
Соңғы кездері отандық кәсіпкерлердің Ресей шекарасынан өз өнімін өткізуі қиындап бара жатыр. Ал Еуразия экономикалық одағының келісімшарттары бойынша мұндай мәселе туындамауы керек болатын.Әйтсе де, ресейлік кеденшілер отандық кәсіпкерлердің тауарын терістік көршімізге өткізбей, әртүрлі кедергі жасап бағуда. Осы және кеше ғана сөз болған мешіттегі орысша уағыз мәселесі бойынша Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиновтің пікірін білген едік.
Жас қазақ: Күні кеше Ресей шекарасындағы өткізу бекетінде тағы бір бақылау жүйесін енгізіп отырғанын депутаттық сауал ретінде көтердіңіз. Мән-жайды толық түсіндіріп беріңізші…
Берік Дүйсенбинов: Ресей өз шекарасына тағы да бір бақылау жүйесін енгізіп, елімізден келетін тауарларды тексеріп жатыр. Бұл деген сөз бақылау жүйесінің рұқсатынсыз тауарды Ресей аумағына кіре алмайды дегенді білдіреді. Алайда бір қызығы, аталған бақылау жүйесінің жұмыс тәртібін ешкім білмейді. Ал соның салдарынан отандық жүк тасымалдаушылар шекарадан өте алмай, шығынға батып жатыр. Өйткені, олар таситын тауардың ішінде тез бүлінетін өнімдер бар. Ал ондай шектеу Еуразия экономикалық одақ аясындағы келісімге қайшы. Аталған одақ аясында бәріне бірдей жағдай жасау шарты қарастырылған. Алайда бүгінде Ресей жағы біздің тауар өндіруші үшін бір кедергіні енгізіп отыр. Ол – карантиннен кейінгі ескерту жүйесі.
Шыны керек, отандық жүк тасымалдаушылар аталған жүйенің жұмыс тәртібі туралы көп жағдайда білмей жатады. Себебі Ресей жағы ол жайында xабардар етіп отырмайды. Түсіндіру жұмыстары да жүргізілмейді. Сосын ондай жүйе шекараның бір бекетінде болса, екіншісінде болмауы мүмкін. Содан, жүк тасымалдаушы қайтып бұрылып, шекара бойымен бақылау жүйесі бар бекетті іздеуге мәжбүр болып отыр.
Ал өздеріңізге белгілі Қазақстан-Ресей шекарасының ұзындығы 7,5 мың шақырым. Оның бойында ондаған өткізу бекетінің бар екенін ескерсек, жүк тасымалдаушылар үшін бұл тиімсіз. Себебі олар таситын тауардың ішінде тез бүлінетін өнім бар.
Жас қазақ: Депутаттар кәсіпкерлер мәселесін жиі көтереді. Алайда неге Ресей тарапынан отандық кәсіпкерлерге кедергі тоқтамай отыр?
Берік Дүйсенбинов: Кәсіпкерлер тарапынан әртүрлі шағым түседі. Мәселен, осы жолы Кәсіпкерлер палатасы ұсыныс айтқаннан кейін, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап отырмыз. Себебі қазір күз мезгілі болғандықтан, отандық кәсіпкерлер Ресейге ауыл шаруашылығы тауарын көптеп апарып жатыр. Әйтсе де, ауыл шаруашылығы тауары Ресейге өте алмай, шекарада шіріп кетудің алдында тұр. Ал бұл мәселе Еуразия экономикалық одағының құжаты бойынша шешіліп қойған болатын. Екі ел шекарасында ары бері өтуге арналған 51 пунк жұмыс жасайды. Аталған жерден ресейлік кәсіпкерлер ешқандай кедергісіз өтіп, өзінің жұмысын жүргізіп жатыр.
Ал өзіміздің кәсіпкерлер отандық өнімін Ресейге апарайын десе, әр түрлі кедергіге ұшырайды. Біз Еуразия экономикалық одағының тең мүшесі болғандықтан, кәсіпкерлердің құқығы тең қорғаулы керек деп есептейміз. Бірақ Ресей федерация болғандықтан әр аймақ өзінің талап-тілегін қойып отыр. Шын мәнісінде, Ресей өз кәсіпкерлерінің құқығын қорғап, біздің тауарды өздеріне кіргізбей жатыр. Егер Ресей кәсіпкерлерімізге кедергі келтіріп отырса, біздің тараптан да оларға қарсы жұмыс жасалуы керек.
Жас қазақ: Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадыңыз. Енді бұдан қаншалықты нәтиже күтесіз?
Берік Дүйсенбинов: Депутаттар осындай күрделі мәселеге үкімет пен халықтың назарын аудартып отыру керек. Өйткені, бұл тек қана жүк тасымалдаушы компанияның мәселесі емес, бүкіл еліміздің мәселесі. Сондай-ақ қазіргі таңда еліміздегі көлдердің асты қытайдың балық аулайтын ауына толып кетті. Соның салдарынан су астындағы балық қырылып жатыр. Бұл көзге көрінбейтін мәселе болғанымен, біле білген адамға ұлттық проблема. Күні кеше осы мәселені біздің партияның мүшесі депутаттық сауал етіп көтерді. Осыдан кейін ауыл шаруашылығы министрі балықты аумен ұстауға тыйым салды. Шекарадағы мәселе дәл осы сияқты шешіледі деп үміттенемін.
Жас қазақ: Күні кеше дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «мешітте орыс тілінде уағыз айтылуы мүмкін» – деп мәлімдеді. Сіз осыған қалай қарайсыз?
Берік Дүйсенбинов: Олжас Сүлейменов шығармаларын орыс тілінде жазу арқылы қазаққа көп пайда әкелді деп ойлаймын. Бұл – бір. Екіншіден, мешітте уағызды орыс тілінде айтпас бұрын, бір қатар мәселені шешіп алу керек. Менің ойымша, мешіттерде уағызды қоғамға аты белгілі, беделді адам айту керек секілді. Қазір Мәжілісте экстремизм мен терроризмге қатыстызаң жобасы қаралып жатыр. Аталған заң жобасында айыптының мүлкін тәркілеу сияқты мәселе қарастырылған. Бірақ біз әлі күнге дейін экстремизмнің себебімен емес салдарымен күресіп жатырмыз. Жұмыссыз қалып, өз-өзіне сенімсіз болып қалған жастар мешітке келіп, құдайдан көмек сұрайды. Міне, сол адамға қай тілде уағыз айтылса да, елге беделді азамат уағыз айтуы керек. Мәселен, кейбір кезде мешіт имамдары басқа ағымда жүрген адамнан таяқ жеп жатыр деген хабар келеді. Имамның беделі болмаса, уағызды қазақша айта ма, жоқ, әлде қытайша айта ма, оны ешкім тыңдамайды. Сондықтан да мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек.
Сұхбаттасқан
Серік Құдайбергенұлы