер мен әділетсіз жеңген болсам, онда қарсыласымнан кешірім сұраймын» — деді.
Айта кетсек, Тищенко 91 кг салмақ арасындағы финалдық бәсекеде күмәнді басымдықпен жеңіске жеткен еді. Төреші оның қолын көтергенде залдағы жанкүйерлер Ресей спортшысына қарсылық білдірген еді.
Кейінірек Тищенко төрешілердің жеңісті оған беруінде, белгілі себептің болғанын айтты.
Сондай-ақ, боксшының Ресей президентінің күзет қызметінде жұмыс істейтіні мәлім болды.