Тамшыдан құралған тасқын

29 сәуiр 2022, 11:45

Көктемнің көкөзек шағында табиғаттың тосын мінезі Түркістан облысындағы Қазығұрт және Сарыағаш аудандарының халқына да жайсыз тиді. Төпелеп жауған нөсер жауыннан сел жүріп, оңтүстіктің бір емес, бірнеше ауылын су басты.

Қазығұрт ауданындағы 4 ауылды және Сарыағаш ауданының бір елді мекенін нөсер жаңбырдан кейін сел алған. 50-ден астам үйдің ауласын, 18 үйдің ішін, 1 тойхана, бірнеше шаруашылық нысанды қызыл су жайпап өте шықты.

Қазір жергілікті тұрғындар ауласы тұрмақ, үйдің ішіне кірген лайсаңды тазалап әлек. Небәрі 40 минут жауған нөсер бірнеше ауылды әбігерге салып қойды.

Қызыл су қайдан келді? Сарапхана ауылының тұрғыны Нұрғали Қоңыратбаев шырылдап отыр. Өйтпегенде қайтеді, қорадағы қой-ешкісін тасқын су ағызып әкетсе. Нұрғалидың айтуынша, бұл ауылдың іргесінен автокөлік жолы салынған.

Сол кезде бұрын өзен аңғарының бойына, жолдың астынан қазып салынған арнаның көзін бітеп, басқа тұстан суағар құбыр салып берген. Бірақ ол өзен аңғарының өзегінен тым қиғаш көрінеді. Толассыз жауған жаңбыр суы сай-сайды қуалап келіп, автожолдың астынан өтер арнаның бітелуінен көзін таппай жиналып қалған.

Әп-сәтте қорадағы малынан айырылған Нұрғали Қоңыратбаев: «Автожолдың астынан суағар құбыр жасаймыз дегендер бұрынғы орынға емес, басқа жағынан өткізіп берді. Бұл болмайды, ертеңгі күні сел жүрсе, ауылды су басады деп қақсаудай-ақ қақсадым. Аудан әкімі де, ауыл әкімі де болды сол кезде, бірақ ешқайсысы тыңдамады» дейді. Жер жағдайын жақсы білетін жандармен жол салушылардың ақылдаспауы, кеңесіне жүгінбеуі осындай келеңсіздікке әкеп соқтырып отыр. Зардабын да сол баяғы қарапайым халық, орта шаруа тартады мұндайда.

Жергілікті атқамінерлер 400-ге жуық уақ мал қырылғанын айтты. Басқа да шығын көлемі есептеліп жатыр. Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаменті мамандары су басқан ауылдардан 50 адамды қауіпсіз жерге шығарып, туыс-туғандарының үйіне жіберген. Қара саннан келген қызыл судан алдымен қой мен ешкі шығынға ұшыраған. Әсіресе, Сарапхана ауылының тұрғындары 150-ден аса уақ малынан айырылып отыр. Сарыағаш ауданына қарайтын Қақпақ ауылында да тасқын су ағызып әкетіп, қырылған қой-ешкінің саны 200-ге жетті.

Ауа райын болжайтын мамандар су басқан ауылдарда бір күннің ішінде жаңбырдың бір айлық нормасы жауғанын айтады. Аяқ астынан болған апаттан кейін жедел желі іске қосылып, тұрғындардан қандай да бір хабар түссе, әбжіл іс-әрекет етудің қамын да ойластырған екен.
Біз Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылының әкімі Тұрғара Әбдіқасымға телефон соғып, мән-жайды білдік.

Тұрғара Әбдіқасым, Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылының әкімі:

«2022 жылдың 24 сәуірінде кешкі сағат 17:25-те басталған жауын 18:05-те саябырлады. Осы 40 минутта жауған нөсер жаңбырдың салдарынан Сарапхана ауылының Жібек Жолы көшесі және біздің ауылдық округке қарайтын Жіңішке ауылындағы Жіңішке, Абдуллаев көшелерінің бірнеше үйлерінің аулаларынан сел жүріп өтті. Жалпы Сарапхана ауылдық округіне қарасты 18 үйдің аулаларына су кірді.

Бір үйдің мал қорасына кіріп, қорадағы қой-ешкілер өлді. Нақтылай айтқанда, сай-салалардан жиналған жаңбыр суы өзеннің ескі арнасына жиналып ағып, Жібек Жолы көшесіндегі №118 үйдің тұрғыны Нұрғали Қоңыратбаевтың мал қорасын басып, қорадағы уақ малдан 157 бас шығын болды. Келтірілген шығынның мөлшері есептеліп жатыр.

Төтенше жағдайға байланысты құрылған комиссия құрамында ауыл округі әкімі аппаратының қызметкерлері, ауыл округінің төбе биі, аудан әкімі аппаратының қызметкері, ауыл округінің учаскелік полиция инспекторы, ауыл округі мал дәрігерлік пунктінің меңгерушісі, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы бар. Міне, осы азаматтар тасқын судан келген залалдың шығынын есептейді.

Тұрғын үйлердің ауласынан аққан сел үйлердің ішіне өтпеді. Әйтеуір, тұрғын үйлер тұруға жарамды, баспанасыз қалған адамдар жоқ.

Соңғы 25 жылда мұндай алапат тасқын Сарапхана ауылында болған емес. Табиғаттың құбылысы ғой, бір сағатқа жетпей жауған жаңбырдан сай-саланы қуалай аққан қызыл су басы біріге ауылдағы өзеннің ескі арнасымен аққан. Сарапхана ауылында 761 отбасы бар, тұрғындардың дені мал бағу және егіншілікпен айналысады».

Төтенше жағдайға байланысты құрылған комиссия мүшелері шаруаны жеделдете атқарып, шығынның өтеуін межелі мерзімде іске асырады деп сенім артамыз. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев комиссия мүшелеріне тапсырма беріп қана қоймай, өтемақының уәделі уақытта төленіп, бүлінген дүниенің бүтінделуін қатаң бақылауына ұстаса, құба-құп. Қаперде ұстайтын тағы бір жәйт: қарапайым тұрғындардың қорасындағы малы несиеге сатып алынуы мүмкін. Шығынға батқан адамдарды қаржы ұйымдары қыспаққа алмаса екен.

Ауыл әкімі айтқандай, егіншілікпен һәм төрт түлік өсірумен тіршілігін тұтатып отырған ағайын үшін «малым – жанымның садағасы» қашанда. Кезіндегі жөнсіздіктен енді жанының садағасы суға кетіп отыр.

Қуаныш Бажақ

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді